Алматының үздік ұстаздары қала әкімі Бауыржан Байбектің қолынан бағалы сыйлық алып, марапатталды.
Қалабасының қабылдауына қырықтан астам мұғалім шақырылды. Түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда топ жарған, ғылыми жоба жазып жетістікке жеткен оқушылардың сынып жетекшілері мен оқытушыларына құрмет көрсетілді.
– Білімді ұрпақ тәрбиелеу мемлекеттік саясаттың басты талабы ғана емес, еліміздің асыл мұраты. Өйткені, еліміздің келешегі кемел біліммен сусындаған жас толқынның қолында. Бұл мақсатқа жету жолында мұғалімнің атқаратын еңбегі ұшан-теңіз. Осы кездесуге шақырудағы мақсатымыз – таяуда ғана атап өткен кәсіби мерекелеріңізбен тағы бір құттықтау, әрі озық шәкірт тәрбиелеп отырған үздік ұстаздармен жақын танысу еді. Ұстаз алдында ұлық та бас иген. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Әкімдік тарапынан алматылық ұстаздардың біліктілігін арттыруға, әлеуметтік қорғалуына толыққанды жағдай жасалып отыр. Бұл бізге Елбасы жүктеген міндет, ел күткен нәтиже ретінде жауапкершілік жүктейді, – деді жиында қала әкімі Бауыржан Байбек.
Бүгінде Алматы қаласы еліміз бойынша білім алушылардың ең көп шоғырланған орталығы болып табылады. Шаһарда арнаулы, орта және жоғары білім беретін 834 білім ордасы жұмыс істейді. Олардың екі жүзден астамы мемлекеттік мектеп болса, 43 мектеп жекеменшік санатында. Сондай-ақ, мегаполис мектепке дейінгі тәрбие беретін мекемелердің саны жағынан рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Биылғы дерек бойынша қаладағы балабақшалардың саны 502-ге жеткен.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы
Суретті түсірген
Самат Құсайын