• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
11 Қазан, 2016

Мәдени мәйек, өскелең өнер

415 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысының Астанадағы күндері «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылы» деген тақырыппен өтіп, бірқатар әлеуметтік, мәдени шараларды қамтыды. Бұл облыс – еліміздің ірі өндірістік аймағы. Онда түсті металлургия, машина құрау, жеңіл және ағаш өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индустриясы қарқынды дамы­ған. Елордадағы «Көрме» орталығында ұйым­дастырылған тауарлар көрмесінде облыстың жауапты өкілдері мұны астана­лықтарға көрсете алды. Көрмеге сатып алу мүмкіндігімен об­лыс­та шығарылған көптеген тауарлар қойыл­ды. Атап айтқанда, панты өнімдері, бал, ми­нерал сулар, киіз аяқ киімдер, жей­де­лер, түр­лі жұмыс киімдері, қолөнер және әше­­кей бұйымдары, ағаштан жасалған кәде­сый­­лар мен ойыншықтар, құрылыс заттары келу­шілерге ұсынылды. Сонымен қатар, көрмеге келу­шілер биылғы жылы облыстың 5 көне ес­керт­кішіне жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерімен де танысты. «Азия авто» акционерлік қоғамының 8 автокөлігі мен тұңғыш қазақстандық электромобиль көрмеде тестік сынақтан өтіп, жұртшылықтың қызығушылығын туғызды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, облыста ресейлік үлгімен қатар корей және француз үлгісі бойынша да көліктер құрас­тырылуда. Көрмеге қатысқан облыс басшысы бұл көліктердің сапасы жоғары дәрежеде екенін айтты. «Рас, бізде көлік­тердің сапасы уақыт озған сайын жақсарып келеді. Бірақ, бұл өзгелермен бәсекелестік тура­лы ұғым туғызбауы тиіс. Біз өз шама­мыз­ды білеміз. Екі жылдың көлемінде жүзе­­ге асуы тиіс бес жобаны қолға алдық. Сол бойынша әлемдік компанияларға сапа­сы жо­ғары бөлшектер ұсына алсақ, ол біз­дің жетіс­тігіміз болмақ» – деді облыс әкімі. Бұл күні және ертеңіне елордадағы бас­қа да нысандарда Шығыс Қазақстан об­лы­сының мәдени шаралары өтіп жатты. Ұлт­тық музейде облыстың екі танымал музейінің қорынан алынған бейнелеу өнері шығармалары қойылып, «Шығыс Қазақ­станның суретшілері. Уақыт портретіне штрихтар» деген тақырыппен сурет көрмесі ұйымдастырылды. Онда Ержан Тұрғанбаев, Николай Яковлев, Николай Аштема, Анна Несина, Марат Жүнісов, Әлібек Шоқанов, Талғат Тәтиев және басқа бірқатар сурет­шілердің карти­налары қойылды. Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің қабырғасында Өске­мен қаласындағы облыстық драма театры К.Людвигтің «Жұлдызды сәт» спектаклін сахналаса, Жастар театрында Семейдегі Абай атындағы Шығыс Қазақстан об­лыс­тық драма театры Ф.Достоевскийдің «Дядюшкин сон» қойылымын көрсетті. Шығыс Қазақстан облысының күндері Ә.Қашау­баев атындағы облыстық мем­лекет­тік филармонияның «Шұғылалы Шы­ғыс» концертімен қорытындыланды. * * * Астанадағы Қарағанды облысы күндері аясында да сән-салтанаты келіскен мәдени шаралар өтіп жатты. Соның бірі – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітап­ханасында өткен шара. Елбасы кітап­ханасына Қарағанды облысының әкімі Нұр­мұхамед Әбдібеков «Сарыарқа кітап­ханасы» сериясымен шыққан 100 том кітапты сыйға тартты. Сондай-ақ, шара барысында Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Кітап – кітапхананың жаны. Оның қоры толыққан сайын ұлттың рухани қазынасы нығайып, барша оқырманның игілігіне жарайтын білім көзіне айналады. Бұл орайда үш ғасырды сөйлеткен 100 том кітап­тың да орны бөлек. Бұқар жыраудан басталып қазіргі ақын-жазушыларға дейінгі аралықта 352 автордың еңбегін қамтитын бұл көптомдық елордадағы «Фолиант» баспасынан шығарылған. Әрбір томның таралымы 800 кітаптың айналасында. Салтанатты шараға мемлекет және қо­ғам қайраткерлері, зиялы қауым өкіл­дері, көркемөнерпаздар ұжымдары қатыс­ты. Шара соңында қонақтар Елбасы кітапхана­сы­ның жәдігерлерімен танысып, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің өнерін тамашалады. Ал ертеңіне Оқушылар сарайында С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры көрермендерге Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» спектаклін ұсын­ды. Сондай-ақ, Бейбітшілік және келісім сарайының фойесінде Қарағанды облы­сының тәуелсіздік жылдарындағы жетістік­терінің көрмесі ашылды және «Нұр Әсем» сән үйінің ұлттық киімдер топтамасы көрсе­тілді. Қарағанды облысының Астанадағы күндері Бейбітшілік және келісім сарайында облыстың өнер майталмандарының гала-концертімен аяқталды.  Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»