• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2011

Апта айшықтары

361 рет
көрсетілді

ГЕНЕРАЛ РАҚЫМОВТЫҢ ЕСІМІН АЛДЫ Қазақ халқынан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымов – Оң­түстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылының тумасы. Ұлттың басына түскен нәубет заманда анасымен Өзбек­стандағы нағашыларының қолына өткен Сабыр Рақымовты көпке дейін көрші өзбек халқы меншіктеп келген. Ұлт асылы өз елінде ардақталуы керек. Жақында ономас­тика­лық комитеттің ұсынысымен қала орталығындағы Шараф Рашидов көшесі енді Сабыр Рақымов көшесі болып өзгерді. Қала әкімі А.Жетпіс­баевтың осы шешіміне тұрғындар разылықтарын білдіріп жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН. Шымкент. * ** ЕУРОПА ӨКІЛДЕРІ  ӨҢІРДЕ БОЛДЫ Еуропа құрлығындағы ең үлкен саяси партия саналатын Халықтық партия делегациясы Қарағандыға арнайы келіп, облыстағы партиялар мен қозғалыстар, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерімен кездесті. Меймандарды облыс әкімі Серік Ахметов қабылдап, аймақтың эконо­микалық-әлеуметтік жағдайымен таныстырды. Делегация мүшелері Қазақстанда қандай игілікті жұмыстар атқары­лып жат­қанынан хабардар екендігін айтты. Еуропаның 26 елінің 45 саяси пар­тиясы ұжымдық мүше ретінде тартылған ұйымның мемлекеттер ара­сын­дағы байланысты нығайту, демократиялық үрдістерді тереңдету бағы­тын­дағы іс-шаралары баяндалды. Алдағы уақытта мұн­дай кездесулерді жиірек өткізіп тұруға ниет білдірілді. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды. * * * ӘҢГІМЕ ӨЗЕГІ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛЕС Облыстық әкімдік, «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалы және «NADLoG» жергілікті үлесті дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ Елба­сының және Үкіметтің тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу­дағы қазақстандық үлесті арттыру бойынша тапсырмаларын жүзеге асы­ру аясында қазақстандық үлесті дамытуға арналған аймақтық форум өткізді. Форумда компаниялардың келісім-шарттарды орындау, «Табиғат пайдалану операцияларын жүргізу және оларды өндіру кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар және қызметтер  тізімі» ақпараттық жүйесінің ерекшеліктері, қазақстандық үлесті есептеу әдістемесін жетілдіру мәселелері  тал­қыланды. Аймақтық форум шеңберінде тауар өндірушілердің көр­месі ұйымдастырылды. Көрмеде 40 кәсіпорын өз тауарларын, қыз­меттерін ұсынды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы. * * * АЙТБАЕВТАР ӘУЛЕТІНІҢ ӘН КЕШІ Қызылжар өңірінде Тәуелсіздіктің  20 жылдығына арналған мәдени шаралар басталып кетті. Оның  шымылдығын  Айтбаевтар әулеті ашты. Бұл өнерпаз отбасыны республика жұртшылығы жақсы таниды. Ағайынды Ербол, Жанат, Талғат, Қайрат – ән мен күйден түрлі конкурстардың лауреаттары. Астанадағы өнер академиясының түлегі, Қайрат Байбосыновтың шә­кірті Жанат 7 жылдан бері Мағжан елінде қазақтың дәстүрлі әнін талмай на­сихаттап келеді. Осы жылдар ішінде «Шабыт» халық­аралық фес­ти­валі­нің лауреаты атанып, Естай Беркімбаев атындағы І республикалық бай­қаудың жүлдесін жеңіп алды. Ол өзінің алғашқы шығармашылық кешін биыл кеңінен аталып өтетін ел мерейтойына арнады. Өнерсүйер қауым қайта-қайта қол соғып, оған үлкен қошемет көрсетті. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы. * * * ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АҒАРТУ ОРТАЛЫҒЫ Атырауда «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты жұмыс жасағалы көп  бола қойған жоқ. Дегенмен, мұндай резерваттың қажеттігі байқалып отыр. Өйткені, резерват директоры Елемес Рахметовтің айтуынша, жұртшылықтың экологиялық мәдениетін арттыруға басым бағыт берілген. Өткен аптада резерват басшылығы Жайық-Каспий су бассейнінің сағалық атырабы мен жағалауында балық шаруашылығын тұрақты дамыту стратегиясын  жұртшылыққа таныстырды. Бұл басқосуда ерекше қорғалатын табиғи аумақта экологиялық туризмді дамытудың перспективалары мен проб­лемалары да қозғалды. «Қазір Атырау және Батыс Қазақстанның эколо­гия­лық ағарту орталығын ашудың жұмыстары қолға алынды. Мақсат – ерекше қорғалатын аймақтарды, сирек кездесетін аң-құстарды қорғауды барынша кеңінен насихаттау», дейді резерват директоры Елемес Рахметов. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * * Туберкулезбен күрес тоқтамайды Денсаулық және саламатты өмір салты орталығы облыста  «Туберкулезбен күрес тоқтамайды!» деген атпен құрт ауруына қарсы кең ауқымды акция бастады.  Өйткені, осы  жұқпалы дертке қарсы жұмыс қанша күшейтілгенімен, оны біржолата жою мүмкін болмай отыр. Дәрігерлер  мен мамандар акция шеңберіндегі семинарлар мен пайдалы кеңестер беру жұмыстарын жастардан бастады. Өйткені, балалар мен ересектерге қарағанда жасөспірімдер осы  қауіпті дертпен көп ауырады. Дәрі­гер­лер жастарға жұқпалы ауруға қарсы күтіну, оның белгілерін дер уа­қы­тында анықтау жөнінде кеңестер берді. Облыстағы туберкулезге қарсы емдеу орын­д­арының жұмысымен таныстырды. Акция бір ай бойы жа­лғасатын болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай. * * * АПАЛЫ-СІҢЛІЛЕР АУЫЛҒА БАРАДЫ Өткен аптада облыс орталығындағы мемлекеттік педагогикалық инс­титутта жас мамандарды ауылға шақыратын бағдарлама аясында  оқу ор­ны мен аудандар әкімдіктері арасында кездесулер басталды. Алғашқы болып қала іргесінде тұрған Павлодар ауданы өкілдері келді. Әрине, қала іргесінде тұрған ауылдарға баруға жастар ынталы. Ауданның 4 студенті әкім грантымен білім алуда. Былтыр бұл ауданға 53 жас маман барса, биыл да дәрігер, мұғалім, мал мамандары қажет көрінеді. Солардың ара­сында   мұғалім мамандығы  дипломын алатын апалы-сіңлілі Нұрсұлу, Күн­сұлу Қайырбековалар өздері туып-өскен осы ауданға бармақшы. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.