• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2011

«Еуро-5»: Қазақстанда бола ма, жоқ па?

416 рет
көрсетілді

Еліміз Кедендік Одақта көлік отынының сапасы бойынша көшбасшыға айналуы керек Мұнай және газ министрлігі жақында Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытының үшеуін де заманға сай қайта жабдықтау ту­ралы шешім қабылдады. Бұл өте күрделі де жауапты міндет, сондықтан оны орындау үшін мәселені жан-жақты әрі мемлекеттік тұрғыдан қарастыру керек – бұл «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ басқарушы директоры Серік Баймұханбетовтің пікірі. – Серік Ғабитұлы, осы жобаға бай­ланысты Сізге жүктелген міндеттер қандай? – Мұнай өңдеу саласын заманға сай жабдықтау салалық бағдарламасы – бұл өте жауапты стратегиялық жоба болып табылады. Мені осы сала маманы ретінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының бас­­шылығы аталмыш жобаға тәуелсіз сарап­шы ретінде қатысуға шақырды. Біздің мін­детіміз – экономика қажет­ті­лігі тұрғы­сы­нан жобаны техникалық-экономикалық терең сараптан өткізу. Бұл дегеніміз – аса жауапты міндет бо­лып табылады: мұнай өңдеу зауыттарын қайта жабдықтау жай­лы айтқанда за­уыт­тың алдағы көптеген жылдар бойы шы­ға­ратын өнімі ең ал­ғашқы «құры­лы­сына», оның таңдап алған техноло­гия­сына тікелей байланыс­ты бо­латынын жадымыздан шығармауы­мыз керек. Сон­дықтан, ең алдымен, ал­дағы уақытта рынокты терең маркетингтік сараптан өткізу қажет. Біз жағдайды сараптай отырып, Үкіметке өткізілетін есеп­теулер мен болжамдық бағалаулар­дың шынайы болуына көп көңіл аудардық. – Сонда қандай қорытындыға кел­діңіздер? – Кез келген өндірістік жобада бар­лығы жоспарлы маркетингтік сараптамадан басталады, ал ол экономиканың ішкі қажеттілігін бағалауға да, сонымен қатар осы саланың әлемдік үрдісіне, экспорт пен импортқа да байланысты болады. Қазақстан – мұнай өндіретін держава. Бізге өз жұмысымызды біздің үш мұнай өңдейтін зауытымыздың үшеуі де сағат сияқты еш тоқтаусыз, ең көп жүкте­ме­мен ішкі рынокқа да, экспортқа да ең жоғары сапалы жанармай жеткізе оты­рып жұмыс істейтіндей етіп есептеп жос­парлау керек. Сонымен қатар техно­логиялық тұрғыдан олардың, мысалы, мұ­най сапасының өз­геріп тұратын көр­сет­кіштеріне байланыс­ты болмауы да маңызды. Бұл – мемле­кеттің энергети­ка­лық қауіпсіздігі болып табылады. Мұнай өңдеу зауыттарын қай­та жабдықтау ісінде дұрыс та пайымды ше­шім қабылдау үшін рынокты жан-жақ­ты әрі объективті түрде сараптамадан өт­кізу қажет. Бізге Қазақстан қандай мұнай өн­ім­дерін және қанша мөлшерде пайда­лана­тын, дағда­рыс­тан кейін әлем рыногы қалай қарай жылжитынын, біздің кедендік одақ бой­ынша серіктестеріміздің қуат-күші және қажеттілігі қандай екенін анық білу керек. Сондықтан мұнай өңдеу за­уытта­рын қайта жабдықтау ісінің маркетингтік бағдарлауын жүргізетін сарап­та­ма­лық компаниялар бұл іске аса мұқият болғаны жөн. Алайда, біздің жұмысы­мыз­дың барысында шетелдік сарапшы­лар дай­ындаған есепті ақпараттар бұл та­лаптарға сай келмейтіні анықталды. Он­ың сыртында онда көптеген қателік­тер­дің де бар екендігі белгілі болды. Ры­ноктың көптеген стратегиялық саласын­да кү­мән­ді мәліметтердің берілгені ан­ықталды, олар бүгінгі күннің өзінде-ақ шындыққа үйлеспей отыр. – Мысалы? – Мысал ретінде республика бой­ын­ша дизель отынының қолданылуын болжау туралы қорытындыны келтірейік. Бізге негіз ретінде алуға ұсынылып от­ыр­ған ҚР мұнай өнімдерінің рыногын маркетингтік тұрғыдан зерттеу бойынша 2020 жылға дейін дизель отынын қол­да­ну мүлдем өспейді де, мөлшері жылына тек 5,8 млн. тонна ғана болады деп кү­тілуде. Алайда, ҚР Көлік және коммуникациялар ми­нис­трлігінің ресми деректері бойынша тек «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» транзиттік дәлізінің аясында ғана және респуб­ликаның иннова­ция­лық-индустриялық өн­­дірісінің пәрменді дамуы арқасында 2020 жылдың өзінде-ақ жылына 7 млн. тонна дизель қажет болады. Осыдан келе сала­лық министрліктер мен мекемелердің ресми ес­ептік болжауын ескере отырып, жылына 5,8 млн. емес, ең кем дегенде 9,0 – 9,5 млн. тонна деңгейінде болады деп бол­жауы керек. Біздің Қазақстанда бүгінгі күннің өзінде-ақ жыл сайын дизель жанармайын қолдану 10 пайызға өсіп отыр. Сонымен біз 2010 жылы дизельді қолдану 2009 жылмен салыстырғанда бір жылда 0,4 млн. тоннаға өскенін, ал ол жыл бойынша 10-11 пайыз болатынын көреміз. Ал осы сияқты сәйкессіздік­терді біз көптеп кездестіреміз. – Мұндай жағдайлардың орын алуына не себеп? – Менің ойымша мұндай дәлсіз­дік­тер­дің кезігуі алға қойылған мәселені ше­шуді дұрыс қарастырмаудан. Олай деу­дің себебі, 2009 жылы Шымкент мұ­най өңдеу зауытын жаңаша жабдықтау үшін техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) жасалған болатын. Алайда, бастапқыдан-ақ біздің мамандардың қа­те­лігі тәуелсіз объективті ТЭН дайын­дай­тын тапсырманы орындаушыны таң­дау болды, өйткені осы шетелдік ор­ын­даушы сонымен бірге технологияның лицензиары да еді. Әлемдік тәжірибеде мұндай жағдай болмайды, өйткені мүд­делі лицензиар үшінші бір тұлғаға өзінің технологиясын пайдаланып ТЭН дай­ын­дауға ұсыныс жасамайды. Міне осындай негіздер және маркетингтік зерттеулер­дің дұрыс болмауына, сонымен бірге ұсынылған қорытындылардың еліміздің ұлттық экономикалық мүддесіне сай келмеуіне байланысты 2009 жылы тех­ни­калық кеңестердің бірінде ТЭН қайта­дан қаралсын деген шешім шығарылды. Осыдан кейін зауытты қайта жаб­дық­тауға жауапты тұлғаларға 2010 жы­лы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорынан ТЭН-ді қайтадан қарау туралы тапсырма берілді және мұнай өнімдерінің рыно­гын­дағы жаңа тренд пен мұнай өңдеу саласында алдыңғы қатарлы әлемдік технологияларды пайдалануды ескере отырып, маркентинг бойынша жаңадан есептемелер дайындау тапсырылды. Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарын қайта жабдықтау үшін ТЭН дайындауға бағытталған ҚР мұнай өнімдерінің ры­но­­гын маркетингтік жаңаша зерттеуді қа­зақ­стандық жақтың тапсырысы бой­ын­ша шетелдік сараптама тобы дайындады. Ол зерт­теу тапсырманы орындаушы ком­па­­ния­ның есебінен көрінгендей, Қазақ­стан жеріне келмей-ақ, яғни, рыноктың ағым­дық жағдайымен таныспай-ақ жасал­ған. Ес­ептің кіріспе бөлімінде былай деп ата­лып өткен: «осы зерттеуді жүргізген кезде осының алдындағы зерттеу кезінде жи­нақ­талған ақпараттарға сүйендік», яғни жаңа ТЭН дайындаушы алдындағы қайта қарастырылған ТЭН материалдарын қол­дан­ғанын жасырмайды. Ал мұнда шетелдік сарапшылардың кінәсі жоқ. Осы орайда мынадай қызықты жәйт байқалды: сараптаушы компанияның техникалық ескірген құжаттың, яғни 2009 жылы компания-лицензиар дайындаған ТЭН мәлі­мет­терін негізге алуды ұсынған бір тармақ қо­сылған екен. Ал осындай көлемдегі мемлекеттік жобаларда мүдделі жақтың сараптамасын қолдануға мүлдем болмайды! Көріп отырғанымыздай, жаңа тәуелсіз ТЭН дайындау мүмкін болмады. Керісінше, атап өткеніміздей техникалық тапсыр­мада сарапшыларға қайтадан ескі ТЭН мәліметтерін негіз ретінде алу ұсынылды. Бұл қандай мақсатпен жасалды? Бұл жерде не біліктілік төмендігі немесе ел бас­шылығы мен «Самұрық-Қазына» әл-ау­қат қорының тапсырмалары мүлдем ескерілмейді. Себебі не екенін білу бұл мүл­дем басқа мәселе, оны әлі зерттеу керек, өйт­ке­ні мұндай үлкен мемлекеттік тап­сы­рысты алғысы келген компаниялар көп еді... – Таратыңқырап айтсаңыз... – Мемлекеттік ірі инвестиция жайлы әңгіме қозғалғанда біреулердің мүдделері­нің қорғалатынын да жоққа шығаруға бол­май­ды. Естеріңізге сала кетейін, мұнай өң­дейтін зауыттарды заманға сай қайта жаб­дықтау үшін алдын ала 1 млрд. АҚШ дол­ла­ры қажет болады. Бұл өте үлкен қаржы, сондықтан бұл мәселеде әлдекім­дер мүдде­сі болатыны анық. Шынында да, неге за­уыттарды заманға сай қайта жаб­дықтауға жауапты менеджерлер зерттеулерді объек­тивті түрде жүргізгісі келмейді, неге ескі мәліметтерді қолдануға ты­рысады. Біз үшін маңыздысы зауыттарды заманға сай қайта жабдықтау біреулердің бір сәттік мүддесіне емес мемлекеттің ұзақ мерзімді қажет­тілігіне сәйкес келуі болып табылады. – Ал сіздің ойыңызша экономи­ка­ның ұзақ мерзімді мүддесі бойынша рынок­тың қандай үрдістері есепке алынуы керек? – Бүгінде біз көптеген факторларды атап өтуімізге болады, соның ішіндегі ма­ңыздыларының бірі – Қазақстанда бүгінгі таңда күннен күнге жанармайдың тым көп мөлшерде шығарылуы. Алайда, мұн­дай жағдай Ресейде де, Еуропада да, Азия­да да байқалады. Оның үстіне дизель оты­нына сұраныс үнемі өсіп отыр. Бұл мұнай өңдейтін өнеркәсіп технологияларында өң­деудің соңғы құрылымында бензиннің үлес салмағының аса жоғары болуына байла­нысты. Ал қазіргі кезде әлемде бар­лық жерде көлік паркінің қауырт түрде дизельге көшуі, бензин моторларының компримирленген газға көшуі орын алуда. Мұның себебін оңай түсіндіруге болады: осы екі отын да бензиннен екі есе арзанырақ. Осы орайда қайта жабдықтау басталмас бұрын, қазірдің өзінде Қазақстанда тым көп мөлшерде бензин шығару және оны экспорттауда қиындықтардың орын алғаны бізді ойға салады. Мұнай өңдейтін зауыттардың өкілдерінің атап өтуінше 2011 жылдың қаңтар айы мен ақпан айы­ның бірінші аптасының қорытындысы бой­ынша Қазақстанның ішкі рыногында бензиннің АИ-92 түріне ұсыныс осы өнім­ге деген сұраныстан біршама артық болып отыр. Барлық ірі мұнай қоймалары мен мұнай өңдейтін зауыттардың қорлары толып тұр. Осы жылдың басындағы ҚР Мұнай және газ министрлігінің мұнай және газ өнер­кәсібі бас диспетчерінің мә­ліметтері бой­ынша тек қазақстандық мұ­най қоймалары мен ҚР мұнай өңдейтін зауыттарында 234 мың. тонна бензин сақ­талуда. Бензиннің бұлай жиналуы тұтыну нормасынан 2,7 есе асады. Қазірдің өзін­де-ақ республиканың көбінесе, бензин өндіруге жұмылдырылған үш мұнай өң­дей­тін зауыты, олар іркіліп қалады деп да­был қағуда, соған байла­нысты зауыттар­дың тұрып қалуға мәжбүр болатыны жай­лы да ескертілуде. Бола­шақта бұл мәселе бұдан да қиын болады, өйткені, зауыт­тар­ды қайта жабдықтауды жоспарлау жағдай­ында және ескі каткрекингті технология таңдауда мазуттың бар мөлшері бензин өндіруге жұмсалады да, осыған байла­нысты сыртқа шығарылуы тиімді емес мұнай өнімнің үлкен мөл­шердегі профициті пайда болады. Егер рыноктың дамуын қарастыратын болсақ, бензинді пайдаланудың артпай­ты­ны қазірдің өзінде көрінеді. 2010 жылы бензин бойынша республиканың мұнай өңдейтін зауыттары оны былтырғы жыл­мен салыстырғанда біршама көп мөлшер­де өндірген, алайда, импорт мөлшері 19 пай­ызға аз болды (яғни, 758 мың. тонна, ал 2009 жылы 925 мың тонна болған) және сыртқа шығару, яғни, экспорт 2009 жыл­мен салыстырғанда (178 мың. тонна) 3 пай­ызға көбірек болды (188 мың. тонна). Осы орайда біз бензинді артық мөлшерде шыға­ру мен оның жинақталып қалуы мәселе­сі­не тірелеміз. Тағы бір себебі, бен­зиннің артық мөлшерін сататын жер жоқ­тың қасы. Ресейде де ол көптеп шыға­рылады, сон­дықтан біздің көршілеріміз – Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан­ның рыногында ресейлік жеткізушілер орын алған. Мұнда бізге жақын орналас­қан Омбы мұнай өң­деу зауыты мен Уфа­лық топтың да үлкен мөлшердегі өнді­рістік көлемін де есепке ала отыру керек, олар аз шығынмен сапалы мұнай өнім­де­рін шығаруда, сөйтіп, бүгін­нің өзінде-ақ қазақстандық нарықта өз өнім­дерін өткізу үшін ойып орын алып, біздің бензинмен бәсекеге түсуде. Ал көрсетілген маркетингтік зерттеуде, керісінше, 2020 жылы Қазақстанда бензинді пайдалану екі есеге артады делінген, сондықтан оны қазақ­стандық мұнай өңдейтін зауыттар көп мөлшерде шығаруы керек. Сол сияқты 2020 жылы Қазақстанда көлік паркінің екі есеге өсетіні жайлы болжам да сенімге сай келмейді. Соларды ескере отырып, зерттеуде дизельді экспортқа шығарудың әлеуеттік мүмкіндіктері есепке алынбаған. Дизель отынының тапшылығы қазіргі таңда Еуропада да, Азияда да өсіп отыр. Мысалы, Қытай ұлттық мұнай компаниясы қаңтар айында 2011 жылдың өзінде-ақ дизель жа­нар­майын жеткізу оған деген қажеттілік­тің күрт өсуіне байланысты дағдарысқа ті­реледі деп хабарлады. CNPC болжамы бой­ынша ҚХР-да дизель жанармайына сұра­ныс ұсыныстан 3,5 млн. тоннаға өседі. Сонымен қатар маркетингте автокөлік­тің табиғи компримирленген газға көшу рыногы есепке ал­ынбаған. Елбасы өзінің шетелдік сапарла­рының бірінен кейін бас­қа елдердегідей бізде неге автокөлікті газға көшіру қолға алынбаған деген сұрақ қой­ды? Газдың бағасы бензинмен салыстыр­ған­да екі есе арзан болып келеді, сондықтан Еуроодақта, ҚХР, Азия елдерінде бұл ры­ноктың қар­қынды дамуы тегін емес. Ел­басының тап­сырмасы бойынша Қазақ­стан­да «Қаз­транс­газ» тобының еншілес бө­лім­шесі – «Қазтрансгаз өнімдері» компания­сы­ның салалық бағдарламасы дайындал­ған еді. Бүгінгі таңда егер Маңғыстау ай­мағын алатын болсақ, мұнда автокөліктің 60-75 пайызы газды пайдалануда. «Қаз­транс­газ» жоспарында жылына нарыққа 400 млн. текше метр мөлшерінде авто­кө­лік­терге сұйытылған газ жеткізу тұр, ал одан ары қарай өндірістің мөлшерін 1 млрд. текше метрге дейін арттыру жос­пар­ланған. Бұл дегеніміз – АИ-92 бензинінің миллион тон­на­сымен пара-пар деген сөз. Көріп отырғанымыздай, автокөліктерді газ­ға кө­шіру бензин жеткізушілерге шын мә­нін­дегі аса үлкен бәсекелес болып табы­ла­ды. Алайда, зерттеу бұл трендті мүлдем ескермейді, көлік газын қолдану өсімі МӨЗ жаңарту бағдарламасына салынбайды. Нарықты маркетингтік жобалауда со­ны­мен бірге майға деген сұранысты да сараптау қажет. Біздің алдымызда Қазақ­станда аса жоғары сапалы мотор майымен және трансмиссиялы маймен қамтамасыз ету деген Президенттің берген міндеттеме, тапсырмасы бар. Негізгі, базалық май – бұл стратегиялық өнім, бұл барлық жағатын майларды өндіруге негіз болатын май. Мұнда бүгінгі күндегідей жүз пайыз импортқа тәуелді болуға болмайды, оның үстіне Қазақстан – аса ірі мұнай өндіретін ел болып табылады. Сонымен бірге бүгін Ресей, Өзбекстан және Түркіменстан аса үлкен мөлшерде негізгі май өндіріп қана қоймай, оларды экспортқа шығарады, со­ны­мен қатар, сапасы жағынан жаңа дең­гей­дегі, біріншіден (ең төмен сапалы) II-ші және III топтағы майларды өндіруге көшті. Соның арасында, қазақстандық МӨЗ жаңартуға жауаптылардың арасында неліктен екені белгісіз, қарапайым тұрғыда минералды деп аталатын сапасы төмен I-ші топ негізгі май шығару керек деген ой туындаған. Олардың ойынша, таяудағы 10-20 жылда бұл майларға сұраныс өседі. Мүлдем түсініксіз қатынас. Біздің көрші­леріміздің өндірісі, керісінше, жоғары топ майларын өндіруді жаңартады, тіпті Түр­кі­менстан мен Өзбекстанда негізгі майдың II-тобын шығаруға көшіп жатыр. Мұның логикасы бар. Ескірген көлік паркін есептен шы­ға­рудың нәтижесінде Қазақстанда да, Ресейде де минералды май тұтыну тез азайып бара жатыр. «Еуро-5» экологиялық стандарттар жиегінде тепе-теңдік бар екендігін ескеруіміз қажет – жанармай мен май бір біріне кластары бойынша сәйкес келуі керек. Ал біздің ресейлік көрші­ле­рі­міз 2014 жылдан бастап өздерінде мұнай өн­імдері бойынша «Еуро-5» стандартта­рын енгізбекші. Бұл 2015 – 16 жылдарда жа­ңар­тудың аяқталуына таман қазақ­стан­дық майларының I-топтары нарық өтіміне экс­портталмайды, ел ішінде де тұтыну азаяды. – Қазақстанда сапасы төмен май өнімін шығару – өткен уақыт белгісі. МӨЗ-ді жаңғыртуда ескі техноло­гия­ны қолдану осы мәселені туындатып отыр­ған жоқ па? – Бұл сұрақтың жауабын мен де білгім келеді. Дегенмен, берілген есептемеге қа­расақ, жағармайлардың экономикадағы сұ­ра­нысы мен бағасы бір біріне сайкес келмегенін көруге болады. Мәселен, жа­нар­май­лардың II және III топтарын Қа­зақ­станда өндіру пайда алып келмеді деген, дегенімен, сол есептеменің өзінде, Азия мемлекеттері, сонымен қатар, Қа­зақ­станда да осы май­лар­ды өндіруге үлкен сұраныс тудырып отыр деп айтылған. Қорыта келгенде, қарама­-қай­шылық көрі­ніп тұр десек те болады. Аны­ғы­рақ қа­расақ, бұл есептемеде МӨЗ жө­нін­дегі сараптамада басқа да қателердің көптігі сонша, оларды газетте жариялаудың ешқан­дай жөні жоқ. Негізі, бұл жерде айта кететін ма­ңыз­ды нәрсе, ол мемлекеттегі мұнай өнімде­рін тұтыну рыногының сараптамасы эко­миканың ұзақ мерзімді стратегиясына сай болу керектігі. Бұл мәселе тек лицен­зиясы бар компаниялардың ғана емес, сонымен қатар Көлік және коммуни­кациялар министрлігі, Индустрия және сауда министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі жә­не Қазақстан Темір жолы сияқты сала­лық мекемелердің негіздемелері мен есептеулері негізге алынуы керек. Қазіргі таң­да біз бұл мәселені негізгі деп санаймыз, өйткені, маңызды страте­гия­лық шешім қа­был­дау үшін, келешекте бұл жөнінде еш­қандай түсініспеушілік және қателіктер орын алмауы үшін. Әйт­песе, қате қа­был­данған шешім мемлекет­тің инвестициясын ескі технологияға жұм­сауға әкеліп соғады. Осының нәтиже­сінде рынокта мұнай өн­імдері мүлдем артып кетеді немесе жетіспей қалуы мүмкін. – Айтпақшы, Еуро-5 технологиясы­ның талаптарына сай болу мәселесіне келсек. Осыдан бұрын, жаңа технология енгізу арқылы жанармай сапасын көтеру жөнінде әрекеттер болған. Мә­селен, Еуро-4 стандартына сәйкес жанармай шығару үшін Атырау МӨЗ-ін жаңарту әрекеттері жасалынған, дегенмен, керек нәтижеге қол жетпеді. Енді, Еуро-5 үлгісіне жету мүмкін бе? – Технология – ол стратегиялық мә­селе. Бізге жанармай өндіру жөніндегі жо­ғарғы сапалы және жаңа технология керек. Со­нымен қатар, бұл технология зауыттар­дың рыноктың сұранысына қарай жанармай тү­рін өзгерте алатындай болу керек. Осындай мәселелер қазіргі таңда «Сам­ұрық-Қазына» әл-ауқат қоры айналыса­тын негізгі міндеттің бірі бо­лып тұр. Сон­дықтан да, бұл мәселе бойын­ша ешқандай қателіктер орын алмауы керек. Бүгінгі таңда біз жоспарлауға деген қи­сынсыз көзқарасты байқап отырмыз. Мұнай өңдеудегі кез келген жобаны дайындау ба­рысында өнделетін мұнайдың кепілдендірілген құрамын білу шарт. Себебі, бұл Ба­тыс Сібірдің жеңіл мұнайы немесе Құм­көл мен Қазақстанның басқа да аймақ­та­рынан өндірілетін парафинді ауыр мұнай болуы мүмкін. Технологияны таңдау осы­ған негізделеді. Егер біз қазір осы мәсе­леде жаңылатын болсақ (зауыт бір мұнай түріне арналған, ал өңдеуге басқа мұнай түссе), МӨЗ-ге жұмсалған мемлекеттік инвестициялар текке кетеді. Қазақстанда мұндай жағымсыз тәжірибенің бар екенін де айта кету керек. 2006 жылғы Атырау МӨЗ-ін жарақтандыруды еске түсіруге болады. Технологиялық құжаттарда зауыт мұнай­дың бір түрін өндіреді деп айтыл­ған, бірақ, нәтижесінде, ол мұнай түрі жеткізілмеді. Шикізаттың жоба параметрлеріне сәйкес болмауының нәтижесінде зауыт талап етілген сападағы мұнай өнімдерін шығармады. «Еуро-4» жанармайы болады деп уәде етілген, ал іс жүзінде зауыт шы­ғар­ған жанармай тіпті «Еуро-2» талапта­ры­на сәйкес келмейді. Ал жобаға мемлекеттік инвес­тициялардың қомақты мөл­ше­рі жұмсалған. Демек, алға қойылған тапсырмалар орын­далмады, сондықтан бұл зауыт қайтадан жаңарту бағдарла­ма­сына енгізілді. Ең қызығы, бұл оқиғадан ешкім қоры­тынды шығармады. Қазір 3 МӨЗ автор­лары дәл осы қателікті қайталауда. Ұсы­ныл­ған ТЭН-де шикізаттың 50 пайызын Ресейлік Батыс Сібір жеңіл мұнайы құ­рай­ды деп көрсетілген. Бірақ Ресейдің ұзақ уақыт бойы мұнай жеткізіп отыра­ты­нына кім кепіл береді? Сонымен қатар өткен жылы Ресей мұнайшылары ресми түрде 2014 жыл­дан бастап Қазақстанға Батыс Сібір жеңіл мұнайының жеңілдік шарттар бойынша берілуі тоқтатылаты­нын хабарлаған. – Қазақстанның экономикалық тұр­ғыдағы мүддесін және отандық мұнай параметрлерін қарастырғанда, қандай технология аса тиімді болып табылады? – Осы сұраққа жауап беру үшін біз ең алдымен қазақстандық мұнай өңдеу са­ла­сының нақты міндеттерін ескере отырып, әлемде қолданылатын технологиялардың салыстырмалы сараптамасын жүргіздік. Негіз ретінде атақты GlobalData халық­аралық компаниясының дайындаған зерттеулері алынды. Бұл өте мықты сараптау тобы болып табылады: оның клиентте­рі­нің арасында тек әлемдік алдыңғы қатар­лы British Gas, BP, World Bank, BASF Corp., корпорациялары ғана емес сонымен бірге белгілі бір үкіметтер де бар. Мы­салы, GlobalData сараптамасын Ұлыбри­та­ния үкіметі де қолданады. Сонымен бірге біз тиімді шешім ұсы­ну мақсатымен белгілі бір технологияны қол­данып жанармай шығарудың өзіндік құны қандай болады деген сұрақты да қойдық, мұнда Еуро-5 нормасы тазалығы жағынан оның алдындағылардан бірнеше есе ар­ты­ғырақ болып келеді. Мысалы, егер Еуро-4 түріндегі жанармайдағы күкірт құ­ра­мының шоғырлануы 50 ppm болса, Еуро-5-те тек 10 ppm ғана болады. Соны­мен бірге күкірттің техникалық көрсеткі­шінің 10 ppm болуын ескі технологиялық қондыр­ғыларда қамтамасыз ету өте қиын, бұған қол жеткізу үшін онда өте көп қосымша шығындар шығуы керек, ал бұл ең соңында келіп өнімнің өзіндік құнын өсіреді. Дегенмен, шетелдік сарапшылар технология­лар­ды салыстыруды тең жағ­дай­да жүргіз­бей­ді. Яғни, сарапшылар әде­йі канткрекингке қажетті қондырғы санын кемітіп көрсе­те­тін сыңайлы. Сол кезде гидрокрекинг процесі қымбатқа тү­сетіндей әсер қалдыра­ды. Оның құрамына «қажет­сіз»: УЗК және гидротазалау сы­ңай­лы қо­сымша қондыр­ғы­лар кіреді. Сөйтіп, олар жалған баға саясатын ұстанамыз деп, қоғам пікірін мемлекет үшін тиімсіз ескі технология жағына бұрады. Заманауи гидрокрекинг процесіне көптеген елдердегі МӨЗ көшіп жатыр. Көшбасшы ретінде әлемнің дамыған елдері келеді, ал Қа­зақстанға, неге екені белгісіз, әлемде үлес салмағы азайып келе жатқан ескі технологиялар қажет екен. Ресейде гидрокрекингтік өндіріс сегіз есеге өсті және мұнай өңдейтін зауыттарды жаңа техноло­гияға сай жаңаша жабдықтауға 12 жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Қазақстанның мұнай өн­ім­дері бой­ын­ша экспорттық әлеуетін са­рап­қа салдық. Біз Қазақстанда өзіміздің мұ­найымыз бола отырып, көптеген сапа­лы мұнай өн­ім­дерін сыртқа шығару тиімді, өйткені олар­дың қосымша құны шикі мұнайдан бірнеше мәрте жоғары болып табылады. Экс­портты жоспарлаған кезде негізгі мәселе зауыттарды қалай жұмыс­пен толықтай қам­тамасыз етуге болады, сөйтіп, мұнай өңдеу секторында мол пайда табу деген мәселе. Біз дизельдік жанармай, авиакеросин мен майлар ең тиімді экспортқа ба­ғытталған, стратегиялық мәні бар және тұ­рақты түрде дүние жүзінде жоғары сұ­ранысқа ие болатын өн­імдер болып та­бы­лады деген қорытын­ды­ға келеміз. Қарап көріңізші: Еуропада дизель тапшылығы байқалады, ал Вуд Макинзи (Wood Mac­kenzie), компаниясының мәліметтеріне сай 2015 жылға қарай бұл тапшылық 20 пайызға дейін жететін бола­ды. Азия на­рығында да сұраныс әлі толық қанағат­тан­дырылған жоқ. Сонымен қатар, осы аймақтардың барлығында бензинді шамадан көп өндіру байқалады. Оның мөл­шерден тыс болуы артуда, өйткені, көлікті «дизелдендіру» үрдісі кең таралуда. Со­ның нәтижесінде, гидрокрекингке қызы­ғу­­шылық артуда, мұнда мұнайдың әрбір тоннасынан дизель өндіру барлық жерде бірдей артуда. Әлемнің Royal Dutch Shell Plc, BP Plc, Chevron Corporation, Valero Energy Corporation, ExxxonMobil Corpo­ra­tion сынды жетекші мұнай өндеу компа­ния­ларының гидрокрекинг қондыр­ғы­ла­ры­мен жұмыс істейтіндері бекер ем­ес. Атап өтетін жәйт, гидрокрекинг қон­ды­р­ғы­ларында өндіру ісін белсенді түрде қолға алған елдердің көбі – мұнайды имп­орттайтын елдер. GlobalData пайым­дау­ынша, мысалы, Қытайда гидрокрекинг қон­дырғыларының қуаты 2000 жылдан 2010 жылға дейін жылына төрт есеге өсті. Тура осындай жағдай АҚШ –та да болды. Польшадағы Гданьск мұнай өңдеу зауы­тында дизель отыны мен негізгі майларды өндіру үшін гидрокрекингтің екінші желісі сатып алынды. Соның нәтижесінде, өзі­нің мұнайы жоқ ел шикізатты әлемдік бағамен сатып ала отырып, мұнай өнім­дерінің экспортын жақсы жолға қойды. Ал бұл дегеніміз, өте тиімді болып шық­ты: Гданьск зауытындағы гидрокрекинг­тің бірінші желісі бес жылға толмаған уақыт ішінде шыққан шығынның орнын толтырып үлгерді. Гидрокрекингтің негізгі артықшылығы оның экологиялық жағынан тиімділігінде – басқа технологиялармен салыстыр­ған­да оның шығаратын зиянды қалдықтары бірнеше есе кем, ал бұл Еуро-5 стан­дартына жетудегі тапсырмаларды шешудегі және Қазақстан Республикасының атмосфераға зиянды қалдықтарды шыға­руды төмен­де­ту жөніндегі халықаралық міндеттемелерін, әсіресе, Киот хаттама­сын орындауда тиімді. Республикамыз Еуропаның қатаң талапта­ры­на ауысқан кезде біз: бензин, дизель, авиакеросин сияқты сапалы жанармай алып қана қоймай, сонымен қа­тар мазут­тағы және пеш жанармай­ын­да­ғы күкірт құрамын азайтамыз, ал бұл қалалардағы экология­лық ахуалды жақсартуға септігін тигізеді. Гидрокаталиттік процестер құ­ра­мын­дағы күкірттің үлес мөлшері аз, заманауи стандарттардың көрсеткішіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Гидрокрекингтің осындай танымал­дығының құпиясы көріп отырғаны­мыз­дай мынада: ол өзіндік құны төмен жағ­дайда әрбір тонна мұнайдан өндірілетін дизель жанармайы, авиакеросин мен негізгі май немесе бензин шығаруды арт­тыруға мүмкіндік береді. Ал осы жағ­дайда гидрокрекинг басқа жүйелерде қа­жет болатын қосымша тазалаусыз-ақ бір­ден «Еуро-5» деңгейіндегі ең жоғар­ғы дәрежедегі өнім алуға мүмкіндік береді. Ал Қазақстан үшін бұның бәрі өте маңызды болып табылады. Сондықтан еуропалық WEFA Energy multi-fuel con­sul­tancy сараптамалық ұйымның мәлі­мет­тері бойынша екі сатылы гидрокрек­ингтің экономикалық тұрғыдан берері басқа өндіру технологияларына қара­ған­да біршама жоғары болып келеді. Ал мұны Technip/Purvin & Gertz дайындау­шыларының өзі де мойындайды, олар жаңа алдыңғы қатарлы технологияның тиімділігін де атап өтті, алайда, осының бәрі бола тұра, олар Қазақстанға әлемдегі ескіріп қалған қондырғыларды ұсынады. Ал гидрокрекинг ол – мұнай шикі­за­тының шыққан сипатына қарамастан за­уыттарда өндіріліп алынатын өнімдердің толықтай сапалы болуын қамтамасыз ететін бірден бір технология. Ал Қазақ­станда өндірілетін мұнайдың көрсеткіш­тері кен орнына, тереңдігіне тағы басқа факторларға байланысты қатты өзгереді, ал бұл да біз үшін өте маңызды. Со­нымен қатар, гидрокрекингті қолданған­д­а зауыттар нарықтың өзгеретін тала­бына сай бірден көше алады. Мысалы, бензинді көбірек өндіру керек делік – зауыт гидрокрекингтік қондырғылардың көрсеткіштерін сәйкестендіріп дайындай­ды да, бензин шығарады. Ал авиажанармай не дизель керек пе – мархабат. Басқа жүйелер мұны қамтамасыз ете алмайды. – Шикізат мәселесіне оралсақ. Біз көбінесе мамандардан біздің мұнайдың сапасы басқаларға қарағанда төмен деген пікірлерді естиміз, сондықтан оларды өңдеу қиынға соға ма? – Иә, біздің мұнай біршама күрделі болып келеді. Алайда, көрші Татарстанда мұнай сапасы біздегіден де нашар. Алайда, олар «Танеко» компаниясының мұнай өңдейтін және мұнай мен химия кешені бойынша қуаты 14 млн. тонна және өңдеу мүмкіндігі 98 пайызға дейін болатын гидрокрекинг технологиясын қолданатын және жоғары класты негізгі майлар өндіретін жобаны жолға қойды. Оның бас жобашысы болып атақты ресейлік компания «ВНИПИнефть» шық­ты. Бұл жобалау ұйымы Ресей Феде­рациясы Үкіметінің стратегиялық серіктесі болып табылады да, олар барлық ірі-ірі жобаларды жүзеге асырады. Өткен жылы Павлодар МХЗ-да өткен жина­лыс­тардың бірінде «ВНИПИнефть» дирек­торы, Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің про­фессоры және мұнай өндеу кафедра­сы­ның меңгерушісі В.М.Капустин Қазақ­станның 3 МӨЗ-інде гидрокрекинг тех­но­логиясын енгізу қажет екенін мәлім­деді. Бұл мұнай сапасына деген тәуел­ділікті жойып, ең жоғары сапалы мұнай өнімдерінің барлық түрін өндіруге мүм­кіндік береді. – Шынында, мұнай өңдеу за­уыт­тарын заманға сай қайта жабдық­тау­да Мұнай және газ министрлігіне дұ­рыс технология таңдау керек. Сіз атап өткен жәйттерге қарағанда әлі де істейтін қыруар шаруа бар сияқты. Әл­де бұл мәселе экономиканың тала­бы­на орай қарастырылып болған ба? – Бұл мәселе бір қарағанда қиын да емес. Әрине, біз зауыттарды бес-алты жылдан кейін қайтадан өзгертпес үшін жаңа заманауи технологияны қолда­нуы­мыз керек. Сонымен бірге бірқатар стра­тегиялық факторларды ескергеніміз жөн. Біріншіден, бізге өнімнің соңғы өзіндік құны аса жоғары болмауы қажет. Екіншіден, өнім сапалы болуы керек. Мұнай және газ министрлігі негіз ретінде Еуро-5 стандартын алған, сондықтан, за­уыттар жаңаша жабдықталғаннан кейін тура осындай деңгейдегі мұнай өнім­дерін шығаруға бағытталуы керек. Үш­іншіден, біз айтып кеткендей, бұл сала тек қана стратегиялық маңызды деген мұнай өнімдеріне деген ішкі қажетті­лікті ғана қанағаттандырып қоймай, сонымен бірге экспортқа да бағытталуы керек. Өздерінің мұнайы жоқ, бірақ елге енгізілген мұ­найды белсенді түрде өң­дей­тін, тек жанармай мен май ғана экс­портқа шыға­ра­тын елдердің, мысалы бізге осындай ұс­та­нымның қаншалықты ти­імді екенін көрсетеді. Бізге мұнай өн­діретін ел ретінде осы тәжірибені ескеру керек, біз Қа­зақ­станға ондаған жылдар бойы сапасы төмен жанармай мен оның тапшылығы туралы қиындықты ұмытты­рып кететін технологияны таңдап алуы­мыз керек. Сапалы жанармай болуы бі­з­дің халықтың денсаулығы үшін де ма­ңызы зор, ол әсіресе, көлік паркі да­мы­ған ірі-ірі қа­ла­лар үшін ерекше ма­ңы­з­ды. Сонымен, біз мемлекеттің стратегия­лық мүддесін және оның ұзақ жылдарға деген жоспарын ескеруіміз керек. Жа­қында өткен “Нұр Отан” партиясының съезінде Елбасымыз Қазақстанға дамы­ған елдердің жетістіктеріне негізделген ең алдыңғы қатарлы және заманауи технологияларды енгізу керектігін тағы да баса атап өтті. – Егжей-тегжейлі әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Еркін САҒЫНДЫҚҰЛЫ.