Кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Мұхамадиева 2016-2017 жылдары экономикалық өсімді ынталандыру және жұмыспен қамту бойынша қосымша шаралар аясында аталған холдингке республикалық бюджеттен 51,7 млрд теңге бөлінгендігін мәлімдеді.
Бұл қаражат ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі Индустрияландыру қорытындылары туралы кеңесте Мемлекет басшысы белгілеп берген ауыл шаруашылығындағы жекелеген бағыттарды қаржыландыруға жұмсалмақ. Атап айтқанда, ауылдағыларды өнімді жұмыспен қамтуды күшейте түсуге, халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ, ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын ұлғайтуға көмек көрсетуге бағытталатын болады.
Айгүл Мұхамадиеваның айтуынша, бірінші бағыт бойынша өнімді жұмыспен қамтуды жоғарылатуға және тұрғындардың табысын арттыруға көмек беру мақсатында қазірдің өзінде сүт қабылдау пункттерінің желісін құруға және отбасылық сүт фермаларын қолдауға, отбасылық бордақылау алаңдарын құруға және оның базасында ауылшаруашылық кооперативтерін ұйымдастыруға, ауылшаруашылық кооперативтерін құруға және жеміс-көкөніс өсіру бойынша жеке қосалқы шаруашылық (ЖҚШ) құруға арналған жобаларды қаржыландыру бойынша жұмыстар атқарылуда.
«ҚазАгро» холдингі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде шағын несиелеуге алынған қаражат есебінен және холдингтің меншікті қаражаты есебінен жобаларды қаржыландыру бойынша жұмысты бастап кетті. Жобаларды қаржыландыру жылдық 6%-дан аспайтын жеңілдікті мөлшерлеме бойынша жүзеге асырылады және 9 000-нан астам жұмыс орны құрылады. Ет, сүт, жеміс пен көкөністің өндірісі бойынша 192 мың жеке қосалқы шаруашылықты көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік береді, сүт зауыттары мен ет комбинатының өндірістік қуаттарын арттырады, салық төлемінің түсімін ұлғайтады», деді Айгүл Мұхамадиева.
Ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын арттыруға көмек беру шеңберінде халықаралық талаптарға сай өндірістегі экспортқа бағдарланған инвестициялық жобаларды қаржыландыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта екінші бағыт бойынша қарастырылу үстіндегі 43 жоба бар. «ҚазАгро» холдингі өтінімдерді қабылдауды жалғастыруда.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында холдинг екі қадамды іске асыруға атсалысады: 60-шы қадам бойынша – сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін және 61-ші қадам бойынша етті қайтадан өңдеу мен оның өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту көзделуде.
Ет пен сүтті қайта өңдейтін және өндіретін жобаларды қаржыландыру Үкіметтің шешіміне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан холдингке бөлінетін қаржысы есебінен іске аспақ. Холдинг компаниялар тобындағы тағы бір маңызды бағыт ауылдық кооперативтерді дамытуды қолдау болып отыр.
2006 жылдан бері Аграрлық несие корпорациясы ауылдық тұтыну кооперативтері мен ауыл тұрғындары үшін бірлескен өндірісті дамыту, дайындау мен тұтыну, сақтау, ауылшаруашылық өнімдерін тасымалдау, тауарлы материалды құндылықтарды жабдықтау бағдарламасын жүзеге асырумен айналысады. Бұл бағдарлама бойынша 147 кооператив жалпы сомасы 12,3 млрд теңгеге қаржыландырылды.
2015 жылы холдинг тарапынан астық өндіру саласындағы ұсақ және шағын ауылшаруашылық тауар өндірушілерін біріктіру үшін және оларды екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру бағытында жаңа қадам жасалды. Бұл жерде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ кооперативтерден кепілдендірілген астық сатып алу тетігі арқылы шаруалардың қаржыны қайтаруына кепіл бола алады.
Биылғы жылы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы 10 осындай бірлестік қаржыландырылды. Ол жердегі 212 қатысушының егіс алқабы 726 мың гектардан астам жерді құрады. Берілген қаржы сомасы – 8,3 млрд теңге. Кооперациялардан алынған мұндай оңды тәжірибиені холдинг болашақта ауыл шаруашылығының басқа да салаларында жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімдер көлемін жеке ауыл шаруашылықтарының мүмкіндігін пайдалану есебінен арттыру мақсатында холдингтің еншілес компаниясы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 2016 жылғы 8 тамыздан бастап, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларының қаржыларын пайдалана отырып, шағын несие берудегі жаңа өнімдерді жүзеге асыруға іске кірісті.
Бүгінгі күні «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ауылдық жерлердегі шағын несие беру нарығының 90 пайыздан астамын қаржыландырып отыр.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»