Қазір қоғамда «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасы қызу талқылану үстінде. Ішкі істер органдарының ұйытқы болуымен әзірленіп жатқан бұл заңға байланысты бірнеше рет тыңдау өтіп, оны талқылауға мемлекеттік органдар мен БАҚ, кәсіподақ және өзге де ұйым өкілдері, сондай-ақ сарапшылар, сала мамандары қатысқан болатын.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ІІМ Жедел-криминалистика департаментінің бастығы Серік Сайынов баяндап берді.
Аталмыш заң жобалары ағымдағы жылдың маусым айында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша әзірлену үстінде. «Сондықтан да біз «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы», «Кейбір заңнамалық актілеріне дактилоскопиялық және геномдық тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын e.gov.kz ашық нормативтік актілер интернет-порталында және ІІМ-нің ресми порталында жарияладық. Бұл жерде көзделген мақсат – заңның қоғам ішінде талқылану үдерісін мейлінше кең ауқымда жүргізу болатын», – дейді Серік Сайынұлы.
Маман пікіріне сүйенсек, мұндай заң жобасы жеке басты куәландыратын құжаттарға адамның био-
метриялық анықтамаларын сәйкестендірудің заманауи технологиясын енгізу қажеттілігінен туындап отырған көрінеді. Ал қоғамдық кеңес мүшелері болса, биометриялық паспорттық-визалық құжаттарға осы қосымша дактилоскопиялық параметр енгізу биометриялық анықтауды сәйкестендіру жүйесін құру мен енгізуге мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ, құжаттарды жалған жасаудың жолын кесіп, олардың иелерін алаяқтық пен түрлі қылмыстық әрекеттерден қорғайтынын айтады. Сонымен қатар, жаңаша үлгідегі ақпараттық жүйе қызмет көрсету түрлерін кеңейтіп, визалық режімді жеңілдетеді және көші-қон қауіпсіздігінің тиімділігін арттырады.
Негізінен, Қазақстанда жеке бас пен отбасын куәландыратын он бір құжаттың жетеуі құжат иесі туралы ақпарат берді. Бұл ретте биометриялық құжаттар ICAO халықаралық стандарттарға сәйкес келетіндігін де айта кетейік.
Оларда адамның беті жаһандық биометриялық технология арқылы танылады әрі оған қосымша әрбір мемлекет факультативті түрде саусақ іздерін тану технологиясын пайдалана алады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»