• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2016

Басты мақсат – ақпараттық кеңістік көкжиегін кеңейту

454 рет
көрсетілді

Ақпарат жəне коммуникациялар министрлігінде ведомство басшысы Дәурен Абаевтың төрағалығымен алқа отырысы өтті. Жиынның мақсаты – ағымдағы жылдың 9 айындағы жұмысты қорытындылау жəне алдағы міндеттерін айқындау. Отырысқа министрлік қызметкерлері мен ведомствоға қарасты ұйымдар басшылары, министрлік жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшелері, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты.

Уақыт жаңа міндеттер жүктейді

Дәурен Абаев Ақпарат және ком­­му­никациялар министрлігінің құ­рылуы кезінде Елбасының бірқа­тар міндет жүктегенін, осыған орай бүгінге дейін үлкен жұмыстар атқа­рыл­ғанын атап өтті. Тәуелсіз тарихы­мыздың ширек ғасырының межесін еңсере отырып, біздің халық шын мәні­сінде өзінің тұрақты дамуымен және үлкен жетістіктерімен мақ­та­на алады. Тәуелсіздік жылдары біздің Президентіміздің басшы­лы­ғы­мен қазақстандықтар өздері­нің ауыз­біршілігі мен көп еңбек етуінің арқасында талай қиындықты еңсерді. Біз экономиканың тиімді моде­лін жасадық, сондай-ақ, тиімді инвес­тициялық климатты қалыптас­тырдық. Отандық медицина мен білімді жаңа деңгейге көтердік. Ақпарат және ақпараттандыру, байланыс салаларында да ауқымды жұмыстар атқарылды, деді Дәурен Абаев. Сонымен қатар, министр Тәуел­сіздік алған сәттен бастап ақпарат, ақ­па­раттандыру жəне байланыс са­ла­сының инфрақұрылымы іс жүзін­де қайтадан құрылғанын, мәселен, 90-шы жылдардың басында Қазақ­станда телекоммуникация желі­лерінде 12,5 мың шақырымнан астам тал­шықты-оптикалық кабельді магис­траль салынғанын, бұл ақпарат­тық магистраль барлық заманауи талап­қа сай келетінін айтты. Мәселен, 1999 жыл­дың өзінде қалааралық және ха­лық­аралық байланыс желі­сі 100% сандық деңгейге жеткен. Дү­ние­жүзілік экономикалық форумның дерек­тері бойынша Қа­зақ­стан «желі­лік дайындық» индексі бойынша 39-шы, «Интернетті пайдаланушылар тығыздығы» бойынша 41-ші, ақ­па­рат­тық коммуникациялық технология­лар саласындағы заңнаманың даму деңгейі бойынша 38-ші орынға көте­рілген. Осыдан 11 жыл бұрын елімізде алғаш рет Халыққа қызмет көр­сету ор­талығын құру туралы идея айтыл­ған. Бүгінде бұл орталықтар «бір те­резе» қағидаты бойынша 29 мил­лионға тарта мемлекеттік қызмет көр­сет­кен. Бұған қоса, Қазақстан БҰҰ рей­тингінде «Электронды үкімет» индексі жөнінен əлем бойынша 33-орында тұр. Жалпы алғанда, елімізде толыққанды және бәсекеге қабілетті медиа саласы құрылды. Бүгінде оның құрамында 3 мыңнан астам БАҚ бар. Алайда, уақыт бір орында тұр­май­тыны белгілі. Осыған сәйкес, ол жаңа міндеттерді жүктейтіні анық. Бұл міндеттер мемлекетті дамытуға бағыт­талған «Стратегия-2050» мен Ұлт жоспары секілді маңызды бағдар­ла­маларда да көрініс тапқан. Ал бұл ретте, Мемлекет басшысының Жар­лығымен биылғы жылдың мамыр айында құрылған Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне де белгілі бір дәрежеде өте ауқымды жауапкершілік жүктелетіні сөзсіз. Қазіргі таңда бұл ведомство барлық ұйым­дастырушылық, қаржылық, кадр­лық мәселелерді шешу арқылы қа­лып­тасу кезеңінен сәтті өтіп келеді. Бұл ақ­параттық кеңістікті, телекомму­ни­­ка­цияны, электронды үкіметті да­мы­ту бағыттарындағы тетіктерді бір ми­­­нис­трлік аясына біріктірудің өте дұ­рыс шешім болғанын айғақтай түседі.

Контент қалыптастырудың қос параметрі

 Бұл күнгі жиын аясында Дәурен Абаев барлық ұйымдастыру, қар­жы­лық, кадрлық мәселелер шешімін тауып, ведомство қызметінің нақты бағыттары айқындалып, жұмыс жүйелі жолға қойылғанын, қазіргі уақытта министрлікте мемлекеттік ақпарат саясатына қатысты жаңа әдістерді жүзеге асыру жүргізіліп жатқанын айт­ты. Бұл бағытта Ақпараттық жұмыс стра­тегиясы әзірленген. Онда контент қалыптастырудың екі басты параметрі бар. Ол қоғамның рухани тірегін нығай­туға, отбасы құндылықтарын, білім, отансүйгіштік және «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінде белгіленген басқа да құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған «Құндылықтар картасы» болса, екіншісі – азаматтарға сала­лық бағдарламалар туралы ақпарат беруге бағытталған «Мемлекеттік PR-стратегия». Бұл, ең алдымен, азамат­тарға салалық бағдарламалар туралы ақпарат беруге және ең алдымен, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына қатысты. 2017 жылдан біз бірыңғай респуб­ликалық және 16 өңірлік медиа жоспарға көшуді жоспарлап отырмыз. Мысал үшін айта кетейін, қазіргі уақытта біздің ақпараттық пулымыз 58 медиа-жоспар бойынша жұмыс істейді. Оларды жүзеге асыру алгоритмі орта­лық мемлекеттік органдар мен ұлт­тық компаниялардың ақпараттық жұмыстары ережесінде бекітілетін болады, деді ведомство басшысы. Алқа отырысында қазіргі таңда мемлекеттік ақпарат құралдарын трансформациялау қолға алынып, сонымен бірге, кадрлық құрам нығайтылғаны айтылды. Мәселен, қазіргі уақытта «Kazakh TV» мен «Білім және мәде­ниет» телеарналарын «Kazakh TV» лого­типі аясында біріктіру жүзеге асы­рылуда. Телеарнаның тұсаукесері таяу уа­қытта өтеді. Сондай-ақ, «Хабар 24» телеарнасының таралым себеті барынша өзгеріп, жаңалықтар контенті қысқартылды және ақпараттық-са­раптамалық, көркем бағдарламалар өн­дірісі арттырылды. Дәл осындай жұ­мыстар барлық мемлекеттік телеарна­ларда, сонымен бірге, газеттерде де жүргізілмек. Бұл – мемлекеттік БАҚ-тың көрермен мен оқырманның көңі­лінен шығуы үшін жасалатын қадам.

Интернетті халықтың 73%-ы пайдаланады

 Алдағы уақытта ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойын­ша заңнама жетілдірілмек. Бұл ретте, министрлік «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникация­лар мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын әзірледі. Бүгінге дейін аталған тұжырымдама жобасы кең талқылаудан өткен. Бұл ретте оң әрі сын пікірлер ескерілген. Осы­ған орай, келер жылдың бірінші жарты­жыл­дығынан бастап заң жобасын Пар­ламентке енгізу үшін құжатты ха­лықпен кеңінен талқылау жөнінде тапсырма берілді. Алқа отырысында ақпараттық-телекоммуникациялық технологияны дамыту мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар іске асырылғаны да айтылды. Бұл саладағы басым бағыттардың бірі – тұрғындарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету. Мәселен, қазіргі таңда еліміздегі интернетті қолданушылар саны 73%-ға жетіп, бәсекеге қабілеттіліктің жа­һан­дық рейтингінде 41-орынға көте­рілді. Бұл нәтиже өткен жылмен салыс­тырғанда 29 пунктке жақсар­ғанын көрсетті. Сондай-ақ, тұрғындар саны 10 мыңнан асатын жəне одан да көп ауылдық елді мекендерде 3G стан­дартының мобильді байланысы енгізілсе, 4G стандарты тұрғындар саны 50 мың жəне одан да көп елді мекендерде қосылған. Ал 2017 жылдың соңына қарай, еліміздің барлық аудан орталықтары 4G стандартымен қамтылмақ.

«OTAU TV» елді тұтас қамтиды

Сандық теңсіздікті азайту мақ­сатында министрлік «Қазақтелеком», «Транстелекоммен» бірлесіп, мем­лекет-жекеменшік әріптестігі негі­зінде елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасын әзірлеген. Бұл жұмыстың нәти­жесінде 1300-ге тарта ауылдық жерлерде заманауи байланыс инфра­құ­рылымы құрылмақ. Бүгінде телеарна инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз етуде «OTAU TV» спут­ник­тік хабар тарату желісі де ел аума­ғын 100%-ға қамтып, 2016 жылғы 1 қазан­­дағы көрсеткіш бойынша або­нент­тер саны 1 миллион 204 мыңға жет­­кен. Осыған орай, жиын аясында атал­­­ған бағыт бойынша жобаны іс­ке асы­ру жөніндегі жол картасын бе­кіту, «OTAU TV»-ның бәсекеге қабі­лет­ті­­лігін және көрсетімділігін арттыру жө­нінде ұсыныстар енгізу тапсы­рылды. Министр ақпараттандыру саласы бойынша республикалық бюд­жетке салмақ салмай, квазиме­м­ле­кеттік секторлар, жеке инвестор­лар қаржыландыруды көздейтін «Цифр­лық Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасының жобасы әзірленгеніне де тоқталды. Бұл қадам басқа да әлеуметтік маңызды жобаларға бағыт­тауға болатын мемлекет қаража­тын үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы­ған сәйкес, «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасы шеңберінде іске асы­руға жоспарланған жобалар үшін инвестициялар тарту қамтамасыз етілмек.

9 айда 30 миллионнан астам қызмет көрсетілді

Министрлік қызметінің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қыз­меттерді оңтайландыру мен «Элек­тронды үкіметті» дамыту. Бұл салада да талай істің басы қайырылған. Президенттің тапсырмасымен 4 мемлекеттік кәсіпорынды біріктіру нәтижесінде мемлекеттік корпорация құрылды. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтер тізбесінде 739 қызмет түрі болса, олардың 530-ын «Электронды үкі­мет» порталы немесе мемлекеттік кор­порация арқылы алуға болады. Сонымен қатар, азаматтарға ыңғай­лы болуы үшін 1414 бірыңғай нөмірі енгізілген. Осы арқылы барлық қажет­ті кеңестерді алуға болады. 2016 жылдың 9 айы ішінде 30 миллионнан астам электронды қызмет көрсетілген. Бұған қоса, 17 мыңнан астам электронды лицензия, 433 мың рұқсат құ­жаты берілді, сондай-ақ, 854 мың адам тіркелді. Жалпы, аталған шаралар мемлекеттік ақпараттық саясатты барлық деңгейде тиімді жүргізуге мүм­кіндік беруде, деді Дәурен Абаев. Бұл күнгі алқа отырысында Ақ­парат және коммуникациялар вице-министрі С.Сәрсенов байланыс, ақпа­рат­тандыру және мемлекеттік қызмет­тер көрсету саласындағы жұмыс қоры­тындылары, Ақпарат және ком­му­ни­кациялар вице-министрі А.Әжібаев «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникация­лар мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу бойынша атқары­лып жатқан жұмыс­тар туралы, минис­трл­іктің Ақпарат комитетінің төрағасы Н.Мауберлинова мемлекеттік орган­дардың ақпараттық саясаттағы өзара іс-қимылының жаңа тәсілдері туралы баяндама жасады. «Қазақстан» РТРК» АҚ Бас­қар­масының төрағасы К.Ой­шы­баев телерадиокорпорация жұмы­сын жетіл­діру, ведомство жанын­дағы Қоғамдық кеңес мүшелері Б.Жек­сенбай мен Н.Исин Ақ­парат және коммуникация­лар ми­нистр­лігінің қызметі туралы өз ой-пайымдарымен бөлісті. Жиын соңында министр ақпа­рат­тық кеңістікті кеңейту, байланыс, телекоммуникация салаларын да­мы­ту бағыттарында тиісті міндеттер жүктеді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»