• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2016

Әлеуметтік саладағы әріптестік

433 рет
көрсетілді

Павлодарға бардық. Бірқатар әлеуметтік нысандар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша басқарыла бастаған. Оның ішінде облыс орталығындағы «Толқын» және «Шымыр» бассейндері де жеке инвесторлардың сенімді басқаруына берілген. «Осының есебінен 80 миллион теңге бюджет қаржысы үнемделді. Алдымен біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке байланысты негізгі басым салаларды анықтадық, олар – әлеуметтік қорғау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық. Неге бұл салаларға баса назар аудардық? Себебі, бюджеттің көп бөлігі осы салаларға жұмсалатын болып шықты. Соны үнемдеу үшін», деген еді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет кәсіпкерлерге кең жол ашты. Қолтығынан демеді. Қаржылай қолдады. Көп жеңілдіктер жасады. Не керек, кәсібіне кең өріс ашты. Соның арқасында аз жылдың ішінде жұмысы жанданып, өрге басқан бизнесмендер Қазақстанда көп. Олар – тәуелсіздік пен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде байыған кәсіпкерлер. Енді олардың мемлекетке де көмек жасауға шама-шарқы жетеді. Мемлекеттің бюджеті жетпей жатқанда сол байлығы тасыған кәсіпкерлер инфрақұрылымды, әлеуметтік сала нысандарын басқаруға алып жатса, кәнеки. Мемлекет қиын-қыстау уақытта кәсіпкерлерге көмектесті, енді олар мемлекетке көмектессе қайтеді? Елбасының кәсіпкерлермен бір кездесуінде осындай ой айтқаны есімізде. Сөзбе-сөз дәл келмесе де мағынасы осы. Мемлекет басшысының дәл сол сәтте көтерген мәселесі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы еді. Қазақстан шикізат елі деп айтып жатамыз. Оны өңдеу мен дайын өнім өндіруге де қам-қарекет бар қазір. Бұл сөзімізге дәлел – Индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бес жылдығында осы бағытта атқарылған жұмыстарға көңіл тояды. Жақсы іс жалғасып жатыр. Алдағы уақытта да көңіл марқаятын көрсеткіштер болатыны айдан анық. Ал дәл қазіргі сәтте шикізаттың да, өнімнің де бағасы күрт құлдырап кеткен жоқ па? Мұнайдың бағасы анау, темірдің де, көмірдің де, басқа өнімдердің де құны түсіп кетті емес пе? Бұл – Қазақстан ғана емес, әлемнің дамыған елдері де тап болып отырған экономикалық дағдарыс. Одан шығудың жолы жоқ па? Бар. Оның да жөн-жосығын Елбасы айтты. Жасырып қайтеміз, жер-жаһанды жайлаған экономикалық дағдарыс азуын айға білеген мемлекеттердің өзінің кірістерін айтарлықтай азайтып, бюджеттерінің ойсырай ортаюына әкеліп соқты. Бірақ, қаржы тапшылығына қарамастан, мемлекеттің қаражатына қарап отырған салалар бар. Оның ішінде әлеуметтік нысандардың орны бөлек. Бұл салаға дағдарыстың «салқыны» тимеуі тиіс. Мұндай әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға мемлекеттің мүмкіндігі жетпей жатқанда, оған жекеменшіктің капиталын тартқан жөн. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің негізі Францияда сон-о-оу 1552 жылы қаланып, екіжақты келісім арқылы ауқымды канал салынған. Ал ХХ ғасырдың басындағы әлемдік дағдарыс кезінде Америкада мемлекет пен жекеменшік мұнай компаниялары тізе қосып, әріптестік қадам жасады. Соның нәтижесінде АҚШ-тың экономикасы құлдыраған жоқ, қайта өрледі. Тарихтан белгілі, өткен ғасырдың 90-жылдары табысы орта және төмен саналған 130-дан астам елде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік өз нәтижесін берді, сол уақытта 2,5 мың инфрақұрылымдық жобаға 750 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы құйылған. Сондықтан, сынақтан өткен осындай тәжірибелерді Қазақстанда да жүзеге асыруға болмай ма? Болады, әрине. Мемлекет басшысының кәсіпкерлерге қарата айтқаны да осы еді. «Жекеменшік инвестицияларды тарту жөнінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі орасан зор әлеуетке ие болып отыр. Біз Қазақстанда бұл тетікті іске қостық, бірақ та ол озық әлемдік практикаға сәйкес жетілдіруді талап етеді», деген болатын Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2010 жылы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында. Одан бері де алты жыл өтті. 2015 жылдың қазан айында «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заң қабылданды. Тиісті құрылымдар құрылды. Бұл тетіктің жай-жапсары мен мүмкіндігі туралы жан-жақты түсінік жұмыстары жүргізілді. Қазақстандық қалталы кәсіпкерлер экономикалық қиындықтарға байланысты туындаған жағдайға түсіністікпен қарап, инфрақұрылым мен әлеуметтік салаларға инвестиция құя бастады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің игі нәтижесі көріне бастады. Мамандардың пікіріне қарағанда, бұл тетік – қосымша қаражат тарту мен бюджеттік қаржыландырудың тиімділігін арттырудың жақсы жолы, инфрақұрылым мен түрлі қызмет көрсету саласы бойынша жүзеге асырылатын мемлекет пен жекеменшік арасындағы кемел келісім. Ең бастысы, мұндай әріптестіктің экономикалық тиімділігі өте жоғары. Шығын төмен, бақылау жоғары, жұмыс сапалы. Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»