• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2016

Заңгер даярлаудың сапасы көңіл көншіте ме?

1097 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік алған 25 жыл­дың ішінде Қазақстан Респуб­ликасында білім беру жүйесін жетілдіруде бірнеше реформа іске асырылды. Өйткені білім­ді адам өз бойындағы жеке қабілетін дамытып, өзі таңдаған мамандығының иегері болуға, сөз жоқ өз елінің лайықты азаматы болуға ұмтылады. Білімді азамат үлкендерге құрметпен қа­рауға, өз ортасында қарым-қаты­нас кезінде әдептілік танытып, дөрекілік көрсетпейді және кемтар адамдарға жанашырлық көрсетіп, мүмкіндігінше қамқорлық жасайды. Білімділік – парасаттылықтың, мәдениет пен адамгершіліктің үлгісі, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің негізі. Білімді адам саламатты өмір салтын ұста­нып, зиянды әрекеттерден аулақ болады. Білімді азамат ұлт­тық, мемлекеттік дәстүрлерді құр­меттейді, басқаның мүлкіне қол сұқпайды, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін сақтайды. Білімді адам өз елінің патриоты, қорғаушысы болады. Қазіргі уақытта Қазақстанда әр­түрлі мен­шік санатындағы 140 жоғары оқу орны бар. Осы оқу орындарында Қазақстанның жарты миллионнан астам жас түлегі білім алуда. Осы жоғары оқу орын­дарының көпшілігі заңгер мамандар дайындайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін елі­мізде заң білімін білуге құш­тар­­лық күшейді, құқықтық мем­лекеттің барлық қызметі заң­намалар арқылы іске асырылады. Тиісінше құқық қорғау, сот органдары қызметкерлерінің басым көпшілігі заңгер мамандарынан құралады. Бұлардан басқа мемлекеттік билік органдары мен мекемелерде, мемлекеттік емес ұйымдарда, қоғамдық бірлес­тіктерде де заңгер лауазымы бар­шылық. Осы заңгерлік қызмет атқаратын мамандардың кәсіби біліктілігі өз дәрежесіне сәйкес келе ме? Осыған орай болашақ заңгер­лердің білім деңгейін қалай арт­тыруға болады деген мәселеде ой-пікірім­ді оқырмандарға ұсынғым келеді. Біріншіден, қазір Қазақстанда заңгер мамандығын даярлайтын оқу орындары тым көп. Мемлекеттік, жекеменшік оқу орын­дары заңгер мамандығы бо­йынша маман даярлаудан жа­рысқа түскендей болып кетті. Бұлардан басқа Қазақстан Респуб­ликасының Бас прокуратурасына қарайтын құқық қорғау академиясы, Жоғарғы сотқа қа­райтын сот академиясы, Ішкі іс­тер министрлігіне кадр даярлайтын бір­неше ішкі істер академия­сы, Ұлт­тық Қауіпсіздік органдарына ма­ман даярлайтын арнайы оқу орын­дары бар. Мемлекет сұранысы үшін қан­­ша заңгер кадр керек, мем­лекет­тің қай саласында заңгерлер жетіспейді деген мәселемен еш­кім айналыспайды. Оның үстіне заң­герлерді мемлекеттік, мем­ле­­кет­­тік емес оқу орындары даяр­ла­ғанымен олардың алатын дипломы бір үлгідегі мемлекеттік болып са­налады. Ал диплом бір үлгіде болғанымен, оқу ақысы әрбір оқу орнында әртүрлі және ол жылма жыл өзгеріп тұрады. Біздің мемлекетте оқу ақы­сының мөлшері Еуропа, Азия ел­деріндегі бірқатар университеттерден асып түседі. Кәрі құр­лықтағы Германия, Норвегия, Дания, Финляндия, Франция, Чехия сияқты дамыған, өрке­ниетті елдерде жоғары білім алу тегін. Жалпы Қазақстандағы студенттердің 70 пайыздан астамы ақылы негізде оқиды. Жыл сайын оқу ақысының өсуі студенттер санының азаюына, жас­тар арасындағы жұмыс­сыз­дық­тың өсуіне ықпал етеді. Оқу ақы­сы халықтың әл-ауқатының өсуі­не тікелей байланысты болуы керек. Қаржылай мүмкіндігіне қарай оқу орнын таңдау болашақ ма­мандардың құқығын шектеу емес пе? Сондықтан мемлекет оқу ақысын барлық жоғары оқу орын­дары үшін бірдей мөлшерде белгілеп заңмен реттеуі қажет. Мұндай ретте біркелкі оқу ақы­сына қарай болашақ заңгерлер оқу орнын еркін таңдайды. Белгіленген оқу ақысы салық заңнамасына сай келер еді. Мем­лекет осы заңгер мамандығын алғандардың білім дәрежесінің белгіленген талапқа сай келетінін қалай анықтайды? Әзірге бұл сауалдың жауабы жоқ. Осыған байланысты кәсіби білікті заңгер-маман даярлау үшін абитуриенттерге талап күшейтілуі қажет. Олардың мамандықты шын ұнатып қалайтынына, болашақ мамандықтың адам, қоғам, мем­лекет мүддесі үшін ай­рық­ша қыз­мет­тік жағдайына түсі­ністік­пен, жауаптылықпен қарай­тынды­ғына назар аударған жөн. Екіншіден, заңгер маман­дығына оқуға бірыңғай ұлт­тық тестілеуден кемінде 70 балл алған үміткерлерді оқуға қабыл­даса, білім сапасы арта түсер еді. Заң мамандығы бо­­йынша оқитын студенттер оқу жоспарына сәйкес, курстық, дип­ломдық жұмыс жазып, қор­ғауға міндетті. Бұл мәселе қалай жүзеге асуда. «Егемен Қазақстан» газетінде Парламент Мәжілісінің депутаты М.Тінікеев: «Таяқ лақ­тырсаң экономист және заңгер­лерге тиеді» деп тұжы­рымдама жасапты. (Егемен Қазақ­стан. №255. 16.11.2013ж.) Осы мақа­ласында депутат М.Тінікеев сту­денттердің көбінің курстық, дип­ломдық жұмыстарды интернеттен көшіріп алатынын ай­тып, мұндай құбылыспен күрес жүргізу үшін жоғарғы оқу орын­дарына «Антиплагиат» бағ­дарламасын енгізуді ұсынады. «Егер бұл бағ­дар­ламаны шындап қолға алсақ, елімізде тек білімді мамандар даяр­лау іске асырылады», – деп түйін­дейді Мәжіліс депутаты. Менің ойымша, Мәжіліс депу­татының пікірі дұрыс. Курс­тық, диплом жұмыстарын қор­ғау жоғары оқу орындарының көбінде формальды түрде жү­зеге асады. Бұрын жазылған жұмыстарды пайдалану сияқты жат құбылыстар көп. Сондықтан курстық, диплом жұмыстарын жазуға өте дарынды өз білімімен ғылыми-теориялық конференция­ларда баяндамалар жасап көрсете білген талантты студенттерге ғана рұқсат еткен дұрыс, бас­қалары болса, курстық, диплом жұмысын жазудың орнына арнайы пәндер бойынша дәріс таңдап, емтихан тапсырған жөн болар еді. Тағы бір айта кететін мәселе дип­лом жұмысына пікір жаза­тын рецензенттердің тізімі кафе­драның ұсынысы бойынша ректордың бұйрығымен бекі­тіледі. Ал рецензенттердің дип­лом жұ­мысына берген қоры­тындысы дұрыс болмаса, олардың жау­апкершілігі қалай болады, ол жағы ешқандай құқықтық-нор­мативтік актілерде көрініс тап­паған. Ойланатын мәселе. Студенттерге сапалы білім бе­ру­­дің негізгі кілті – білімді оқы­­тушылар құрамына байла­нысты. Білімді оқытушы-профес­сорларды жұмысқа тарту, олар­дың адал еңбегін көтермелеу, ғылым, білім саласында аянбай тер төгіп еңбек етуін қамтамасыз ету – әрбір жоғарғы оқу орнының басты міндеті. Бізде қазір біреу ректор, декан, кафедра мең­герушісі болса, өз кадрларын жұ­мысқа тарту, білімді, әділ ұс­таздарды қызметтен шеттету сияқ­ты жат құбылыстар көрініс тауып қалады. Мұндай іс-әрекет мем­лекеттік қызмет жүйесіне жат құбылыс екендігі қатаң ескерілуі қажет. Қазіргі кезде магистрлық дип­­ломы бар оқытушылардың са­ны көбейді. Олар аға оқытушы деген атақ алып дәріс оқиды, курстық, дипломдық жұмыстарға, өндірістік-тәжірибелік істерге жетекшілік етеді. Бірақ олардың көбінің ұстаздық-педагогикалық тәжірибесінің аздығынан сапалы білім беруге өресі жетпейді. Жалпы кез-келген оқытушылық қызметке қабылдау конкурстық негізде, әділеттік қағидасын бас­шылыққа ала отырып жүзеге асырылса, біліктілік сапасы артар еді, мұндай ретте тамыр-таныстық, жерлестікпен, сыбайластықпен қызметке келетіндердің жолы да кесілер еді. ЖОО-ларда оқыту­шылық қызметке, студентке бе­ріліп, бірге жұмыс істейтін, олар­ға тиянақты, сапалы білім беретін, өз ісімен, ғылыми еңбегі­мен үл­гі беретін ұстаздар алынуы керек. Жоғары оқу орында­ры оқытушыларының сапасын жақсарту үшін, кезінде елімізде құқық қорғау органдарында жүр­гізіліп жатқан кезектен тыс мемлекеттік аттестаттауды үлгі­ге алып, құқық пәндерінен дәріс беретін оқытушыларды ми­нис­трлік, ректорат құрған тәу­елсіз комиссия арқылы кезексіз ат­тес­таттауды өткізу шаралары пайдалы болады да деп есептеймін. Жалпы еліміз құқықтық мемлекет болғандықтан білімді, білікті, әділеттің ақ жолын аттамайтын заңгер мамандарын даярлау өте керек. Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері