«Ауыл – алтын бесік», «Ауыл – асыраушымыз» деген сөздерді біз өте жиі қайталаймыз. Бүкіл ата-тегімен ауылдан шыққан қазақтар үшін оның солай екені рас та. Өзіміз де далада құйын жүріп өткенде ақ шаңдағы аспанға көтеріліп, кешке қарай өрістен мал қайтқанда маңыраған қой мен мөңіреген сиырдың үніне адамдардың дауыстары қосылып у да шу болып жататын нағыз қазақ ауылында туып-өсіп, ержеттік. Қалада қызмет істеп, бүйірімізді бұлтитып жүрсек те, әркез ауылға қарай аңсарымыздың ауып тұратын да содан болса керек.
Ал енді «асыраушы» жайына келсек, бүкіл адамзат қорек қылатын азық-түліктің түгелдей ауылда өндірілетіні тағы да талассыз шындық.
Біз қатарлылардың балалық шағы өткен ғасырдың сонау 60-шы жылдарының ортасына тұспа-тұс келді. Ол бір халықтың «ішкені – артында, ішпегені – алдында» деп айтуға келе қоймайтындай кез еді. Өйткені, ол шақта халық соғыстан кейінгі ауыртпалықтардан енді-енді ғана еңсе тіктей бастаған-ды. Абырой болғанда, әйтеуір екі қолға бір күрек табылады. Соның арқасында адамдар аз-мұз болса да нәпақаларын тауып, әупіріммен күндерін көріп жатты.
Бір таңқаларлығы, тұрмыстың жалпы алғанда жұпынылау болғанына қармастан, әлде көп ұзамай коммунизмге жетеміз деген кеңестік идеологияның әсері ме, әлде басқадай бір себеп бар ма, әйтеуір, сол замандарда халық көтеріңкі көңіл күйде жүретін. Бірақ ол уақыттарда қарапайым халықтың «коммунизм» деген сөздің мағынасын онша түсіне қоймағанын ескерсек, адамдардың психологиясына идеология әсер етті деудің өзі де тым артықтау сияқты. Олай болса, себеп неде?
Кеңестік кезеңде кеңшарлар деп аталған шағын ауылдарда кешкілік клубта кинофильмдер көрсетіледі. Мұның өзі ауыл тұрғындары үшін жұмыстан кейінгі бос уақыттарын өткізуде айтарлықтай тиімді рөл атқаратын. Өйткені, жастар түгелдей дерлік клуб жанына жиналады, сөйтіп кино басталғанша өзара әңгіме-дүкен құрып, мәре-сәре болса, одан соң кем дегенде бір жарым сағат бойы тапжылмай отырып кино қарайды. Жұрт кинодан шыққанда түн де қоюлана бастайды, демек, үйге барып демалып, ертеңгі жұмысқа дайындалу керек. Бұл ауылда күн сайын дерлік орын алып жататын көрініс еді.
Оның сыртында мезгіл-мезгіл жан-жақтан концерттер де келіп жататын. Ондайда тек облыс орталығынан ғана емес, сонау алыста жатқан ел астанасы – Алматыдан да әртістер келіп, шағын-шағын ауылдарға өз өнерлерін көрсететін. Мұндай шақтар ауылдықтар үшін шала той. Тайлы-таяғы қалмай жиналған халық клуб ішін лық толтырып, орын жеткендері – отырып, жетпегендері түрегеп тұрып концерт тамашалайды. Шіркін, ол кездің әртістері қандай! Оның үстіне қазіргідей фонограмма жоқ, бәрі де жанды дауыспен шырқайды әндерін. Содан да шығар, адамдардың әртістер кеткеннен кейін де бірнеше күн бойына көргендері мен тыңдаған әндерін бір-біріне тамсана әңгімелейтіні.
Осындай көңіл көтеру шараларымен қатар, ол уақыттарда ауылдарға ара-тұра болса да лекторлар да келіп жатады. Ондай шақта халық кеңсеге жиналып лекция тыңдайды. Тіпті, лекторға сұрақтар қойып, білім-біліктерін толықтыруға ұмтылып жататындар да табылып қалатын.
Біз бұл жайттарды неліктен тәптіштеп айтып отырмыз. Сөйтсек, ол замандарда ең бір алыста жатқан ауылдардың өзі жоғарыда өзіміз айтқандай себептермен белгілі бір дәрежеде үлкен өмірмен, өркениетпен байланысып отырған екен ғой. Екінші жағынан халық сол арқылы жоғары жақтағы басшылардың өздерін ұмытпағанын, елеп-ескеріп жатқанын сезініп жүрген. Тіпті, аудан мен облыстан жиі-жиі келіп жататын түрлі деңгейдегі басшылар мен әртүрлі тексерулердің өзі мал бағу мен шөп шабудан өзге кәсібі жоқ, мимырт тірлік кешетін ауыл тұрғындарының өздерін қоғамның белгілі бір бөлшегі ретінде сезінулеріне ықпалын тигізіп, өмірлеріне өң беріп жатқандай әсер қалдыратын.
Ал бүгін ше? Бүгін ауылдағы ағайындарды іздеп жатқандар бар ма, сірә? Олардың хал-ахуалдары қандай екен? Көптеген ауылдарда қазір клуб та жоқ. Автобус қатынамайды. Мына, теледидар «сахналарында» селтеңдеп жүрген «әртістер» ауылдардың маңайына да жоламайды, әрине, егер біреулер мол ақша береміз деп тойға шақырмаса. Алыс ауылдардың біразында кәдімгі дүкендердің өзі әлдеқашан жабылған. Өйткені, дүкен ғимараттарына электр қуатын тартып, от жағу керек. Оған қаржы қайда? Сондықтан бүгінгі таңда коммерсанттар сауданы үйден жасайды. Аяқ астынан бір зат қажет болып қалса, адамдардың күн демей, түн демей әлгі коммерсанттардың үйлерінің есіктерін қағып тұрғаны.
Абырой болғанда, спутниктік теледидар пайда болып, халықтың «көзі ашылды». Бір қой беріп үйлерінің төбелеріне бір-бір «тәрелкені» орнатып алған. Халық қолдары босай қалса, теледидарды ермек қылады. Жалпы, өркениеттен шетқақпай қалған ауылдықтар үшін бүгінде осы теледидар мен үш мезгіл тамақтан өзге қызық та қалмаған сияқты.
Осындайларды көріп-білгенде кей-кейде ауылды аңсай отырып, осы «алтын бесігімізді», «асыраушымызды» ұмытып кеткен жоқпыз ба деген ойға берілетініміз де бар. Қаланың тынымсыз у-шуына ілесіп, тіршілік үшін күрес өз алдына, ауылдағы ағайындардың хал-жағдайын мүлде естен шығарып алғанымыз дұрыс бола қояр ма екен? Бәлкім, оларға ара-тұра болса да көңіл бөліп, елеп-ескере жүргеніміз жөн шығар? Жалпы, ауылдағылардың өздері не ойлайды екен, осы...
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»