Таяуда Бішкекте түркі халықтарының ұлы ойшылы Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдығы мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Достық» фестивалі өтті. Халықаралық фестиваль аясында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда тарбағатайлық 7-сынып оқушысы Елерке Жамағатова Гран-приге ие болды.
Жәнтікей ауылының Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебінде оқитын Елерке Жамағатова туған жерінің тарихын түгендеп жүрген бүлдіршін. Ол әйгілі халық емшісі Ырғызбай Досханаұлының өмірі мен оның емге пайдаланған дәрілік шөптері туралы ғылыми-зерттеу еңбегімен «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, туған елінің мерейін көтерді.
Конференцияда дарынды балаларды қолдау мен дамыту бағытында республикалық «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығымен бірлесе жұмыс істеп келе жатқан ұстазы Алма Теміржанова да марапатталды. Сондай-ақ, мектептің оқу ісінің меңгерушісі Ардақ Ожаева І орынды еншіледі. Жүлделі орындар үшін диплом мен бағалы сыйлықтарға ие болған оқушы, ұстаз және оқу меңгерушісі Ыстықкөлге, «Рух-Ордо» ашық аспан асты мұражайына және Чолпон ата қаласына саяхаттап қайтты.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы