• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2016

Қаламгер қаламақыға қарық бола ма?

314 рет
көрсетілді

Ұлттық кітапханада Парламент Мә­жі­ліс­інің көшпелі отырысы өтті. Әлеуметтік-мәдени даму коми­тет­інің жұмыс тобы «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­ле­рі­не мәдениет мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу» ту­ралы заң жобасы бойынша тың­дау жасап, маңызды сұрақтарды тал­қы­ла­ды. «Мемлекет үшін мәдени дамуға тұрақты көңіл бөліп отыру – міндет. Бұл бағытта атқарушы үкіметтің де, заң шығарушы парламенттің де бірігіп істейтін жұмыстары баршылық. Әсіресе, бірқатар заңдардың қайта қаралуы мәдени салаға қатысты құ­жат­тардың тез арада жетілдірілуін қажет етуде. Жалпы жұмыстың жемісті болуы – заңдық негіздегі тетіктердің нақты жұ­мыс істеуіне байланысты. Мәдениетке қатысты да солай. Біздің депутаттық топ мүшелері мәдени мекемелердің статусы, қызметіне қатысты көптеген жаңа нор­ма­ларды әзірлеуге қатысып отыр. Ұсы­ныс­тарды талқыға салу үшін сала маман­дарының ортасынан келдік», деді жиында сөз алған Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева. Заң жобасы бойынша талқыға түскен тақырыптардың арасында қызу пікірталасқа ұлас­қан мәселелердің бірі – отандық кі­тап өндірісінің жайы болды. Өкінішке қа­рай, біздің еліміз кітапқұмарлар сана­ты­­нан емес. Оқырманның кітап оқуға де­­ген ынтасын арттыруға қолбайлау болып отырған кем-кетіктер жетіп артылады. Кітап таралымының аздығы бір мысал болса, басылған кітаптың оқырман қо­­лы­на жетуі екінші мәселе. Мұның сыр­тын­­да, жаңа сипаттағы әдеби-көркем шығар­ма­лар­дың жазылуы мен авторлар еңбегінің ба­ға­ланылуы тағы сын көтермейді. «Мен әлгінде бейнесюжеттен Олжас Қа­с­ым атты жас ақынның сөзін тыңдадым. Жас Олжас, жаңа заманның, тәуелсіз әде­биет­тің Олжасы деуге әбден болады! Сол Олжасқа қарап отырып ұялдым... Біз жаңа буынға ештеңе қалдырмадық. Енді ештеңе бере алмай отырмыз. Жас Олжастың кітабы 2000 данамен шығыпты. 5 баспа табақ өлеңдері үшін 25 000 теңге қаламақы алыпты. Тұтас тираждан өзіне 1 дана ғана кітап беріліпті. Қалғанын ақшаңды бересің де, сатып аласың. Осы лайық па? Жас әдебиеттің өкілі осыны көруі керек пе? Мемлекеттің қамқорлығын сезінбеген өнер – өгей бала сияқты өмір сүреді. Мен өзім соншама атақты ақын болсам да, соңғы 25 жылда шыққан кітаптарым үшін 1 теңге қа­лам­ақы алмаппын. Сол арқылы мемлекет менің кәсіби шығармашылығымның лайық­­ты бағасын бермеген сияқты болып шығады. Ия, маған басқа қызметім үшін ақша төлейді және аз емес. Бірақ, мен ақындық еңбегімнің жемісі – өлең жи­нақтарым үшін лайықты қаламақы ал­ғым келеді», деді талқылау барысындағы сөзінде Қазақстанның Еңбек Ері, ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов. Айтпақшы, көтеріліп отырған қаламақы жайы толықтырылуға ұсынылған заң жобасында кеңінен қарастырылған екен. Мәдениет министрлігі өкілінің айтуынша, бұдан былайғы кезеңде өкілетті орган әлеуметтік маңызды әдебиет түрлеріне берілетін мемлекеттік тапсырыстың шең­берінде, сатып алынатын шығарма үшін төлем көлемін көбейтпек. Мысалға, бұған дейін авторларға бөлінген қаламақы мөлшері өнімнің әр баспа табағы үшін 25 000 теңгеден аспай келсе, ендігі жерде оның ең төменгі мөлшері 150 000 теңгені құрайтын болады. Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ