• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2016

Көкшенің көркем кестесі

401 рет
көрсетілді

Елордадағы Ақмола облысының күндері аясында Астана тұрғындары мен қонақтары облыстың бірқатар мәдени және спорттық іс-шараларына куә болды. Бейбітшілік және келісім сарайында ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Құдайберлі Мырза­бек­тің «Ақбоз-өлең тарту еттім хал­қы­ма» атты шығармашылық кеші өтті. Кешті Ақмола облысы әкімінің орын­басары Нұрлан Нүкенов ашып, ақын шығармашылығы туралы ойларымен бөлісті. Одан соң қайраткер азамат, ел ағасы Амангелді Сәдірбеков ақын інісіне ақжарма тілегін арнады. «Ащылы-Жекебояқ», «Айрауық», «Сұр көжек», т.б бірнеше кітаптың авторы, соңғы кезде «Науан Хазірет», халқымыздың біртуар перзенті, Кеңес Одағының батыры М.Ғабдуллин туралы спектакльдері Көкшетау театрында қойылып жүрген драматургтің кешіне оқырмандары молынан жиналды. Қос қанатты ақын дегенді әдетте жазба поэзия мен айтыс өнерін тең меңгерген өнер иесіне қарата айтады. Бұл орайда кешке қатысқан белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай, халық ақыны Қонысбай Әбіл, жыршы, ақын, манасшы Баянғали Әлімжанов, егемендік әріптесіміз, ақын Қорғанбек Аманжол оның жазба поэзия мен айтыс өнеріндегі олжасын, суырып- салмалық қасиетін, драматургиядағы сәтті қадамдарын әңгіме өзегіне айналдырды. Кеште өнер иесі өз өлеңдерін оқыды. Ақынның ең бір нәзік те сыршыл өлеңдері студенттер мен өнерпаздар тарапынан да оқылды. Жоғарыда айтылған екі спектакльден үзінділер көрсетілді. Біраз жылдан бері Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің директоры қызметін атқарып жүрген ақынның сазгерлік қыры да көпшілікке таныс. Кеш барысында ақынның туған жер, махаббат тақырыбындағы әндері орындалды. Ал Ұлттық академиялық кітапха­на­ның конференц-залында «Тәуелсіз елдің азат ойлы ақындары» атты көкшетаулық жас ақындардың қатысуымен әдеби-сазды ток-шоу ұйымдастырылды. Кестелі жырларымен әдебиет әлеміне біршама танылып үлгерген көкшетаулық жас ақындар – Мерген Тоқсанбай, Оюлы Қуаныш (Оспанов) және Бақытбек Бекмұратұлы өз өлеңдерін оқып, шығармашылықтарындағы жаңалықтармен бөлісті. Бір айта кетерлігі, Мерген Тоқсанбай мен Оюлы Қуаныш 19-шы рет өткізілгелі отырған «Шабыт» халықаралық фестиваліне жолдама алып отыр. Іс-шара барысында Мағжан Жұма­ба­­ев атындағы Ақмола облыстық әмбе­бап-ғылыми кітапханасының ұйым­дастыруымен өңірдің тарихы, мәдениеті мен жетістіктерін баяндайтын кітап көрмесі қойылды. Ақмола облысы күндері аясында өткен маңызды мәдени шаралардың бірі – елорда театрларында спектакльдердің сахналануы. Қ.Қуанышбаев атындағы қа­зақ-музыкалық драма театрында М.Шахановтың «Шыңғыс хан» спек­таклі, ал М.Горький атындағы орыс академиялық драма театрында Т.Ахметовтің «Шәкәрім» спектаклі қойылды. Ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық шаралар ұйымдастырылды. Тоғыз­құмалақ, гір көтеру, асық ату, бас­қа да көптеген ойын түрлері «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орта­лы­ғының алаңында өтті. Алаңнан облыс­тың бүркіт пен лашын көтерген құс­бегілері мен төбет, тазыларын жетек­теген аңшыларын да кездестірдік. Сондай-ақ, сол күні облыстың үздік шығар­машылық ұжымдарының концерттік бағдарламалары да көрермендерге тарту етілді. Ақмола облысының Астанадағы күндері «Жер жұмағы – Көкшетау, Ел жүрегі – Астана» атты көкшетаулық өнер шеберлерінің гала-концертімен аяқталды. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»