• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2016

Жолаушының жұмысы жүрсе бітеді

283 рет
көрсетілді

«Жолаушының жұмысы жүрсе бітеді» дейді халық даналығы. Осы бір сөз қимыл-қозғалыстың, бір орында тұрып қалмай, ілгерілей түсудің адам өмірі үшін қаншалықты пайдалы екендігін еске салып тұрған тәрізді. Ал алға қарай қадам басу үшін соған мүмкіндік туғызатындай қолайлы жағдайлар қажет.  Қазіргідей жаһандану жағдайында ел ішін­дегі көлік жүйесін ойдағыдай дамытпайынша, Қа­зақстан экономикасын әлемдік шаруа­шы­лық жүйе­сіне табысты интеграциялау мүмкін емес. Сон­дықтан да көлік саласының қызме­тін өріс­тету, бірінші кезекте,  осы жүйенің инфра­құ­ры­лы­мының даму деңгейін арттыруға бағытталуы тиіс. Қазіргі таңда елімізде автомобиль жолдарын жетілдіру тұрғысында бірқатар ірі жобалар жү­зеге асырылуда. Бүгінде қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік көлік дәлізін солардың ішіндегі ең маңыздысы ретінде атап көрсетуге болады. Осы жобаға алғашқы кезеңде бөлінген 114,4 миллиард теңге жалпы ұзақтығы 1345 шақырымды құрайтын жол бойын жұмыспен толық қамтуға мүмкіндік берді. Қазақстан арқылы өтетін бөлігінің жалпы ұзақтығы 2787 шақырымға созылатын бұл дәліздің құрылысы биылғы жылы толық аяқталмақ. Бұл жолдың өзіне тән ерекшелігі сол, оның құрылысына жаңа технологиялар мен материалдар пайдаланылуда. Олардың қатарында орнықтылықты арттыратын құрылғыларды, геосинтетикалық материалдарды, цемент-бетон жабындыларын, гофрирленген құбырларды, көпірлерді монолитті салу технологиясын айрықша атап көрсетуге болады. Ондағы басты мақсат жол сапасын арттырып, құрылыстың құны мен энергия шығынын төмендету, автомобиль жолдарының қызмет ету мерзімін ұзарту және қауіпсіздікті күшейту болып табылады. Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Қазақстанда 2020 жылға дейін жолға қатысты  жалпы құны 2,4 триллион теңге болатын 11 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын ерекше атап көрсеткен жөн. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін халықаралық қаржы институттарының  5,4 миллиард долларды құрайтын займдарын тарту қарастырылуда. Атап айтар болсақ, Халықаралық қайта құру және даму банкінен – 3,6 миллиард, Азия даму банкінен – 690 миллион, Еуропа қайта құру және даму банкінен – 243 миллион және Ислам даму банкінен 908 миллион доллар тарту көзделіп отыр. Салынуға тиіс жолдардың ішінде Орталық – Оңтүстік жалпы ұзақтығы 1200 шақырымға жететін ең үлкен жобалардың қатарына жатады. Қазіргі уақытта Астана – Теміртау, Астана – Қарағанды, Алматы – Қапшағай аралықтарында құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. 1000 шақырымдық Орталық – Шығыс жобасы Астанадан басталып, Павлодар арқылы Өскеменге дейін созылатын болады. Бүгінгі күні Астана – Павлодар және Павлодар – Семей учаскелерінде жұмыстар атқарылуда. Бұл жоба 2019 жылдың соңына дейін толық аяқталуға тиіс. Аталмыш жобаның Ұлттық қор мен республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып отырғанын назарға сала кеткен артық емес. Одан кейінгі бағыт – Ресейдің Астрахань қаласына қарай шығатын Орталық – Батыс жобасы. Екі мыңнан астам шақырымды құрайтын бұл бағыт ең ірі жоба болып саналады. Осы жолдың Бейнеу мен Ақтау аралығында құрылыс жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Орталық – Батыс жобасы негізінен халықаралық қаржы институттарының есебінен қаржыландырылатын болады. Сол сияқты, Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды бағыты да Қазақстан үшін маңызды жобалардың бірінен саналады. Қазіргі таңда Қызылорда арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік көлік дәлізінің құрылысы аяқталуға жақындап келеді. Осындай себептен де Қызылорда мен Жезқазған арасындағы жол учаскесін қайта жаңғыртуға деген қажеттілік туындап отыр. Өткен жылдың өзінде ғана осы учаскенің 157 шақырымында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жобаны қаржыландыруды да Ұлттық қор қамтамасыз ететін болады. Елорданы Ресей Федерациясымен жалғауда айтарлықтай рөл атқаратын Астана – Петропавл жобасының да ел өмірінде алар маңызы үлкен. Бүгінгі күнге қарасты Астанадан Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейінгі жұмыстар толық аяқталды. Ұзақтығы жағынан онша көлемді болмаса да Жетібай – Жаңаөзен, Үшарал – Достық, Орал –Каменка, Ұзынағаш – Отар жолдары да өңір экономикасын дамытуға өзіндік үлестерін қосатын тиімділігі зор жобалар болып табылады. Кез келген ел үшін, бірінші кезекте, оның экономикасы үшін жол-көлік инфрақұрылымының алатын орны ерекше. Сондықтан да кейде жолдарды экономиканың күретамыры деп атап жататынымыз бар. Әсіресе, жер аумағы жағынан, әлемде  9-шы орын алатын ұлан-байтақ еліміз үшін жол дегеніміздің өзі асқан қажеттілік. Жақсарған жол – жаңарған тіршілік белгісі. Олай болса, жаңадан салынған жолдар бойындағы өмірдің жақсылық жағына қарай түрлене түсеріне деген үміт те үлкен. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»