Қазақ елінің өркендеп, дамуына жалпы әйелдердің қосып жатқан үлесі қандай? Саяси, экономикалық және әлеуметтік-рухани салалардағы олардың алар орны мен атқарар рөлі туралы не айтуға болады? Әйелдердің зейнетақысы мен жәрдемақысының қазіргі қалыбы халықтың көңілінен шығып отыр ма? Әйел-аналардың жұмыссыздығымен билік қалай күресуде? Әйел жанының жаңғырығы дегенде, оны жұрттың қоғам арының айнасы іспетті қабылдауы бекер емес десек, жаңғыру, жаңару, жалғасу Ана атты алып атпен байланысты. Отан-Ана, Жер-Ана, Табиғат-Ана болып, ең асыл атаулармен қосарлана айтылуының өзі бұл ұғымды барынша ұлықтата түседі. Сондықтан да «бір қолымен бесікті, ал екінші қолымен әлемді тербеткен» әйел-ананың құдіреті жайында қанша әңгіме қозғасақ та артықтық етпейді. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара ӘБДIҚАЛЫҚОВАМЕН болған сұхбатта, міне, осы және мұнан да басқа мәселелер сөз болды.
– Гүлшара Наушақызы, қазақ әйелінің қазіргі тыныс-тіршілігіне қатысты сұрақтың алдымен қойылуы заңды да шығар. Тек қазақ әйелдерінің ғана бойына тән болып келетін қасиеттерден олар мүлде ажырап қалған деушілер де кездесіп жатады. Осы сөздер қаншалықты шындыққа жанасады? Өзіңіз қазіргі әйелдердің бейнесін қалай сипаттап берген болар едіңіз?
– Біздің қоғамымызда әйелдер үйдегі жұмысты үйдегідей, сырттағы жұмысты мұнан да аса жауапкершілікпен, екеуін жарасымды жұптастырып, сүттей ұйыған шаңырақтың берекесін кіргізіп, балаларының бақыты үшін күрескен ардақты ана, асыл жар, аяулы ару, сонымен қатар өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, кәсібінен нәсібін адал тауып жүрген, қоғамдағы болып жатқан оқиғалардың қашанда алдыңғы легінде жүретін білікті, белсенді жандар деп есептеймін.
– Қиындыққа мойымай қап арқалап кеткен әйелдердің әрқайсысының әулетті бір өзі асыраған қайсарлығы еске оралады осындайда...
– 90-шы жылдары Қазақстанда өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі жартылай қысқарып, ауылды жерлердің жағдайы одан да мүшкіл халде еді. Cол кезеңде көп әйелдердің шиеттей бала-шағаларын асырау үшін отбасынан айлап-жылдап жырақта жүріп жұмыс істеуіне тура келгені рас. Сол уақытта қаншама әйелдердің өз мамандықтарын тастап, бірі базарда нан сатса, екіншісі тігінші болып, ал енді үшінші біреулері үй қызметшілігіне жалданып дегендей, күнкөрістің қамымен түрлі жұмысқа ауысып кеткеніне куә болдық. Олардың арасында дәрігерлер, мұғалімдер, өнер саласының қызметкерлері, т.б. толып жүрді. Мұны олардың жүрек қалауы деп те айта алмайсыз. Солай істеуге өмір мәжбүрледі. Қиындыққа мойымайтын қажырлы рухтың ежелден әйел болмысымен біте қайнасқан қасиет екенін сонда бір топшылағанмын. Не деген табандылық десеңші! Әдетте отбасындағы бар ауыртпалықты ер-азаматтар көтеруі тиіс деген ұғым санамызға әбден қатып-семіп қалған ғой. Солайы-солай-ау, бірақ нәзік жаратылыс иелерінің елдік те ерлік істеріне байланысты тарихта мысал жеткілікті. Әйелдің ақыл-парасаты бір ауыз сөзбен тарқатып айтып бере салатын сөз емес. Ал, 90-шы жылдар тапшылығы қалай жойылды деген мәселеге келсек, ол әйелдің әр жұмыстың да көзін таба білетін үйлестіргіш қабілетімен, қайратты қалыбымен тежелгені күмән туғызбайды.
– Мемлекет тарапынан бүгінде ана мен балаға, жас отбасыларға нақты қандай көмектер көрсетілуде?
– Еліміздің соңғы жылдарғы экономикалық жағынан қарқынды дамуы сөзсіз халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруына едәуір ықпалын тигізуде. Үкімет әсіресе, халықтың демографиялық өсімінің артуына айрықша назар аударып келеді. Мұндай қамқорлықты көп балалы аналарға берілетін «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерінен, жас отбасыларға көрсетілетін жәрдемақы мөлшерінің ұдайы өсімінен анық байқауға болады. Елiмiзде «Алтын алқа», «Күмiс алқа» белгiлерiмен марапатталған, «Батыр ана» атағын, бірінші, екінші дәрежелі «Ана даңқы» орденін алған көп балалы аналар саны жүз мыңның үстінде. Жыл сайын бюджеттен олар үшін бөлінетін арнаулы төлемдер артуда. Ана мен баланы қолдау мақсатында «Балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар туралы» ҚР Заңы қабылданды. Онда бала тууына байланысты бiржолғы мемлекеттiк жәрдемақы, бала бiр жасқа толғанға дейiн берiлетiн бала күтiмi жөнiндегi жәрдемақы, айлық табысы жан басына шаққанда орта есеппен азық-түлiк себетiнiң құнынан төмен отбасыларға берiлетiн он сегiз жасқа дейiнгi балаларға арналған жәрдемақы берiледi. Былтырғы жылдың қаңтарынан бастап: төртiншi және одан кейiнгi бала туғанда берiлетiн бiржолғы жәрдемақы 70650 теңгеге, бала бiр жасқа толғанға дейiн берiлетiн бала күтiмi жөнiндегi ай сайынғы жәрдемақы бойынша бiрiншi балаға төленетін жәрдемақы 7772 теңгеге, екiншi бала үшін – 9185, үшiншi баланыкі –10598, төртiншi және одан кейiнгi балаларға бөлінген қаржы 12011 теңгеге артты.
Мемлекет тарапынан болып жататын мұндай қолдау мен көмектер басқа да жағдайларда, мәселен, отбасы өзінің асыраушысынан айырылған жағдайда егер бұл үйдің мүшелері әлі еңбекке жарамсыз болып саналса, жәрдемақы беріледі. Жасына байланысты жәрдемақы азаматтар зейнетақы төлемдерiне ие болмағанға дейін «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңында белгiленген жасқа жеткен кезде орталықтан, жинақтаушы зейнетақы қорларынан тағайындалады. Осының мөлшерi ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң жартысына тең. Асыраушысынан айырылу, мүгедектігі, жасына байланысты мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар мөлшерiнің ең төменгi күнкөрiс деңгейi мөлшерiмен есептеліп отырылуы да уақыт талабымен үндес туған шешім. Мәселен, жыл басынан күнкөрiс деңгейiнiң ұлғаюына байланысты мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақының мөлшерi де біршама өсті. Өкінішке қарай, түйінді мәселелер түгел шешіліп бітті деп айтуға әлі де ерте. Бірден-бір алаңдататын жәйттің бірі елімізде татулығы жараспаған шаңырақтардың аз кездеспейтіндігі.
– Тікелей осы отбасылық мәселемен жұмыс істейтін ұйымның бірі де бірегейі Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия десек, бұл бағытта не істеліп, не қойылып жатқаны жайлы әңгімелесеңіз қайтеді.
– 2006-2016 жылдарға арналған елімізде Гендерлік теңдік стратегиясы бар, міне, осы құжатта отбасылардың мәртебесін көтеруге байланысты көптеген мәселелер қарастырылған. Соның ішіндегі ең бір маңыздысы жас отбасыларға қатысты әзірленген жүйелі кешен. Бұл жай бір адамның, болмаса ұлттық комиссияның ойлап тапқан нәрсесі емес, оған біраз жауапты адамдар, ұйымдар қамтылды. Қазақстанның бүкіл аймағындағы ахуал түгелімен қайта сараланып, барлық облыстар мен Астана, Алматы қалаларының әкімдері жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық мәселелер жөніндегі комиссиялар жұмыс істеді. Олар жас отбасылардың жай-күйімен, оларды алаңдатқан проблемалармен егжей-тегжейлі танысып шыққан соң, көп нәрсенің беті ашылды. Ажырасқандардың көбі жастар екені, шаңырақтың шайқалуына басты себептің бірі олардың отбасын құруға дайын еместігі анықталған. Алайда, отбасылық одақтың бұзылуына мұнан да басқа тұрмыстық көптеген жәйттер себеп болып жатады. Сол себеп-салдарларды ортаға сала келе бағдарлама әзірленген болатын. Сонда көзім анық жеткен нәрсе, елдегі демографиялық ахуалды қалыптастыру үшін алдымен халықтың әл-ауқатын барынша арттыруға көңіл бөлінуі керек. Жаңадан ғана құрылып жатқан шаңырақтың іргесінің бекем болуын ойлау ел іргесінің сөгілмеуін тілеумен бара-бар іс. Сол себепті жас отбасыларға деген қамқорлық қашанда үкіметтің басты назарынан түспей келе жатқан өткір мәселенің бірі және бұл осылай болып қала бермек те. Ұлттық комиссияның жергілікті атқару органдарымен бірге ұйымдастырған «Қазақстан отбасылары және оның өркендеуіне жеті қадам» жобасы осы мәселедегі қордаланған ойларды тағы да бір түйіндеп алуымызға мүмкіндік берді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Қазақстандағы қазіргі отбасы және оның мәселелері» және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Мен және менің елім үшін кәсіби-этикалық құндылықтардың маңыздылығы» деген атпен өткен дөңгелек үстелдің кейінгі өскелең ұрпаққа тағылымы айтарлықтай болды деп ойлаймын.
– Мемлекеттік қызметтерде және басқа да түрлі салаларда жұмыс істейтін әйелдердің алатын үлес салмағы қандай?
– Жиырмасыншы ғасырда әйелдердің арасынан небір ғажайып тұлғалар көрінді. Айтулы ғалымдар, ақындар, өнер адамдары, жазушылар, журналистер, саясатшылар, педагогтар жарқырап туды. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени салалардағы олардың белсенділігі бүгінде бұрынғыдан да батылырақ, бұрынғыдан да ауқымдырақ деп айтуға толық негіз бар. Әйелдер мемлекеттік қызметте – 57, сот саласында – 61, білім беру саласында – 73, денсаулық сақтауда 75 пайызды құрап отыр. Тәуелсіздік жылдарында министр болған әйелдердің саны 11 екен. Әрине, әңгіме санда емес, әйелдерге деген құрметті құрғақ цифрмен көрсете алмайсың. Бірақ мен халық үшін қалтқысыз тер төгіп жүрген әр замандасымды мақтан тұтамын. Олардың есімдерінің асқақтауын елінің шын ниеттен туған шексіз құрметі деп білемін.
– Бүгін Астанада әйелдердің съезі өткелі отыр. Мұнда нендей мәселелер сөз болуға тиіс?
– Өзіңізге белгілі, биыл еліміз үшін ерекше жыл. Тәуелсіздігімізді алғанымызға 20 жыл толатындығына орай қыруар шаралар қолға алынуда. Тарих безбенімен қарағанда бұл аз уақыт болып көрінгенімен, біздің мемлекет үшін бұл аралықты ғасырлармен теңеуге болады. Осы уақыт ішінде еліміз тек есін жиып қана қоймай, аты әлемге мәшһүр мемлекетке айнала бастады. Бұл жетістіктерге ақ жаулықты аналарымыздың, кәсіпкер қыз-келіншектеріміздің сіңіріп жатқан еңбегі аз емес. Съезді өткізудегі басты мақсатымыз – осы 20 жыл ішінде нәзік жандылардың атқарған жұмыстарын саралап, өткенге көз жүгіртіп, келер күнге батыл қадам жасау. Бұл шараға мемлекетіміздің қалыптасуына өз салаларында лайықты қызмет етіп жүрген жеті жүзден астам әйелдер қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ, олардың қатарында елімізді шетелдерде насихаттап жүрген қандас қыздарымыз бен бұрынғы отандас әйелдер де осы оқиғаға куәгер болады. Осылай бір шаңырақтың астына қыз-келіншектердің басын қосып, республикамыздағы теңгерімді гендерлік және отбасылық-демографиялық саясаттың 2020 жылға дейінгі даму жолдарын және бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған мәселелерді егжей-тегжей талқылайтын боламыз. Бұған дейін әйелдердің түрлі деңгейдегі басқосулары болып жүргенімен, мұндай ауқымды шара алғаш рет өткелі отыр. Сондықтан съезд жұмысының сәтті өтіп, ел игілігіне қызмет етер қыз-келіншектеріміздің санының арта беруіне және әйелдер қауымын 8-ші наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтап, шаңырақтарыңызды шаттық мекендеуіне және барлық игі істеріңіздің сәтті болуына тілектес екендігімді білдіргім келеді.
Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.