• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2016

Мәслихаттарға 30 депутат сайланды

520 рет
көрсетілді

Cайлау заңнамасына сәйкес, 30 қазанда еліміздің 10 өңіріндегі 30 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өткен еді. Кеше оның қорытынды нәтижесіне байланысты Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос пен Комиссия мүшесі Ләззат Сүлеймен брифинг өткізді. Владимир Фоостың хабардар етуінше, сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге 10 облыстық, 6 қа­лалық, 17 аудандық, 30 округтік жә­не 160 учаскелік сайлау комиссиясы тартылған. Сайлау науқаны барысында барлығы 101 кандидат ұсынылды. Олардың ішінде 16-сы облыстық мәслихатқа, 35-і қалалық мәслихатқа және 50-і ау­дандық мәслихатқа дауысқа түсті. «31 үміткерді саяси партия­лар, ал 70 аза­мат өзін-өзі ұсынды, – деді ОСК төрағасының орынбасары. – Ок­ругтік сайлау комиссиялары мәслихаттар депутаттығына кан­­дидаттар ретінде 96 адамды тіркеді. Сайлау бюллетеньдеріне 92 кан­­ди­даттың тегі енгізілді. Ор­таша бәсекелестік бір депутат­тық мандатқа шамамен 3 үміткерді құрады». Ал Л.Сүлеймен сайлау үдерісіне тоқталды. Оның айтуынша, дауыс беру 2016 жылғы 30 қазан күні 160 сайлау учаскесінде өтті. Сайлаушылардың келуі 79,6%-ды құрады. Дауыс беру қо­ры­тындыларына сәйкес облыстық мәсли­хаттың 4 депутаты, қалалық мәсли­хаттың 10 депутаты және аудан­дық мәслихаттың 16 депутаты сайлан­ды. Дауыс беру барысы мен дауыс­тарды санау рәсімін байқауды канди­даттардың сенім білдірілген адамдары, саяси партиялардың, қоғамдық бір­лестіктердің және БАҚ өкілдері – бар­лығы 396 адам жүзеге асырған. «Мәс­лихаттардың сайланған депутаттарының құрамында 29 ер адам және бір әйел бар, – деп жалғастырды сөзін ОСК мүшесі. – Мәслихаттардың сайланған депу­тат­тарының орташа жасы – 45. Ең жас депутат Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының №6 сайлау ок­ру­гінде сайланды. Оның жасы 24-те. Ең егдесі 63 жастағы депутат Қарағанды қала­сы мәслихатының №30 сайлау округінен сайланды». Брифингті өткізушілердің атап өт­кеніндей, сайланған депутаттардың 96,67% жоғары білімді, 3,33%-ының арнайы орта білімі бар. Ал 40%-ы мемлекеттік мекемелерде, ұйымдар мен кәсіпорындарда, 53,3%-ы коммерциялық құрылымдарда қызмет істейді, 6,7%-ы саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері. Сайлау науқаны сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес өткен. Ортсайлаукомға шағымдар мен өтініштер түспеген. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»