Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Ақан Бижанов пен Әли Бектаев Шымкентте өтіп жатқан «2016 жылы Қазақстанда жүзеге асырылған үздік әлеуметтік жобалар» республикалық көрмесіне қатысты.
Көрменің мақсаты мүмкіндігі шектеулі және өмірі қиын жағдайда жүрген адамдардың өмірдегі ахуалын жақсартуды көздейтін әлеуметтік жобаларды таныстыру болып табылады.
Көрменің ашылуында сөйлеген сөзінде сенатор А.Бижанов Парламент өткен сессияда Еңбек кодексі мен «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңды қабылдағанын, оған сәйкес мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы жұмыс орындары ашылып жатқанын, бұл ретте мемлекет жұмыс берушілердің шығыстары субсидияланатынын атап өтті. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында атаулы әлеуметтік көмекті күшейту көзделіп отыр.
А. Бижанов, сондай-ақ конкурстық таңдаудан өткен жобалар бүкіл халықтан, оның ішінде жергілікті билік органдарынан, әлеуетті демеушілерден, ерікті көмекшілер мен қолдан келген көмегін аямайтын қарапайым ізгі адамдардан қолдау табуы тиіс екенін айтты.
Шара барысында мұқтаж жандарға шын жүректен көмек беретін белсенді азаматтық көзқарастағы жұртшылық өкілдері атап өтілді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.