• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2016

Олар ажырасады...

494 рет
көрсетілді

Актер Асанәлі Әшімовтің «Махаббат – екі адамның бір-біріне деген сыйластығы ғана» деген сөзі бар. Басқа басқа, осы сөз Асанәлі ағамыздың он рет ойланып, жүз рет толғанып, өмірдің бүкіл қызық-шыжығын көріп, махаббаттың да, тағдырдың да теперішін тартып барып жасаған пайымы ғой деп ойлаймыз. Қазір тұрмыстың тауқыметі жеңілдеді. Ықылым бір замандардағыдай бүгінде ешкімді қыштап үйлендіріп жатқан жоқ. Әркім сүйгенін алады, қыздар тапқанына барады. Бірақ, неге ажырасу тым оңай? Бір келіншек: «Түсімде біздің жатын бөлмеміз жанып жатыр екен. Басқа бөлмелер дін аман. Бір уақытта күйеуім екеуіміз жататын қос төсек те өртеніп кетті. Қап-қара болып жанып, күйеленген бос бөлменің төбесіне шошына қарап жатқанымда оянып кеттім» деді. Жоритын түгі де жоқ. Бұлар онсыз да ажырасудың алдында тұрған жұп еді. Әйел байғұс от басын, ошақ қасын қаншама сақтап қалуға тырысып, қаншама кешірімшіл болса да, екінші тараптан осыны керек еткен адам болған жоқ. Қаншама жыл өмірімен алысқан әйел осы түсінен кейін көп ұзамай ажырасты. Олардың күндердің күнінде ажырасатыны сөзсіз еді. Бірін бірі сүймек түгілі, сыйлаудан қалған ерлі-зайыптылар уақыт өте келе жұрттың көзінше де ырылдасып, ырың-жырың болып жүргендерін жасыра алмай қалушы еді. Өзі түгілі, сөзі, тіпті, қала берді, пальтосының түймесіне дейін бір-бірінің жынына тиетін екеуінің пікірі де ешқашан қабысып көрген емес. Әйелі бірдеңе десе күйеуі оны жоққа шығарып, күйеуі бір уәж айтса келіншегі де көптің ортасында отырмыз-ау деместен, міндетті түрде қарсыласа кететін. «Әй, осы сен екеуіңнің бір төсекке қайдан бастарың сыйып жүр?» деген қалжың аралас сұрақтың осы екеуіне қойылмайтыны сирек. Шапылдасып жүріп-ақ күндері өткен жұптар аз емес қой. Дегенмен, бірін бірі егеп жүріп, бір берілген ғұмырды кикілжіңге құрбан ету қандай азап! Ең жаман қасірет те осы! Қолдайды деген адамың қорласа, сені жан-тәнімен түсінуге тиісті жарыңның жанында отырып та жалғыздық кешсең, зая тіршілік сол болып шықпай ма?! Әйтпесе, әр адамға бір адам керек. Әлдилеген сәбиден бастап, қартайғанда бір бала болып отыратын қария да өмір бойы мейірімге мұқтаж болып өтеді. Ал үздігіп жүріп қосылып, жауығып айырылысып жатқандар қаншама?! Әрине, сыйластық жоқ жерде әлсіз, онсыз да күйреуік сезімге қайдан орын болсын! Бірін бірі сыйлап, қадірлей алатындар ғана махаббаттарын қорғай алады. Қорлау басталған жерден бастап сорлы сезім де өлмек. Қарап отырсақ, мына заманда ешкімді ешкімге зорлап қосып жатпаса да, ғайыптан, болмаса бақай есеппен, қала берді, уақыт өте түсінісіп, әйтеуір бір жақсы көріп, отандасып кетерміз деп, өз тағдырын тәуекелге байлап жіберіп, өле-өлгенше бармақ тістеп жүргендерді көріп, жар таңдау да, күйеуге шығу да көйлек ауыстыру емес екендігін түсінесің. Мұны түйсіну үшін Алла адамдарға ақыл берген, ал енді біреулер оны маңдайына жазылған теперіштің бәрін өткізіп барып қана мойындап жатады. Өміріңде көңіліңді қалдырмаған, жаныңды жараламаған, шынайы сүйіп, көзімен ұғып тұрған адамға қызмет етудің рахатын асығыс қадамынан азап шегіп, шынайы жар қосағына жолықпаған адамдар ғана біледі. Бірақ, кімдер сөзіз ажырасады, яки болмаса, қандай жағдайда жаныңа жалау бола алмаған жаннан басыңды ала қашуға тура келеді? Шындап келгенде, «Жаманның жанында жатқанша, жақсының аяғында жат»  деген сөзді де ата-бабаларымыз тегін айтпаған ғой. Егер, Құдай қосқан қосағың мүлде сен ойлағандай адам болып шықпаса, сөзі бір бөлек, өзі бір бөлек болып, өтірігі соңында өріп жүрсе, онда ондай адаммен өмір өткізу қандай болмақ? «Сүймегенге сүйкенбе» деген де бар. Өзіңді сүймеген адамды ешқашан зорлап сүйгізе алмайтының ақиқат. Өзіңді қаламаған адамды әртүрлі айла-шарғымен қаратып алып, ебін тауып, есебін келтіріп те үйлі-баранды болатындар бар. Бірақ, шын махаббат болмаған жерде бәрі бір күні бітеді. Ал бірін бірі шын сүйген адамдар өз сезімдеріне күмән келтіруге жол бермейді. Сол сияқты, мынадай оқиғаларды Сіз де талай рет естігенсіз, куә болғансыз, ең болмаса кітаптан оқығансыз. Мәселен, сұлулық та Алла тағаланың адам баласына берген сыйы. Егер сұлулығын ақылмен, парасатымен суғарған жанды кездестірсеңіз, онда ол тағдырдың өлшеусіз нығметі. Мұндай жанмен дидарласудың өзі бір ғанибет. Алайда, сырт пішіні келісті болғанымен, аузын ашқанда ақымақтығын, қылығымен жеңілтектігін, көкірегімен менмендігін көрсететін арзан сұлулықтан бір күні адам бәрібір жериді, іші мен сырты қабыспайтын жаннан жеме-жемге келгенде бас тартасыз. Сол сияқты, күмән де  – көңілдегі жылан сияқты, адамның жанын жай таптырмайды. Бір-біріне сенбейтін, қызғаныштың қызыл итіне сабырдың ырқын беріп қойған адамдардың да жұбайлық өмірі жақсы аяқтала бермейді. Егер сен оны, ол сені сүйетін болса, неге сен ол адамға сенбеуің керек?! Қалған тіршілігіңнің бүкіл қамын артқан, екі дүниеде адал болуға серттескен адамыңның сенімінен шыққанға не жетсін! Сүйдің бе, онда сол адамға өлердей сен, бар жан-тәніңмен сен. Сонда ғана үмітің ақталады. Әйтпесе, күн сайын түртінектеп жамандық іздеп, сәт сайын сөзіне күмән келтіріп, оны өзіңнің көлеңкеңнен де қызғана берсең, іздегенің бір күні алдыңнан шығады. «О, қызғаныш, адамзаттың серігі! Саған төтеп бере алмас темірдің де темірі» деп ақындар босқа жырламаған... Сүю аз. Асырау да аз. Бір-бірімізді жақсы көрген соң үйленген жоқпыз ба дегендей, қалған өміріңе жүрдім-бардым қарасаң, жарыңның жақсылықтарын бағаламасаң, адамгершілігін айтып отырмасаң тағы болмайды. Отбасының ең басты құндылығы – жарыңның қадірін білу. Бағаламасаң, оның да маздаған оты өшеді. Сосын, бірі бірінің жүрген ізін аңдып, не сөзіне, не өзіне еркіндік бермеген адамдардың да бір күні шаңырағы ортасына түседі. Мұндай қыспаққа шыдай алмаған адам санасының түкпірінде одан сытылып шығудың жолын іздестіре бастайды. Сондықтан, жарыңның пікірі де, көзқарасы мен әуес істері де, достары мен туған-туыстары да сенің жекеменшігің емес. Араласуға, өмір сүруге мұрсат бер. Азды-көпті өмірде жеке басын отбасының бақыты үшін құрбан етті деп жүрген жандардың да күндердің күнінде одан бас тартқанын көрдік. Бүкіл армандарын тәрк етіп, бала-шағасы мен үй шаруасына өзін толайым арнады деп жүрген адамдар да кейде бұлқынады. Керек десеңіз, бейнелі түрде айтсақ, төңкеріс жасауға дейін барады. Егер күйеуі немесе әйелі тек өзін ойлай берсе, екінші жартысының да бір кездегі бала армандары мен бойында бар қабілетін ашуға көмектеспесе, демеу көрсетпесе, бір жақты ғана бақыттың құйрығы шолтаңдап тұрады.  Сондықтан, ол да, сен де бақытты болатындай болуға тырыс, өзің үшін сүйіп қосылған адамның мүдделерін құрбандыққа шала көрме! Ең бастысы, «Бас екеу болмай – мал екеу болмас» деген сияқты, екеу болып отырып да шаруасының дөңгелегі алға жылжымайтын, тапқан-таянғандарының берекесі жоқ, бастаған істері баянсыз бола беретін ерлі-зайыптылар бар. Олар әлі өздерінің неге бүйтіп жүргенін өздері де түсіне бермейді. Жанды жеген бір күйзеліс адамды алға адымдатпайды. Демек, түсіністікте бір кілтипан бар. Мұны психологтар сәйкессіздік синдромынан да іздеп жүр. Отбасында бақытты адам – жұмысында да, достарының арасында да бақытты. Адам шынайы сыйластықтан қуат алады. Мына қызықты қараңыз. Көп адамдардың қателігі сол, көпшілігіміз махаббатқа бұйым сияқты қараймыз. Мерзімі бітіп, ескіріп қалған зат сияқты көреміз. Шын мәнінде олай емес қой. Сүйіспеншілік барлық кезде өлмеуі керек. Мәселен, «Бала-шаға өскенде қайдағы махаббат, бүгін үйленді дейсің бе?» деген сияқты үйреншікті уәждерді ойланбай айта саламыз. Ендеше, екеуден екеу қалғанда  оңаша сырласып, біріңді бірің бала сияқты еркелетіп көрдің бе? Оны не мазалап жүргенін сұрадың ба, жаулары жанын жаралағанда жанына жалау бола алдың ба? Соңғы рет қашан жұбаттың? Әйелің гүлді жақсы көре ме, кітапты ма? Күйеуің кәуап жасап, балық аулауға барғанды ұнатушы еді ғой. Неге оны ұзақ жылдар ұмытты? Бәрі майда-шүйде сұрақтар сияқты, бірақ бәрі де тіршілікті құрайтын түйткілдер... Біздің ең үлкен қателігіміз де осындай майда-шүйделерден басталады. Жылдың төрт мезгілінде күйіп-жанып, тәулік бойы жаным-күнім деп отырмасаң да, жартыңа деген ішіңдегі отты өшірмей, маздатып отыратын мейірім мен адамгершілік, сыйластықтың сый-сияпаты барлық адамға керек. Әйтпесе, олар ажырасады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»