• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2016

Уран сақтау қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі

397 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Күн тәртібіне сәйкес қаралған мәселелердің ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) арасындағы Қазақстанда Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы депутаттардың назарын өзіне көп аударып, ұзақ талқыланды. Заң жобасы туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндама жасады. Төмен байытылған уран банкі (ТБУБ) МАГАТЭ-ге мүше елдерінің атом стансаларына ядролық отынды кепіл­ді түрде жеткізуді қамтамасыз ету үшін агенттіктің қолдауымен қойма ретін­де құрылады. Ол МАГАТЭ-ге мүше ел­дердің біріне орналасады. Агенттік ондай елге төмендегідей талаптар қояды: ядросыз мәртебеге ие болуы керек; тиісті инфрақұрылымдары болуы шарт; МАГАТЭ-нің сеніміне және экспорттық бақылаудың жүйесіне ие болуы керек; Қазақстан осы талаптардың үдесінен табылған. Сонымен қатар, Қазақстанның жоғары байытылған уранды бейбіт мақ­саттарға қолданылатын төменгі байы­тылған уран түріне қайта өңдей алатын тәжірибесі бар. 2009 жылы Президент Н.Назарбаев Қазақстан өз аумағында осын­дай банкті орналастыру мүмкіндігі бар екенін мәлімдеген. Банкті орналас­ты­ру үшін екі алаң ұсынылған. Олар Өс­кемен қаласында орналасқан Үлбі металлургия зауыты және бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны. Осылардың ішінен МАГАТЭ-нің ма­мандары Үлбі металлургия зауытын таң­дап­ты. 65 жылдық өндірістік тарихы бар бұл кә­сіпорын 45 жылдан бері осындай ма­те­риалдармен де жұмыс істейді екен. ТБУБ тікелей МАГАТЭ-нің иелігінде және оның тікелей бақылауында болатын көрінеді. Әкелінетін уранның көлемі 90 тонна, олар 60 цилиндрде сақталады. Министрдің айтуына қарағанда, одан әлемдік нарықта дағдарыс туындаған кезде ғана төмен байытылған уран алынады. Қорытынды сөзінде Қ.Бозымбаев ТБУБ-тың біздің елімізде орналастырылуы – еліміздің ядролық қаруды таратпау режіміне қосылған аса маңызды үлес еке­нін атап өтті. Сұрақ беру рәсімі басталғанда алғашқы сөзді депутат Серік Сейдуманов алып, ТБУБ-тың келуі Қазақстан бюджетіне қо­сымша жүктеме емес пе, сонымен қатар, басқа елдерде ТБУБ бар ма деп сұра­ды. Министр ТБУБ-тың барлық шығын­дары МАГАТЭ-нің мойнында екенін айтты. Ал екінші сұраққа – ТБУБ Ресей аумағында да бар екенін көлденең тартты. Бірақ ол Ресей Федерациясының меншігі екен. Депутат Айгүл Нұркина Мәжіліс отырысына қатысып отырған Үлбі металлургия зауытының директоры Александр Ходановтан зауытта уранды сақтау қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін сұрады. Біздің кәсіпорынымызға әкелінген уранның қауіпсіздігі толық сақталады. Ядролық қойма зауыттың аумағында орналасқан, ал оны тұтастай Ұлттық ұлан күзетеді. Зауыт аумағына қосымша қоршау тұрғызылды, деп жауап берді директор. Депутат Уәлихан Қайназаров ядролық материалдарды сақтау барысында апат орын алса, оны сөндіру мүмкіндігі қарастырылған ба деп сұрады. Оған министр мұндай жағдайға қажетті құрал-жабдықтар Үлбі зауытында бұрыннан бар екенін айтты. МАГАТЭ тарапынан да осындай жағдайдың алдын алатын жаңа техникалар жеткізілмекші екен. Осы жерде министр көп адам біле бермейтін бір факт туралы айтты. Оның айтуына қарағанда, Үлбі зауытында төмен байытылған уран 40 жылдан бері цилиндрлерде сақталып келеді екен. Сондықтан бұл кәсіпорынның уранды сақтау тәжірибесі әбден қалыптасқан, деді ол. Депутат Василий Олейник ТБУБ Шығыс Қазақстанның экологиялық ахуа­лына зардабын тигізбей ме деп сұрады. Оған Қ.Бозымбаев қауіпсіздік мәселелері толықтай ескерілгенін жеткізді. Депутат Мұрат Теміржанов Келісімде Қазақстан жағы осы жұмысқа тартылатын барлық қазақстандық персоналдардың шығынын көтереді деп жазылған. Сонда олар қанша адам болады, олардың еңбекақы қоры белгіленді ме, қанша жаңа жұмыс орындары ашылады деп сұрады. Оған министр Қазақстанның қоймаларды жылыту, электрмен жабдықтау, күзетпен қамтамасыз ету шығындарын ғана өз мойнына алғанын айтты. Ал зауыт директоры А.Ходанов жаңадан жұмыс орындары ашылмайтынын, барлық қызметті зауыттың өз персоналы атқаратынын жеткізді. Өйткені, 60 цилиндр бір-ақ жолы жеткізіліп, қоймаға қойылады, оған қосымша жұмысшылардың керегі жоқ, деді ол. Осындай ұзаққа созылған сұрақтардан соң қосымша баяндаманы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік коми­те­тінің мүшесі Юрий Тимощенко жасады. Шағын талқылаудан кейін заң жобасы толығымен мақұлданды. Осы күні палата Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2015 жылғы 2 қарашадағы заңның қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы 2016 жылғы 30 маусымдағы заң­ға өзгерістер енгізуге байланысты заң жо­басы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін белгіледі. Сонымен бірге, қарсы барлау қызметі, пробация, сондай-ақ, дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы және оларға ілеспе заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң бірнеше депутат орталық атқару органдарына өздерінің депутаттық сауалдарын жариялады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»