• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2016

Әлниязұлы Тобанияз туралы не білеміз?

3455 рет
көрсетілді

Ел жадында есімі мәңгілік сақталып қалатын тұлғалар болады. Солардың бірі Әлниязұлы Тобанияз! Оның туғанына 140 жыл толса да, есімі елеп-ескерілмей қалып бара жатқаны көзіқарақты азаматтарды ойландырмай қоймайды. Ел Тәуелсіздігі жолында күрескен, өмірін құрбан еткен қайраткерлерді қазіргі жас ұрпақ санасына сіңіріп отыру күн тәртібінен түспейтін мәселелердің бірі екені жұртқа мәлім. Олардың рухы алдында қазіргі бейбіт елдің әрбір азаматы басын иіп, тағзым етуі тиісті. Халық ақыны Сәттіғұл Жанғабыловтың Тобаниязға арнаған екі толғауына қырық жылдан астам уақыт бойы тыйым салынған еді. ...Әй, адамзаттың баласы-ай, Алланың болсын панасы-ай... Жақсылар аттан жығылса, Жаманның қанар табасы-ай, – деп, басталатын Тіней Закарияның зарлы жыры да Тобанияз жаламен түрмеге түскен кезде шығарылған. Тауқымет не салса да тартынбасын, Деп берген Құдай оған нар тұлғасын,- Топжарған Тобанияздың хақ жаратқан Тақ пен тәжға лайық алтын басын... Уа, Аруақ, деп шырағдан жағысқандар, Зауал күнде басынан бағы ұшқандар. – Тоба! – деп те нар тұлға Тобағаңа Намаз сайын бір дұға бағыштаңдар!! – деп, Қазақстан халық жазушысы Хамит Ерғалиев Тобанияздың 120 жылдығына жыр арнаған болатын. «Тобанияз қыстауы» атты деректі хикаятымды осы қайраткердің мерей тойына байланысты, осыдан 21 жыл бұрын жазған едім. Қаражаттың жоқтығынан екі-үш жылдан соң, «Жазушы» баспасының директоры арқасында жарық көрген-ді. Бұл кітап нақты деректерге негізделген, Тобанияз бабамыздың арғы-бергі туыстарының тұқым-тегі түгел дерлік қамтылған деуге болады. Себебі ұрпақ ауысуына байланысты ел жадында қалуы үшін өз көзімен көрген, етжақын, жанашыр жандардың айтуынан алынған деректерге сүйендім. Тобанияз бабамыздың өзі айтқанындай, 12 атасынан бері қара табан кедей болған, орпа қазып, тары еккен, етікші де болған, жона тіліп, ер шапқан, киіз үй жиһаздарын да жасай білген. Жастайынан тілге шешен, аңғарымды, зерек болып өседі. 12 жасынан бастап, ел ісіне араласа бастайды. Бала би де атанады. Ат құлағында ойнайтын шабандоз әрі ержүрек болып өседі...патша заманында болыс та болады. 16-шы жылдың дүрбелеңінде патша жарлығына қарсы шыққаны үшін екінші рет түрмеге түседі, одан Ақпан көтерілісінен кейін бостандыққа шығады. Қазан төңкерісінен соң да қоғамдық істен шет қалмайды. 1918 жылы Маңғыстау ревкомының төрағасы болып тағайындалады. Жергілікті тұрғындар арасында ескі ұғыммен оны «хан» деп түсінгендер де болған. Алайда, Тобанияз Әлниязұлы ондай орынсыз даңғаза мадаққа қарсы болған. Оның үстіне сол заманға сай орысша-қазақша сауатты хатшылары болғаны тарихтан белгілі. Елді отырықшылыққа үгіттеді, өзінің ата қонысында үй салды. Егін егеді, бірнеше мектеп ашады, тіпті, алғаш рет ата-анасыз қалған жетім балаларға арнап балалар үйін аштырады. Жергілікті жердің жағдайына байланысты халықты салық төлеуден босатуды талап етуі ұлан-ғайыр әңгіме.Сол кездің деректеріне қарағанда, Тобанияз 22 болыстан бастап, 29 болысқа дейін ел басқарған. Оның аумағы қазіргі Балтық жағалауы республикалары көлеміндей болған. Өз заманында ол большевиктерге де, меньшевиктерге де түпкілікті сене алмаған. Оның сенім артқаны – Алашорда партиясы, Алаш үкіметі! «Алашорда үкіметіне Адайдың бір атты әскер полкін ер-тұрманымен дайындап беремін!» дейтін сөзі оған дәлел бола алады. Оның қазақ халқының алдындағы орасан зор еңбегінің бірі – 1920 жылы Маңғыстауды Закаспий облысынан Қазақстанға қосу кезінде танытқан айрықша қажыры. Төрт ай бойы айтыс-талас, дау-шарды басынан өткерген. Орынбордағы Бақытжан Қаратаев пен Сейітқали Меңдешевке айтқан әңгімелері төмендегідей: «Біз көршілерімізбен тату-тәтті тұрамыз. Ашу-араздығымыз жоқ. Біз де түрік, олар да – түрік, дініміз ислам. . Олар табиғатынан қызылбас еліне тілі де, дәстүрі де жақын. Ал біз маңғыстаулықтар түріктің қыпшақ тобына жатамыз, қазақпыз, Он екі ата Байұлының бірі Адаймыз, тіліміз қазақ, дініміз ислам. Келешек ұрпақ қамы үшін Қазақстанға қосылуымыз керек!» Сол кезде бұған қарсы пікір де болған. Бірақ, Қаратаев бастаған бір топ ел азаматтары Тобанияздың ұсынысын қолдаған.Алайда, іс мұнымен бітпейді. Әрбір қоныс, шыңырау, қорымдар қазақтардікі ме әлде көрші елдікі ме, – осының бәрін межелеу оңайға түспеген. Екі жақ та қызуқанды болғанымен, Тобанияздың беделі мен төңкеріс комитетінің арқасында мәселе дау-дамайсыз шешілген. ҚазЦИК-тің директивасымен заң жүзінде түпкілікті бекітілді.Директиваға Атқару Комитетінің Төрағасы Н.Төреқұловтың қолы қойылған. Сөйтіп, Маңғыстау өңірі қайтадан Қазақстан құрамына енді! Оның алдында, жұртқа белгілі Әліби Жанкелдиннің отрядына байланысты, академик Салық Зимановтың айтуынша, Тобанияз 40 күн бойы ат үстінен түспеген. Кейін, Тобанияз жалалы болып, түрмеге түскенде, Әліби қандыкөйлек жолдасын құтқара алмағанына өле- өлгенінше өкініп өткен. Алмағайып кезеңде оның басынан нелер келіп, нелер өтпеді дейсіз. «Жаптым – жала, жақтым – күйе» демекші, қаралаудың неше түрін естіді. Голощекиннің оны «князь!» деп кекете атауын қайтерсің. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарына дейін кез келген милиция қызметкері «Тобаниязды мен ұстаған едім...», «Тобанияз бостандыққа шығыпты, елге келе жатыр екен» деген сияқты қауесеттер таралған-ды... Шындығында, оның моласының қайда қалғаны осы күнге дейін белгісіз. Ұрысып қанжар, борасып оқтар, Тыншыды сүргін, қырғыны ... Жердің бетінде моласы жоқтар Келердей қайтып бір күні... Не жетсін жаудан қаза құшқанға, Айтыңыз, бірақ, Тоба, сіз – Маңғыстауыңды Қазақстанға Қостың да... қалдың моласыз. Кесапатынан қараңғы мидың Еліме ерім сыймады. Сен болсаң, байтақ далаңды қидың, Молаңды саған қимады... – деп жырлаған Светқали Нұржан ақыннан артық не айтуға болады. «Аққа – Құдай жақ» демекші, ақырында, Тобанияз Әлниязұлы түбегейлі ақталып шықты. Өткен ғасырдың 60-жылдары оның туған жиені Бүркітов Айтуардың КСРО Бас Прокуроры Руденкоға арыз жазып, Тобанияз бабамыздың ақталғаны жайлы алған АРХИВ АНЫҚТАМАСЫ-ның көшірмесі мынау: «Дело по обвинению Алниязова Тобанияза 1875 года рождения пересмотрено судебной коллегией по уголовным делам Верховного Суда Каз.ССР 8 февраля 1962 года. Постановление бывшей тройки при П.П. ОГПУ в Казахстане от 9 октября 1930 года и постановление Президиума Гурьевского областного суда от 3 января 1961 г. в отношении Алниязова Тобанияза отменить и дело производством прекратить за отсутствием всего состава преступления -- реабилитирован Директор архива М. Х. Абилова Исполнитель Г. Т. Жакыпкалиева» (қолдары қойылған, мөр басылған) Енді бір әңгіменің парасы мынадай болып келеді. Кейбір лауазымды, тіпті, пәтуәлі сөз айтады-ау деген зерттеушілердің өзі 31-ші жылғы тарихта «Адай көтерілісі» деп аталған оқиғаны айналып өтуге тырысады. Елге қиямет-қайым зауал келгенін, ел көтеріліп, қиыр кетіп, шет жайлағанын, Ауған асқанын ашаршылықтың салдарынан еді деп түсіндіруге тырысады. Шындығында, оның Голощекин және жергілікті кеңестік жандайшаптардың қолдан жасаған қанды қырғыны екені, халық аузында «Мың үй қырғыны» деп аталып кеткені Қазақ елінің тәуелсіздік алуына байланысты айтылып та, жазылып та жүр. Осы орайда Тобанияз Әлниязұлының орасан зор қайраткерлік іс-қызметін «Тобанияз қыстауында» біршама қамтыған сияқтымын. Оны қалың жұрт біледі ғой деп ойлаймын. Және бір жайт, Тобанияз тек маңғыстаулық қана емес, сонымен бірге Қазақстанның жалпы батыс өңірінде жерге қоныстандыру жұмысымен де, билік айтуымен де, басқадай іс-қызметімен де еңбек еткен тұлға. 20-жылдары тырысқақ (холера) індеті кезінде Темірде лазарет ашқан дәрігер Халел Досмұхамедовпен тікелей байланыста болады. Оның қарауына он жігіт жібереді. Олар індетке қарсы вакцинация жасауды үйренеді. Оны «пісік болу» деп атаған. Ол – ол ма, заманында оны түркі әлемі де білген, ұлты башқұрт ғұлама ғалым әрі қоғам қайраткері Ахмед Заки Валиди Доған оны «Тәуба Нияз» деп атаған еді. Тағы бір әңгіменің ұштығы Тобанияз бабамыздың әке-шешесіне тіреледі. Оның анасы Маңғыбай Көрпе Төртқара деген кісінің қызы, кенже Пұсырман келіні Жансұлу 80 жасында дүниеден өткен. Бүкіл ауыл оны «кәрі шеке» деп атап кеткен. Тобанияздың жазғы жайлауы – ұлы бабасы, халық батыры Ер Қонайдан қалған қонысы қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Буракөл деген елді мекен. Сол көлдің солтүстігіндегі шағын қауымда біраз ағайындары мен анасы Жансұлу қария да жерленген. Тобанияз бабамыздың екінші ұлы Зәкіржаннан тараған ұрпақтары әжесінің басына құлпытас орнатып, белгі қойды. Көнекөз қариялар Тобекеңнің арғы аталары жоңғар шабуылынан көп бұрын Алтай өлкесін жайлаған деседі. Адайдың Жеменей атты тайпасы болып есептелінетін бір бөлігін құрайды. Оның өзі Алтайдағы Жеменей өзенімен аттас. Ал бұлардың Сауран айналып, Маңғыстауға жетуі тарихта 18-ші ғасырдың орта кезеңі деп есептелінеді. Содан тарайтын Тобекеңнің бесінші атасы Қонай ел аузына іліккен атақты батыр, өмірде болған адам. Оның ерлігі жайлы аңызға бергісіз әңгімелер бар. Белгілі халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов оған жыр арнаған. Сол Қонайдың жасөспірім кезін бейнелейтін бір аңыз әңгіме төмендегідей. Бірде ел үдере көшіп, қалмақтардан қашып келе жатады. Көштің алды Сырдан өтіп кетсе керек. Көш соңында жасы жеткен Есен қартқа қарайлап, оның екіқабат тоқалы, бір кішкене қызы мен он төрт жасар Қонай қалады. Кенеттен жау шоғыры көрінеді. Ойланып-толғанып тұруға уақыт жоқ. Есен қарт астындағы атын Қонайға ұсынып: «Шешең мен қарындасыңды мінгестіріп, мына атпен дариядан жалдап өт!» – дейді. – Кәке, өзіңді қалай тастап кетемін, – деп, жылайды бала Қонай. «Мен жауға қарсы тосқауыл жасай тұрамын, тез атқа мін!» – деп ақырады. Амалсыздан тоқал шешесін артына мінгестіріп, қарындасын алдына алып, дариядан жүзіп өтеді. Жағаға шыққан соң артына бұрылып қараса, әкесі Есенді қалмақтар найзаларымен түйреп алып, жоғары көтеріп тұр екен. Сонда Есен қарт: – Көш бетін құбылаға түзесін. Бөгелме, кете бер! Елге сәлем айт, қош бол, балам! – деп, айқайлап үлгереді... Қонай бала батыр болып өседі, ел қорғанына айналады. Оның ерлік істері халық жадында қалған. 1994 жылы халық жиналып, Қонай батырдың сүйегі жерленген Сисем Атада оның басына кесене орнатты. Бір-екі жыл бедерінде Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығының директоры Нұрлан Құлбаев пен мұрағаттанушы, өлкетанушы Алқажан Еділханов жүргізген экспедициялық зерттеу барысында, Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылдық округінен үш шақырым жердегі Алып Ана қорымынан Пұсырманұлы Әлнияздың (1851–1892 жж) жерленген орнын, басына қойылған жартылай сынған құлпытасын тапты. Тобанияздың екінші ұлы Зәкіржаннан тараған төрт ұл бірігіп, бабасы Пұсырманұлы Әлнияздың басын көтеріп, Сағыз кентінде ас берді. Мұны қалың жұрт ізгілікті іс деп бағалап, өткенге салауат айтып, Тобанияз шөберелеріне алғысын білдірді. Ата дәстүрге берік, ұрпақтар сабақтастығын айтқанда, елі мен жеріне еңбегі сіңген аяулы азаматтарды ұлықтап, еске алғанда талай ғасыр аңсаған ата-бабаларымыздың асыл арманы – Тәуелсіздігіміздің қандай қиындықпен келгенін жас ұрпақ білсе игі еді дегім келеді.Тобанияз бабамыз сияқты ірі тарихи тұлғаны, қоғам қайраткерін ұлықтаудың заманы туды. Не көрмеген халықпыз дейсің! Есімханның ескі жолынан да, Қасымханның қасқа жолынан да өтіп, ұзақ, бұралаңы көп 550 жылдық тарихымызды артқа тастап, Нұрсұлтанның нұрлы жолына түсіп, Ұлы Дала Еліне айналғанымызға мың да бір тәуба! Жем, Сағыз бен Ойыл бойында да Тобанияз бабамыздың бедерлі іздері қалды, талай дау-шарларда, айтыс, таластарда қара қылды қақ жарған әділ биліктері мен игі істері халық жадынан өшпек емес. Сондықтан, халқымыздың бостандығы жолында өзін құрбан еткен аяулы азамат, күрескер, қоғам қайраткері Әлниязұлы Тобанияздың есімін мәңгіге сақтау үшін, оның туғанына 140 толуына орай, Атырау облысы Қызылқоға ауданының орталығы Миялы мен Сағыз тірек ауылдық округінен бір-бір көше және осы округке қарасты Қоңыраулы елді мекені Тобанияз Әлниязұлы атымен аталса деген ұсынысты Атырау облысы Қызылқоға ауданының әкімдігі мен аудандық мәслихат депутаттары кәміл қолдайтынына бек сенімдімін. Қазіргі жас ұрпақ Тәуелсіздігіміздің қадірін елім деп еңіреп өткен кешегі аға ұрпақ өкілдерінің тарихи өмір шындығын жете білгенде ғана түсінетін болады. Тәжiбай ЖАНАЕВ, жазушы, Атырау облысы Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы