Ертең Алматыдағы жаңа мұз сарайларында сырғанақ маусымы басталады. Алматылықтар мен қала қонақтары жаңа мұздың сапасын көруге құлықты-ақ. Оның үстіне әсем ғимаратта сырғанап демалғанның өзі неге тұрады?!
Жаңа мұз сарайының ішіндегі температура сырттағы ауа райына байланысты бір орталықтан реттеліп отырады. Қажет болған жағдайда павильондағы ауаның температурасын +18 градусқа дейін көтеру жайы да қарастырылған.
Жаппай сырғанау маусымы «Алматы Арена» және «Халық Арена» нысандарында түрлі концерттік шаралар мен спорттық жарыстарды өткізуге бөгет жасамайды. Өйткені, мұз кешендерінің әрқайсысы негізгі және жаппай сырғанауға арналған екі айдыннан тұрады.
Жаппай сырғанауға келушілер үшін арнайы коньки жалға беру орындары жұмыс істейді. Өз конькилерімен сырғанаушыларға да шектеу қойылмаған. Әрбір сеанс аяқталысымен мұз тазаланып отырады. 7 жасқа дейінгі балалар, І-ІІ топ мүгедектері, көп балалы отбасылардың балалары және жетімдер үйінің тәрбиеленушілері мұз айдынына тегін кіре алады. Оқушылар, студенттер мен зейнеткерлер және ІІІ топ мүгедектеріне арнайы жеңілдіктер қарастырылған.
Меліс СЕЙДАХМЕТОВ
АЛМАТЫ