• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
06 Қараша, 2016

Алматы өнерпаздары Астанада (фото)

532 рет
көрсетілді

Бүгін елордада Алматы қаласының Астанадағы мәдени күндері аясында бірқатар шаралар өткізілді. Ең алдымен Ұлттық музейде мультимедиялық және фотокөрме ашылды. Елорда жұртшылығына Алматы тарих музейінен экспонаттар ұсынылды. Шараны Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ашты. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел экономикасында Алматы қаласының үлесі 7-ақ пайыз болатын. Қазіргі кезде бұл 20 пайызға жетті. Алматы қаласы барлық бағыт бойынша дамып келеді. Оның ішінде мәдениет саласының да орны ерекше»-деді қала әкімі. Ол Ұлттық музейде Алматы қаласының көрмесі ашылуын үлкен құрмет деп түсінетінін жеткізді. Өз кезегінде Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай тарапынан да алматылықтарға алғыс айтылды. Көрменің мультимедиялық контентін көне дәуірден осы уақытқа дейінгі аралықты қамтитын бірегей тарихи суреттер құрайды. Сондай-ақ, көрмеде Алматы қаласы бойынша 3D тур ұсынылды. Көрме желтоқсанның 5-не дейін жалғасады. Ұлттық академиялық кітапханада Алматы қаласы ақын-жазушыларының шығармашылық кеші өтті. Әділғазы Қайырбеков, Қасымхан Бегманов, Маралтай Райымбекұлы, Жанарбек Әшімжан, Есей Жеңісұлы, Айбол Исламғали сынды танымал ақын-жазушылармен кездесуге елордалық зиялы қауым өкілдері мен студент жастар молынан жиналды. Кешті ақын Маралтай Райымбекұлы жүргізді. Қоғам қайраткері Асылы Осман, профессор Серик Негимовтер ақындарға ізгі тілектерін арнады. Кеш барысында ақындар өлеңдерін оқыды. Оқырмандары сұрақ қойды. Солайша өлең, сұрақ-жауап, ізгі тілектермен өрілген тамаша кеш өтті. Ал, кеште «Қазақстан» концерт залында Алматы қаласы әкімінің Эстрадалық –симфониялық оркестрі мен еліміздің танымал эстрада әншілерінің қатысуымен гала-концерт өтті. Концертке Айқын Төлепберген, Луина, Димаш Құдайбергенов, Диана Шарапова, Әли Оқапов сынды әншілер мен «Қоңыр», «Кешью», «Жігіттерә, «Ринго» және «Мұзарт» топтары қатысты. Айта кетейік, аталған шаралардың бәрі «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» деген тақырыппен өтті. Айгүл СЕЙІЛОВА Фото Ерлан ОМАРОВ