Ұлттық Дельфий ойындарының тұңғыш рет шағын қалада өткізілуі Степногорск шаҺары мен облыс тарихындағы елеулі оқиға саналады. Сондай-ақ, шараның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі аясында ту көтеруі әлем назарындағы ойындардың маңызын арттыра түсті. Биылғы зияткерлік жарыстың тағы бір ерекшелігі, мұнда алғаш рет ән мен хореографиялық шеберлікті ым-қимылмен сынға салатын парадельфийлік фестивальдің ұйымдастырылуы дер едік. Сондықтан болса керек, әсем қаланың думан жасауы бұрынғыдан да жарқырай түскендей әсер қалдырады.
Ұлттық Дельфийлік комитет Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен өткізген ойындарға еліміздің 14 өңірі мен 2 қаласынан 556 өкіл қатысты. Олар екі жас дәрежесінде 17 аталым бойынша бәсекеге түсті. Ал степногорлықтар алаңға жеке команда шығару құрметіне ие болды.
Степногор қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев ХІІ Ұлттық Дельфий ойындарын ашық деп жариялап, оған қатысушылар шаһардың бас Ту тұғырында Дельфий алауын жақты.
«Бірлігіміз жарасқан!» ұранын көтерген ХІІ Ұлттық Дельфий ойындарының ресми ашылу салтанаты «Горняк» мәдениет сарайында қатысушылар шеруімен басталды. Онда іріктеу сындарынан сүрінбегендердің таныстырылым рәсімі, қазылар алқасының ант қабылдауы мұндай шараның биік деңгейін және жарыстың тартысты өтетіндігін аңғартып тұрды.
Жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеген Халықаралық Дельфий ойындары комитетінің директоры, Ресей Ұлттық Дельфий ойындары кеңесі атқару комитетінің төрағасы Владимир Понявин, Ұлттық Дельфий ойындары комитетінің директоры Құралай Тұспекова, Ақмола облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Ринат Галлямов аталған шараның елді ұйыстырудағы, жас таланттардың жолын ашудағы маңызына тоқталып, үміткерлерге табыс тіледі.
Бағдарлама аясында құрметті қонақтармен интерактивті сұхбат жүргізілді. Қазылар алқасының мүшесі, актер, продюсер, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әнуар Нұрпейісов Дельфийлік ойындар барысында Степногор қаласы шахмат федерациясының қызметі туралы қысқа метражды фильм түсірілетінін айтса, Тұңғыш Президент Қорының бас менеджері Ерлан Сатаев Қор мұндай шараны бірінші болып қолдағанын, Қырғызстан Дельфийлік қозғалысы комитетінің директоры, 2002 жылғы ойындардың төрешісі Рафаил Сарлықов пен Петропавл қаласындағы студенттердің театр тобының жетекшісі Айнұр Бекманова биылғы зияткерлік жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап көрсетті.
Сонымен бірге, белгілі өнер және эстрада жұлдыздарының концерті де мереке шырайын аша түсті. Әсіресе, «Астана Опера» театрының әншісі Альфия Кәрімованың, Алмас Кішкенбаевтың, Ринат Малцаговтың әуелі де әуезді әндеріне көрермен риза көңілмен қол соқты.
Шығармашылық байқаулары Степногордың 17 мәдени алаңдарында өткізілді. Таңдаулылар 17 дельфийлік және 2 парадельфийлік аталым бойынша сынға түсті. Ән айтуды ым-қимылмен шебер орындаған қызылордалық Сағи Мұхамбет жеңімпаз атанды. Ал хореография жанрында Петропавл қаласынан келген «Sensitive» ансамблі үздік шықты. Ақмолалықтар бұл жолы 12 медальды қоржынына салса, бұның төртеуі степногорлықтардың еншісінде. Атап айтсақ, Шыңғыз Русин алтын, Хамидолла Шерхан мен Әбілхайыр Байманбетов күміс, Махаббат Әбділманова қола медальды жеңіп алды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы
Суретті түсірген
Ермұрат Досымов