Олимпиадалық ойындардың екі мәрте қола жүлдегері Иван Дычко және грек-рим күресінен Қазақстанның жеті мәрте, әлемнің екі мәрте чемпионы Юрий Мельниченко «Физкульт-Ура» әлеуметтік жобасы аясында Қостанай қаласындағы №1 мектеп-лицейінде сабақ берді. Бұл ерекше сабақ 4-сынып оқушыларының есінде ұзақ қалары сөзсіз.
«Мен балаларға алдын ала ескерттім, олар атақты спортшымен кездескенше асықты.Біздің мектеп оқушыларды спортқа бейімдемейді, алайда балалардың спортқа ынтасы артуы, үлгі-өнеге алуы үшін мұндай сабақтар керек», - дейді денешынықтыру пәні мұғалімі Александр Минко.
Иван Дычко мен Юрий Мельниченко балаларға түрлі жаттығулар жасатты.
«Бала кезімде денешынықтыру сабағын өзге пәндерге қарағанда жақсы көрдім. Сапта балалардың ең алдында бірінші болып тұрушы едім. Мен спортты салауатты өмір салтынан бұрын, тәртіп деп білемін. Менен, сірә, қатал мұғалім шығатын болар» дейді Иван.
Оқушылар атақты боксшымен суретке түсті. Сабақтың өте ұнағанын, алдағы уақытта сыныпқа Василий Левит, Геннадий Головкин, Рой Джонсон да келіп сабақ берсе деген армандарын да айтты.
Нәзира Жәрімбетова
Қостанай