Депутаттар үшін өңірлік немесе республикалық аумақтағы проблемаларды шешуге ықпал етудің басты тетігі сауал жолдау болып табылады. Осылайша халық қалаулылары шешімін таппай жатқан түйткілді мәселелерді қоғам назарына ұсына отырып, оған Үкімет пен тиісті органдардың араласуын сұрап жатады. Біз де өз тарапымыздан бірқатар сенаторлардың сауалдарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Болат Жылқышиев Оңтүстік Қазақстан облысы Леңгір қаласына қатысты мәселе көтерді. Сенатор аталған қаладағы осыдан 50-60 жыл бұрын іске қосылған су жүйелерінің әбден тозығы жеткендігін көлденең тарта отырып, Үкімет құрылыс жұмыстарын бастау үшін былтырғы республикалық бюджеттен 260 479 мың теңге бөлгендігін жеткізді. Ал биыл оған барлығы 54 262 мың теңге (республикалық бюджеттен 39 744 мың теңге, облыстық бюджеттен 14 518 мың теңге) қарастырылыпты. Алайда, комитет төрағасы нысанның маңыздылығы және бекітілген сметалық құны 3 473 347,0 мың теңгені құрайтынын ескере келе 2011 жылға бөлінген қаржы көлемі жеткіліксіз екендігін алға тартты. Бұл бөлінген қаржылар қордаланған мәселелерді шешпейді. Жылдағы бөлінетін қаржы көлемі аз болғандықтан, нысан сақалды құрылысқа айналып кетуі мүмкін деген күдік те жоқ емес. Бұл өз кезегінде құрылыс құнының қымбаттауына әкеліп соғады. Нысан құрылысы құнының қымбаттауына жол бермеу үшін сенатор Үкімет басшысынан 2011 жылға 800,0 миллион теңге бөлінуіне ықпал жасауды сұрады. Сауалға депутат Орынбай Рахманбердиев те қол қойыпты.
Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы 12 елді мекеннің 1430 адамы қол қойған хаты түскендігін мәлім еткен сенатор Сәрсенбай Еңсегенов өз сауалын Ауыл шаруашылығы министрінің атына жолдады. Онда Қиғаш өзенінен көктемгі балық аулау науқанына кешігіп шығу немесе мүлдем шыға алмай қалу мәселесіне алаңдаушылық барлығы айтылады. 2009 жылғы 12 тамызда Ауыл шаруашылығы министрінің «Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын пайдалануға арналған шектеулер мен тыйымдарды енгізу туралы» №454 бұйрығы шығып, ол Әділет министрлігінде тіркелген. Осы бұйрықта Қиғаш өзені мен оның қосалқы су тоғандарында, Қиғаш өзенінің түбірлі суларында балық аулауға тыйым салу мерзімдері нақты көрсетіліпті. Оның ең ұзақ мерзімі 1 сәуір мен 31 мамыр аралығын қамтиды. Ел Үкіметі 2010 жылы 28 желтоқсанда «Балық шаруашылығы су тоғандарында балық және басқа су жануарларын аулаудың 2011 жылға арналған лимиттерін бекіту туралы» №1428 қаулысына сәйкес Қиғаш өзенінде аулауға болатын балықтың 18 түрінің лимиттері бекітілген. Сенатордың айтуынша, рұқсат берілген балық түрлерінің ішінде бекіре тұқымдас балықтар жоқ, себебі, бұл балық түрі Қиғаш өзеніне кірмейді.
Қалай десек те шаруашылық жүргізуші субъектілеріне осы кезге дейін балық аулауға рұқсат қағаздары берілмей отыр, дейді Сәрсенбай Құрманұлы. Құзыретті орындар рұқсаттың берілмеуін балық қорын қорғау, соның ішінде бекіре тұқымдас балықты қорғаумен түсіндірсе керек. Оның негізсіз екендігін депутат бірқатар себептермен түсіндіруге тырысты. Біріншіден, Қиғаш өзеніне бекіре тұқымдас балықтар шықпайды. Екіншіден, Қиғаш өзені – Ресей Федерациясымен екі араны бөліп жатқан өзен. Ресейдің Астрахань облысының балық аулайтын шаруашылықтары 2011 жылдың 1 наурызынан бастап балық аулауға рұқсат алған. Егер Қазақстан балықшылары көршілес Ресей балықшыларымен бір мезгілде тартымға түспесе, табыссыз қалады. Тіпті, бір аптаға кешігудің өзі шаруашылықтарға ғана емес, мемлекетке де экономикалық зиянын тигізіп, сол жердегі 10 мыңның үстіндегі адам тіршілік көзінен айырылып, әлеуметтік мәселенің ушығуына соқтыруы мүмкін. Депутат Сенат қарауына түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасындағы балық аулауға қатысты өзгерістер Қиғаш өзені үшін негіз болып табылмайды дегенді өткір қойды. Өйткені, аталған заңдық құжаттың қабылдануы, оның қолданылуы уақыт алса, ал Қиғаш өзені бойындағы тұрғындар үшін уақыт алтынға бағаланып отыр. Сол үшін депутат министрден тез арада аталған мәселені қарап, ауыл шаруашылығының маңызды бір саласы болып табылатын балық аулау мәселесін оң шешіп беруді сұрайды.
Бұл жолғы сауалын Қуаныш Айтаханов медицина саласына арнапты. Сенатор Оңтүстік Қазақстан облысының дәрігерлерінен және Қазақстанның Ерікті кәсіподақ конфедерациясынан еліміздегі инфекционист-дәрігерлерді әлеуметтік қорғауға ықпал етуді сұраған өтініш-хаттардың жиі түсіп жатқандығын сөз етеді. Өйткені, Үкіметтің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 қаулысына сәйкес инфекциялық ауруханалардың медициналық қызметкерлеріне өте қауіпті инфекциялармен жұмыс жасағаны үшін берілетін үстемеақы көлемі базалық лауазымдық жалақыларының 20 пайызын құраса, туберкулезге қарсы жұмыс мекемелерінің медициналық қызметкерлеріне берілетін үстемеақы 220 пайыз құрайды екен. Сондықтан олар өздерінің үстемақыларын көтеруге ықпал етуді сұраған.
Қуаныш Айтаханұлы өз сауалында әлемдегі жағымсыз эпидемиологиялық жағдай мен жаңа инфекциялардың пайда болуы инфекциялық ауруханалардың жұғу қауіпін тудырып отырғандығын басты мысал ретінде келтіреді. Аталған сала қызметкерлері күнделікті жұмысында адам денсаулығына өте қауіпті аурулармен (Конго-қырым гемморогиялық қызбасы, безгек, күйдіргі, тырысқақ, оба, вирусты гепатиттер) жұмыс жасайды. Сондықтан да Үкімет басшысынан осы мәселеге ықпал етуін сұрапты. Республика халқының өмір сүру сапасын арттыруда күні-түні қызмет етіп жүрген инфекциялық ауруханалардың медициналық қыметкерлеріне өте қауіпті инфекциялармен жұмыс жасау жағдайына байланысты базалық лауазымдық жалақыларына қосылатын үстемеақы мөлшерін көтеруге ықпал етуіңізді сұраймын, деген депутаттық сауалда. Осы ретте сенатордың бұл уәжімен келіспеу мүмкін емес.