• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2017

«Халық Арена»

1552 рет
көрсетілді

Алматыда 3 мың көрерменге арналып салынған «Халық Арена» мұз аренасы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың басты нысандарының бірінен саналады. Мұнда Студенттік ойын күндері хоккей сайыстары өтетін болады. Бұл үлкен спорт кешенін салу 2014 жылғы шілдеде басталған. Нысан құрылысын жүргізгендердің 60 пайызын қазақстандықтар құрады. Ғимарат құрылысы межеге сай тамыз айының соңында аяқталуға тиіс еді. Алайда, оның мердігері болған «Ария Жаңа Астана» ЖШС жұмысты мерзімнен 2 ай бұрын бітірді. «Халық Арена» Алматы қаласының Медеу ауданындағы Күлжін және Талғар жолдарының қиылысында 11 гектар аумақты алып жатыр. Ғимараттың жобасын «Арх-Синтезпроект» ЖШС жасады. Жобалаушылардың айтуынша, қаланың осы жері әлсіз шөкпелі топырақтан тұрады. Сондықтан тұрақтылық үшін құрылыс­шылар 15 метр жоғарғы қабатты көтеріп, арнайы балластпен көмген. Нысанның іргетасы монолит темір­бетоннан, жоғарғы бөлігі металл конструк­циядан соғылған. Құрылыс барысында көбі­не қазақстандық құрылыс материалдары, оның ішінде энергияны үнемдейтін әйнектер пай­да­ланылған, тек шатыр ғана Германияда өндіріл­ген арнайы болат кәсіби жабынмен жабылған. Ғимарат сейсмикалық жағынан тұрақ­ты, ол 9-10 баллға есептелген және барын­ша дербес жұмыс жасайды. Оның жеке жылыту жайы, бірінші санаттық транс­фор­маторлық шағын стансасы, су қой­ма­лары бар. Аймақтағы жас көшет­тер өзіндік жер асты ұңғымадан автоматты түрдегі суғарғышпен суарылады. «Халық Арена» бас, қосалқы және әкімшілік сияқты үш блоктан тұрады. Ғимараттың негізгі ошағы болып шайбалы хоккейге арналған 61х30 метр көлеміндегі басты арена табылады. Қасында үлкен халықаралық жарыстарды өткізу үшін міндетті шарт болып табылатын, өлшемі де сондай қосалқы жаттығу аренасы орналасқан. Кешенде спортшылардың жарысты табыс­ты өткізулеріне барлық жағдай жасалған. Жалпы алғанда, хоккей командаларына арнал­ған 12 киім ауыстыру бөлмесі бар, әрбір киім ауыстыру бөлмесінде медициналық массаж орны қарастырылған. Киім ауыстыру бөлмелері жанында Дүние­жүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) талап­тарына сәйкес допинг-бақылау сынамаларын алатын бөлмелер блогы орналасқан. Блок күту бөлмесінен, анализдерді қабылдау бөл­месі және зертханадан тұрады. Жеке төре­ші­лік аймақ, конькилерді ұштауға арналған ар­найы орын, жарысқа қатысушылардың спорт­тық формаларын кептіруге арналған орын­дар бар. Сонымен қатар, спортшыларға ар­нал­ған қосал­қы үй-жайлар кардиожаттығу құрылғы­лары, күш жаттығу құрылғылары және денені керуге арналған бос аймағы бар жаттығу залы қыз­­мет көрсетеді. Сондай-ақ, екі қабатта ар­найы ме­ди­цина-қалыпқа келу орталығы жаб­дық­тал­ған. Климат-бақы­лау­дың заманауи жүйесі жайлы 20-22˚С температураны толық қамта­масыз етеді. Бұқаралық ақпарат құралдары үшін бар­лық қажетті жағдайлар жасал­ған. Баспасөз орталығы, баспа­сөз-конфе­рен­цияларға ар­нал­ған зал, баспасөз-бар, баспасөзге және фото­­графтарға арналған жұмыс бөлмелері бар. БАҚ-қа арналған аралас микс-аймақ та қарастырылған. Онда журналистер жарыстарға қатысушы-командалар өкілдерімен сұхбаттаса алады. «Халық Аренада» 4 комментатор кабинасы жабдықталған және халықаралық стандарттарға сәйкес телекөрсетілімдер үшін жағдайлар жасалған. Сымдық және сымсыз ғаламтор, бөлінген байланыс арналары бар. Жобалаушылар аренаның көрер­мендер үшін барынша жайлы болуы жағын да көздеді. Кешен аумағында ыңғайлы 4 кіреберіс тұр. Жеке автокөліктер үшін 250 орындық (оның ішінде 40 орын – халықтың қимылы шек­теулі тобына арналған) жерүстілік тұрақ бөлін­ген. Жер астылы тұрақ одан да көп көлік санын қамти алады, онда 330 көлік орны қарас­тырыл­ған, 20 автобусқа арналған жеке тұрақ іске қосылған. Ғимаратта 160 отырғызу орындары бар, сондай-ақ, кафе және 150 адамды сыйдыратын екі кафе-буфет жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ерекше жағдайлар жасалған. Оларға аймақтағы кресло-арбаларға бөлінген сызықтар, пандустар, арнайы лифттер мен бас хоккей залындағы жеке орындар және тағы басқалар жатады. Көрермендер спорт жарыстарының барлық қызықтарын, бейне қайталауларды, мәтіндік ақпаратты мұз айдыны­ның үстінде орналасқан алып жарық-диодтық бейнелік текше экранынан көре алады. «Халық Аренаның» залы ең заманауи жарықтық-техникалық және дыбыс жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Жобалау сатысының өзінде осы заман­ауи спорт құрылымын Универсиададан кейін де пайдалану идеясы қойылған. Кешен өзінің белгілеген мақсаты бойынша көпфункционалды болып табылады. Біріншіден, мұнда хоккейден басқа ауқымды жарыстарды өткізу мүмкіндігі бар. Арена басқа да ойын және жеке спорт түрлеріне қарай өзгертіледі. Екіншіден, ең бас­тысы спорттық кешен балалық-жасөспірімдік спортты дамытуға, барлық қала тұрғындарын дене шынықтыруға тартуға есептелген (мысалы, қосалқы сырғанақ айдында барша ниет білдірген адамдар үшін көпшілік сырғанауды ұйымдастыру). Сондай-ақ, мұз аренасының көптеген спорттық-жаттығу залдары да өз келушілерін күтеді. «Халық Аренада» мәдени-көрініс­тік іс-шараларды өткізуге қарай өзгеру құбылысы қарастырылған. Жалпы, «Халық Арена» сәулет кешені ретінде жергілікті табиғат көрінісіне сәтті үйлеседі, ол қаланы болашақта дамытудың маңызды ошағы және барлық қалаушылар үшін спортпен айналысу және демалыс орнына айналуы тиіс. Болжамдар бойынша, арена өз аумағына жыл сайын шамамен 150 000 келушіні тарта алады. Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан»