Жапон бренді саналатын Miniso жылдың алғашқы айында Алматыда франшиза (фр. franchise – жеңілдік) бойынша екі дүкен ашты.
Алдымен Miniso атауы туралы бірер сөз. Miniso – жапон дүкендерінің желісі, әлемдік ритейлер, яғни кең спектрлі бөлшек сауда жасауға бейімделген нысан. Күншығыс еліндегі мұндай сауда орталықтарында азық-түліктен бастап косметика, тұрмыстық химия, ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника мен электроникаға дейін талғамай сатыла береді. Алматыда алғаш ашылған бұл екі дүкенде белгілі себептерге байланысты тек азық-түлік қана сатылмайды. Қалғанының барлығы сөрелерге қойылды. Жапониялық дүкендер желісінің тағы бір басты ерекшелігі – сатылатын бұйымдардың әрбірінің бағасы 900 теңгеден аспайды. Бәрі де халық үшін, халықтың игілігі үшін. Елдің құлағын елең еткізген судай жаңа Miniso Kazakhstan сауда-жайлары Алматыдағы атақты «Апорт» және Maxima сауда-ойын сауық орталықтарынан ойып тұрып орын алды. Қаңтар айының соңына дейін еліміздің бас қаласы – Астананың тұрғындарына қызметін көрсетіп үлгеретін жапониялық Miniso іле-шала республиканың 10 қаласында осындай сауда нүктелерін ашып, ел бойынша кеңінен қанат жаймақ ойы бар.
Алматыға қайта оралсақ, бұл күндері қала тұрғындарының тілі шетелдік атауларға кібіртіктегенімен, әлемдік танымал компаниялардың мінсіз әрі жаңа заманға сай жайлы қызметіне бой үйретіп алғанын да баса айтқымыз келеді. Олай дейтініміз, дәл қазіргі таңда еліміздің бұрынғы астанасында шетелдік 14 мыңнан астам компания жұмыс істейді дегенге біреу сенер, біреу сенбес. Ақиқаты солай. Ол танымал фирмалар әлемнің 100 мемлекетінен келген. Атауларына көз бен құлақ үйренгеннен басқаларын айтпағанда, Alstom, Siemens, LG Electronics, Coca-Cola Bottlers-тің ізін ала Алматыға келген франшиздік Starbucks, McDonald’s, Ritz-Carlton компаниялары қала тұрмысына сіңіп алды. Тұрғындар да жатырқап жатқан жоқ. Әйгілі Kempinski-мен қатар, әлем таныған Hilton және Қарotel мейманханалары тіпті таяуда әсем Алатау бөктерінде қонақ қабылдауға әзірленіп жатыр...
Алдағы жылдың көкжиегінен неміс ритейлері, яғни бөлшек сауда шебері OBI Алматыда аса ауқымды алғашқы гипермаркетін ашуды көздеп отыр. Ал француздық тұрмыстық қызмет ритейлері Leroy Merlin компаниясы таяуда ғана осы аумақтан болашақ мекен-жайын анықтап, жайласар орнын шегелеп кетті. Бізбен әңгімесінде Алматының кәсіпкерлік пен индустриялық-инновациялық даму басқармасы алып шаһардың қазіргі кезде дүние жүзінің сауда рыногындағы азуын айға білеген ТНК және CITIC, Evonic, Staay Food Group, Medical Union Pharmaceuticals, Veolia сияқты алпауыт компанияларымен келіссөздің жүргізіліп жатқанын алға тартты.
Ел тәуелсіздігінің бесігі саналатын Алматы қаласы тұрғындарының бүгінгі қуанышы – Miniso Kazakhstan бөлшек сауда дүкендеріндегі халыққа көрсетілген қайнаған қызмет дер едік. Miniso-ның да алып қаланың шырайын ашарына жұрт сеніп жүр. Өйткені, ол – Қазақстанға Күншығыс елінен жеткен сый!
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ