• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2017

Еліміз аймақтарындағы кездесулер

443 рет
көрсетілді

Өңірдегі оң қадамдар ықыласпен аталды

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров пен сенатор Әли Бектаев Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт және Төлеби аудандарында болды. Жергілікті жерлердегі кездесулерде аймақты дамытудың өзекті мәселелері туралы жан-жақты әңгіме болды. Қазығұрт ауданының тұрғындары сенаторларға ауылшаруашылық саласының өзекті мәселелері туралы айтып берді. Ауыл еңбеккерлері жанар-жа­ғар­маймен қамтамасыз етуге, ауылшаруашылық өнім­дерін өндірушілердің екінші деңгейдегі банк­тердің несиелеріне қол жеткізе алмайтынына, ауыл­шаруашылық техникаларына лизинг бағаларының жоғары болуына алаңдайды. Одан басқа, Қазығұрт ауда­нының тұрғындары кәсіптік-техникалық меке­мелердің жабдықталу деңгейінің төмендігі туралы мәселелерді көтерді. Б.Бекназаров пен Ә.Бектаев Төлеби ауданында да болды. Леңгір қаласының тұрғындарымен кездесуде жаңа жұмыс орындарын ашу, жастарды қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, тұрып қалған мекемелерді қалпына келтіру жайы сөз болды. Сенаторлар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру, Парламенттің заң шығару қызметі тура­лы тұрғын­дарды жан-жақты хабардар етті. Ауыл еңбек­керлері Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Парламент қабылдаған Декларацияға қолдау білдіріп, егемендік жылдарында қол жеткен оң өзгерістерді ықы­ласпен атап өтті. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы  

Маңызды мәселелер қозғалды

Парламент Сенатының депутаты Ақан Бижанов Алматы қаласында жұмыс бабындағы сапармен болды. Достық үйінде сенатор этномәдени және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. А.Бижанов бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясындағы Парламенттің заң шығару жұмысы туралы әңгімеледі. Жұртшылық өкілдерімен пікірлесу барысында елімізді, Алматы қаласын өркендету мәселелері, сондай-ақ, білім беру, ғылым және дәрігерлік қамтамасыз ету жайы қозғалды. Депутат шараға қатысушылармен «Мә­дени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мен Мәдени саясаттың тұжырымдамасында көз­делген жобаларды орындау барысын тал­қылады. А.Бижанов депутаттардың заң шы­ғару жұмыстары мен алдағы жоспарлары, оның ішінде Алматы қаласының ерекше мәр­те­бесін жаңартуға бағытталған жобалар туралы хабардар етті. Депутат атап өткендей, қар­жы, өнеркәсіп, инфрақұрылымдары мен санат­керлік әлеуеті жоғары қала еліміздің экон­омикалық, ғылыми және мәдени орта­лық­тарының қатарына енеді.  Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ  

Түрлі сала өкілдерімен кездесті

Парламент Сенатының депутаты Бақтыбай Шелпеков жұмыс бабындағы сапармен Маңғыстау облысында жүр. Сенатор Ақтау қаласында №16 орта мектепте және «Балбұлақ» балалар бақшасында болды. Оқытушылар қауымымен кездесу барысында білім беру саласындағы өзекті мәселелер туралы әңгіме қозғалды. Шараға қатысушылар жергілікті билік органдары бюджет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге назар аударып отырғанын жеткізді. Б.Шелпеков сондай-ақ, Маңғыстау облы­сын­дағы бірқатар мемлекеттік органдардың бас­шыларымен де кездесті. Сенатор ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ерсайынұлы, жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов және ветеринария басқармасының басшысы Шамғали Хамиевпен аграрлық саланы дамыту мәселелерін талқылады. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АҚТАУ  

Толғандырған сауалдарға – толымды жауап

Мәжіліс депутаттары Мейрам Пішембаев, Арман Қожахметов, Нұрлан Әбдіров, Айгүл Нұркина, Жанат Омарбекова және Ирина Унжакова «УПНК-ПВ» ЖШС кәсіпорнында зауыт басшысы Нағашбек Әубәкіров және еңбек ұжымымен кездесті. Депутаттар кездесуде еңбек­кер­лерді қызықтырған сауалдарға жа­уап берді. Айталық, жұмысшыларды зей­нетақы реформасы мен еңбек заң­намасы жайы толғандырды. Депу­тат­тар бұл сауалдарға толық жауап беріп, сәттілік тіледі. Халықаралық стандарттарға сай өнім шығаратын зауыт «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында бой көтерген. Жаңа өндіріс ошағының ерекшелігі сол, кәсіпорын қалдықсыз технология бойынша жұмыс істейді. Яғни, өндірістік үрдістер барысында электр энергиясын және гипс мате­риалдарын өндіруге мүмкіндік бар. Бұл, бірінші кезекте, қосымша табыс көзі. Жалпы, зауытта 320-дан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Одан соң депутаттар аутизм ау­руымен ауыратын балаларға арналған арнайы орталықта болып, ата-аналарымен әңгімелесті. Жобаның авторы тоғыз жасар баланың анасы Дамира Әбдірахманованың ай­туынша, бұл – аутизммен ауыратын балалар үшін бірнеше жыл ішінде сауығып кетуге жағдай туғыза алатын бірден-бір емдеу орталығы. Сонымен бірге, депутаттар «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жұмыс тобымен бірлесе, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін анықтау жөніндегі рейдке қатысты. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы  

Түсіндіру жұмыстарын күшейтуге шақырды

Парламент Сенатының депутаты Серік Ақылбай Қарағандыда облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековпен аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму келешегін талқылады. Депутат Қарағанды облыстық прокуратурасында мекеменің жеке құрамымен кездесіп, заң жо­ба­­лары­ның Парламентте қаралу нәтижелері туралы хабардар етті. 2016 жылы Се­нат депутаттары 106 заң қарап, қа­былдады. Кезінде жұртшылық ара­сында кеңінен тал­қыланған Жер кодек­сіне енгізілген өзгерістерге де назар аударылды. С.Ақылбай прокуратура органдары заңнамаға экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша енгізілген өзгерістердегі аза­маттардың тұрғылықты жері өз­гер­ген жағдайда уақытша тіркелу мәсе­лелерін түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Сенатор, сонымен қатар, Балқаш қа­ла­сына барып, «Сары Қазына» меке­месінде, №1 емханада және «Пульс» нан комбинатында болды. Сондай-ақ, Приозер қаласындағы әлеуметтік және өндіріс нысандарына барды. Онда «Достық» балалар-жас­өспірімдер шығармашылығы орта­лығының, «Балақай» балалар бақшасының және «Ақбұлақ» мем­лекеттік бағдарламасы бойынша са­лын­ған жергілікті су қоймасының ең­бек ұжымдарымен кездесті. Депутат «Нұр Отан» партиясының қалалық бө­лімшесінде де болды.  Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»  

Мәжілісмен операция жасады

Атырауда Парламент Мәжілісінің депутаттары Бейбіт Мамраев, Кәрібай Мұсырман, Майра Айсина, Зәуреш Аманжолова және Бақытгүл Хаменова отандық кәсіпорындардың жұмысымен танысып, жұмысшылармен кездесті. Мәселен, үдемелі индус­триялық-инновациялық даму мемлекеттік бағ­дарламасы аясын­да іске қосылған «Аты­рау Агро Феликс» ЖШС-інде ауылша­­руа­шылық өнімдері өңделіп, сан алуан салат түрлері мен көкөністер құ­тыға са­лынады. Мұнда қазір 13 адам еңбек етеді. Мәжіліс депутаттарының на­зарын аударған тағы бір нысан – «Жі­гер­мұнайсервис» ЖШС-інде 300-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұ­мыспен қамтылып отыр. Бұл кәсіпорын еліміздің мұнай-газ саласына 16 жылдан бері сервистік қызмет көрсетеді. Нақтылай айтқанда, аталған кәсіпорында мұнай ұңғымаларын тереңдете бұрғылауға арналған қуатты қондырғылар мен стандартты емес металл құрылғылары құрастырылады. Сонымен бірге, мұнда мұнай өнер­кәсібіне арналған жабдықтардың бөл­­шектері де, әсіресе, үлкен сұра­ныс­қа ие бұрғылау қашаулары шығарылады. Бір ерекше атап айтар жайт, Мәжіліс депутаты Зәуреш Аман­жолова облыстық перинаталды орталықтың жұмысымен, мұндағы дәрігерлер мен бауыр еті – баласына өмір сыйлаған аналардың ахуа­лымен танысумен ғана шектелмеді. Гиппократ антына адалдығына берік­тігінен таймайтын «Алтын скальпель» белгісінің иегері Зәуреш Аманжолова мұнда дәрігерлік міндетін атқаруға кірісті. Сөйтіп, орталықта екі анаға операция жасап, қос сәбидің жарық дүниеге аман-есен келуіне қол ұшын созды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» Атырау облысы  

Ұстаздар қауымымен жүздесті

Шығыс өңіріне келген Пар­ламент Мәжі­лі­сі­­нің де­пу­таттары, «Нұр Отан» пар­тиясы фрак­ция­сы­ның мүшелері Анар Жайыл­ға­нова, Айза­да Құрманова, Васи­лий Олейник, Артур Плато­нов және Александр Сус­лов білім саласының қызмет­кер­лерімен кездесті. Жүздесу барысында депутаттар білім беру саласындағы өзекті мәселелерді тыңдады. Саладағы қордаланған жайттарды жайып салған ұстаздар қауымы мәжілісмендерге 100-ге жуық ұсыныс пен өтінішін жеткізді. Оның ішінде, мұғалімнің мәртебесін көтеру, әлеуметтік жағдайын шешу, алыс елді мекендердегі мұғалімдердің жетіспеушілігін жою сияқты маңызды мәселелер айтылды. Кездесуде депутаттар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жөнінде, басқа да заңнамалар туралы баяндады. Әсіресе, жаңа жылдан бастап қолданысқа енгізілген заң жобаларына айрықша тоқталды. Мәселен, еліміздегі терроризм мен экстремизм қаупінің алдын алу үшін толықтырулар мен өзгерістер енгізілген заңнама бойынша қоғамда қызу талқыға түскен уақытша тіркеуге тұру туралы да әңгіме қозғалды. – Тұрғылықты жері бойынша тіркеу – әлемдік үрдісте бар тәжірибе және елімізде де жоқ емес. Қазақстанда халықты тұрғылықты және уақытша тұратын жері бо­йынша есепке алу  бұрын да заң аясында қарастырылып келген. Атап айтқанда, Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы паспорттық жүйе туралы ереже, халықты тіркеу мен құжаттау ережесі және ішкі миг­ранттарды тіркеу ережесі бар, – деді Анар Жайылғанова. Депутаттар осы және басқа да мә­селелер бойынша педагогтар қауымы тарапынан түскен сауал­дарға жауап беріп, жіті назарға алатындықтарын айтты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН  

Әлеуметтік нысандарда болды

Парламент Сенаты депутаттарының еліміздің аймақтарына сапары одан әрі жалғасуда. Сенатор Ерболат Мұқаев Батыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік және өндіріс нысандарында болды. Депутат Теректі ауданының әкі­мімен, мәслихат депутаттарымен және аудан активімен кездесіп, аудандағы білім беру және денсаулық сақтау нысандарын аралады. Сондай-ақ, ол Зеленов ауданында болып, жергілікті билік органдарының басшылығымен, шағын және орта бизнес мекемелерінің еңбек ұжымдарымен кездесті. Кездесу барысында сенатор азаматтарды Парламент­тің осы сессияда қабылдаған заңдары, сондай-ақ, еліміз­дің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағ­дар­ла­масын іске асыру мәселелері туралы хабардар етті. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы  

Әңгіме өзегі – заңдардағы өзгеріс

Сенат депутаты Ольга Перепечина Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл ауданында бір­қатар кездесулер өткізді. Сенатор Явлен орта­лық ауруханасының, «Пекарушка» шағын наубай­ханасының, «Егін» және «Заградовская» меке­мелерінің еңбек ұжымдарымен жүздесті. Кездесулер барысында О.Перепечина Мемлекет бас­шы­сының бес институттық реформасын іске асыруға бағытталған әрі мемлекеттің саяси және қоғамдық өмі­рін өркендетуге арналған заңдар, Парламенттің 2016 жылғы заң шығару қызметі туралы әңгімеледі. О.Перепечина, сондай-ақ, Петропавл қаласында об­лыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен, облыстық мәслихат басшы­лы­ғы және аппаратымен «Қо­ғам­дық кеңестер туралы» Заңды іске асыру мәселелері бойын­ша ­кездесу өткізді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы