• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2017

Ерліктің ескерткіші қашанда еңселі

554 рет
көрсетілді

Ақтөбеде өткен жылғы 5 маусымда әскери бөлімге қарулы қылмыскерлердің шабуылы кезінде ерлікпен қаза тапқан әскери қызметшілерге арналған мемориалдық тақта ашылды. Ұлттық ұланның құрылуына 25 жыл толуына орай «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №6655 әскери бөлімінің аумағында қарулы қылмыскерлердің шабуылы кезінде ерлікпен қаза тапқан әскери қызметкерлерді  еске алу шарасы өткізілді. Мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, өңірде жұмыс сапарымен жүрген Парламент депутаттары Владимир Божко, Елеусін Сағындықов, Абай Тасболатов, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Глеб Щегельский, Жамбыл Ахметбеков, Құралай Қаракен, cоғыс және ішкі әскер ар­дагерлері, құқық қорғау органдарының қыз­­меткерлері, сондай-ақ, қаза болған сар­баздардың ата-аналары мен туыстары қатысты. Облыс әкімі мемлекетіміз жаңа құ­рыл­ған кезде Елбасы Қарулы Күштерді, со­ның ішінде бұрынғы  Ішкі әскерлер, қазіргі Ұлттық ұланды  құру туралы маңызды шешім қабылдағанын атап өтті. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып жарияланған соң, 1992 жылы 10 қаңтарда алғашқы болып  Құқықтық тәртіп әскері құрылғанын жеткізді. – Бүгін біз өмірінің соңына дейін Отан алдындағы антын адал орындаған,  еліміз тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен батырлардың құрметіне арналған  ескерткіш тақтаны ашып отырмыз. Бұл біздің қаза тапқандарға көрсететін құрметіміздің басы ғана болсын, – деді өз сөзінде Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко. Мемориалдық тақтаның ашылу рә­сі­мін­де қаза тапқандардың ата-аналары мен жа­қын туыстары да сөз сөйледі. Айта кетейік, 2016 жылдың 5 маусымында 18 адамнан құралған лаңкестік топ Ақтөбе қаласының екі қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, әскери бөлімнің аумағында орналасқан қару-жарақ қоймасын басып алуға ұмтылған болатын. Оқыстан шабуылдаған қарулы қылмыскерлерге қаймықпай төтеп берген ҰҚК «Батыс» өңірлік қолбасшылығының майоры Даниэль Майлыбаев, келісімшарт негізіндегі әскери қызметкер, кіші сержант Берікжан Қалиев, мерзімді қызметтегі сарбаз Досбол Сапар ерлікпен қаза тапты. Қазақстан Президентінің 2016 жылғы 5 желтоқсандағы №382 Жарлығымен «Әскери және қызметтік борышын үлгілі ат­қарғаны, заңдылық пен құқықтық тәр­тіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қа­уіп­сіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту ке­зінде көрсеткен ерлігі мен қажырлығы үшін» майор Даниэль Майлыбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталып (қаза болғаннан кейін), «подполковник» әскери атағы берілді, кіші сержант Берікжан Қалиев пен қатардағы жауынгер Досбол Сапар (қаза болғаннан кейін) ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, ІІІ дәрежелі «Айбын» ор­денімен Бақтияр Қайырбеков, «Жауын­гер­лік ерлігі үшін» медалімен Сырым Сүн­детов, Денис Чернышов марапаттал­ды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ Суретті түсірген Хайреден РАУШАНОВ