• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2017

Ұтымды ұсыныс, жүйелі жұмыс

471 рет
көрсетілді

Ширек ғасыр ішінде Қа­­зақстан толайым табыс­тарға қол жеткізді. Ежелгі ертегілердегі батыр-ба­һа­дүрлердей сәт сайын өсіп, жетіліп, әлеуметтің әлеуетін жақсартып, экономикасын түзеп, әлемдік аренадағы өз орнын ойып тұрып алды. Жер-жаһанның көшбасшы мемлекеттері санасатын, аса күрделі саяси мәселелерде біз­дің пікірге құлақ түретін жағдайға қол жеткізді. Екі елдің арасындағы шиеленісті кезеңдерде Қазақстан араағайындыққа түсіп, жер бетіндегі ынтымақ пен бейбітшіліктің сақталуына, тұрақтылықтың қалыпты жағдайда дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Әріге бармай-ақ, ке­ше­гі Ресей мен Түркия арасындағы түсініспеушілік кезіндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөл атқарғанын алға тартсақ, артықтық етпейтін шығар. Елдегі ынтымақ пен бірлік, тұ­рақты даму мен тындырымды тірлік, әлемдік деңгейдегі тың бас­тамалары ескеріліп, Қазақстан 2017-2018 жыл­дары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып қабылданды. Осы ретте Елбасы Қауіпсіздік Кеңесіне өзі­нің Саяси үндеуін жолдады. Тарихи құжатта қадау-қадау мәселелер көтерілген. Әсіресе, қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жа­һандық әріптестікті нығайтуға ба­сымдық берілу керектігі нақты ай­тыл­ған. Жеті ұсыныстан тұратын құжатта әлемдегі ядролық ахуалдың да жай-жапсары қозғалған. Біздің ел ядролық қарудан бас тартқан жер бетіндегі тұңғыш ел екенін жұрттың бәрі біледі. Сондықтан бұл тараптағы ұсы­ныста «Қазақстан Республикасы Корей түбегіндегі ядролық қару проб­лемасы бойынша көпжақты келіс­сөздер процесін кідіртпей қайта бастауға шақыра отырып, оны шұ­ғыл және сындарлы түрде шешуді басты мақсаттардың бірі ретінде қарайды. Задында, Қазақстан БҰҰ-ның барлық мүше мемлекеттерін, әсіре­се, Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерін, 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жыл­дығы қарсаңында әлемді ядролық қарудан құтқаруға шақырады» делінген. Жер шарындағы барша халыққа ортақ бұл проблемада өзгелер Қазақ­стан бастамасын қолдайды деген ойдамыз. Қазақстан – БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңе­сінің мүшесі болып сайланған Ор­талық Азиядағы алғашқы мемлекет. Осының өзінен-ақ еліміздің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын аңғаруға болатын шығар. «Біз өзіміздің Кеңестегі төрағалығымыз кезінде Ауғанстандағы жағдай және Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамуды нығайту шаралары бойынша ауқымды, теңдестірілген, мазмұнды және нәтижелі талқылау ұйым­дас­тыруға, сондай-ақ, қорытындысы бойынша арнайы құжат қабылдауға бастамашылық жасауға ниеттіміз. Біз Ауғанстанның бейбіт өмірге жедел оралуы үшін бұл елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына жан-жақты жәрдем көрсету, бейбітшілік пен қауіпсіздік қатеріне қарсы тұруды және елдің әлеуетін нығайтуды жақ­таймыз. Біз Ауғанстан-Талибан жө­нін­дегі 1988 Комитетінің төрағасы ретін­де мақсатты жұмыс атқаруға дайын­быз», дейді Елбасы өз Үндеуінде. Міне, Мемлекет басшысы жалғыз қазақ халқының, Қазақстанның ғана емес, барша әлемнің жай-күйін жақсартуға, ынтымақ пен бір­ліктің салтанат құруына мүдделі. Со­нымен қатар, бұл тарапта нақты ұсы­ныс­тарын жасап, жұмыс жүйесін құ­рып отыр. Лайым, осы ниет орындалсын деп тілейік. Әскербек РАХЫМБЕКҰЛЫ, Қызылорда қаласының құрметті азаматы