Бұрнағы күні АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің биылғы алғашқы отырысына Кеңестің жаңа мүшесі ретінде Қазақстан да қатысты. Министрлер деңгейінде өткізілген көпшілік отырысында «Қақтығыстардың алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбында ашық пікірталас өрбіді. Онда еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанның 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі жұмысының негізгі саяси басымдықтарын қамтитын Мемлекет басшысының Саяси үндеуін жария еткені мәлім.
Осыған байланысты кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев үндеуде айтылған негізгі мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, еліміздің теңгерімді сыртқы саясаты, барлық елдермен, оның ішінде ядролық бестікпен әріптестік қарым-қатынастары және Мемлекет басшысының тиімді бітімгершілік пен дәнекерлік бастамалары ескеріле отырып, Қазақстан Орталық Азиядан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланған тұңғыш мемлекет болып отыр. Кеңестің басқа мүше мемлекеттері Қазақстанның бұл органдағы әлеуетті рөліне қисынды болжамдар жасап, жоғары қызығушылық білдірді.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Елбасы Үндеуінде Қазақстанның Кеңес шеңберінде атқаратын жұмысының негізі болатын жеті басым бағыт көрсетілгенін айтып берді.
«Бірінші басым бағыт – ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу. Екіншісі – ғаламдық және өңірлік ауқымдарда әскери текетірес деңгейін төмендету арқылы ғаламдық соғыс қаупінің алдын алу және ол қауіпті мүлдем жою. Үшінші басымдық – Орталық Азияда өңірлік бейбітшілік, қауіпсіздік, әріптестік пен даму аймағының моделін құру. Төртінші басымдық халықаралық терроризм және экстремизммен күреске берілген. Бесіншісі – Африка құрлығында бейбітшілікті қалпына келтіру мәселесі. Алтыншы басымдық соғыс пен қақтығыстардың алдын алу, адам құқықтарын қорғау, орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру, климаттың өзгеруімен күресу бойынша бірлескен шаралар қолдануды қарастырады. Жетінші басым бағыт – Еуропа мен Америка, Азия мен Африканың барлық өңірлік ұжымдық қауіпсіздік ұйымдарының арасында әріптестікті кеңейту», – деп атап өтті Е.Ашықбаев.
Министрдің орынбасары еліміз ядролық қарусызданудың белсенді жақтаушысы екенін, 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы ұсыныс білдіргенін еске салды.
«Қазақстан Жапониямен қатар Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу ұйымының тең төрағасы болып табылады. МАГАТЭ-ның шешімімен еліміз аумағында Төмен байытылған ядролық отын банкі құрылды. Біз Қауіпсіздік Кеңесінің жаппай қырып-жою қаруды таратпау режімін күшейту жөніндегі 1540-шы қарарының мүлтіксіз орындалуына көмектесетін боламыз. Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі мәселелерді реттеуге үлес қосты және де осыған ұқсас жағдайлар мен дағдарыстарда да қолдау көрсетуге дайын. Корей түбегіндегі ядролық қару мәселесі бойынша жедел әрі конструктивті шешім қабылдау аса маңызды міндет болып табылады», – деп атап өтті Е. Ашықбаев.
Оның айтуынша, әлемнің бейбітшілік сүйгіш бөлігі ғаламдық соғыс қаупінің алдын алу мәселесінде Қазақстан басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде атап өтілген «мемлекетаралық проблемаларды реттеу құралы ретінде соғыстан бас тартып, бейбітшілікке қол жеткізу XXI ғасырда адамзатты аман сақтаудың негізгі амалы болып табылады», деген пікіріне сүйенеді.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»