Астананың туристік символы бойынша концептуалдық, дизайнерлік шешімдерді табу мақсатында үздік нобай-жобасына байқау жарияланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Байқау 2017 жылдың 25 қаңтарына дейін жалғасады. Байқауды ұйымдастырушы – «Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ. Байқауға ниет танытқан кез келген адам қатыса алады.
Символ, белгі (бренд) қаланың мәртебесін, оның туристік тартымдылығын, көрікті жерлерін, ландшафтының ерекшеліктерін және тарихын жеткізуге тиіс. Символ жарқын, ықшам және заманауи болуы керек. Түс гаммасы қазақтардың декоративті өнерінің түс және композициялық дәстүрлерін көрсетуі шарт. Туристік белгіде қаланың рухын, оның мәнін жеткізетін түпнұсқа семантикалық шешімдерді, графикалық элементтерді, айрықша ұрандарды қолдануға болады. Туристік символ дизайн мен графикалық өнердің заманауи, әлемдік үдерістерінде орындалуы тиіс.
Байқау материалдарын 010000, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11, 535 кабинет мекенжайы бойынша, 2017 жылдың 25 қаңтары сағат 18:00 –ден кешіктірмей тапсыру қажет. Байқаудың ережесімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.