• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2011

Ұрпақ сабақтастығы жеңіске апарады

538 рет
көрсетілді

Елбасының Түркістанда зиялылармен кездесуін көргеннен кейінгі ой Баяғыда, баяғы дейміз ғой енді, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы халықпен қоян-қолтық араласып, көзбе-көз жүздесуі болғаны менің есімде жоқ. Аудандық пленумда, конференцияда мінбердің үстінде тұрып сөз сөйлеп, жоспардың артығымен орындалып жатқаны жөнінде мәлімет беретін, келесі меженің деңгейін айтатын. Халыққа жақын келгені – осы. Тәуелсіздік алып, өміріміз жаңа бір арнаға бет бұрғанда басшылық мәнер өзгерді. Өйт­ке­ні, Елбасымыздың өзі үлгі көр­сетіп, ауық-ауық әр сала маман­дарының өкілдерімен, жастармен, тіпті, бүлдіршін­дер­мен де қарым-қатынас ор­на­тып жатады. Бұл бір жариялы­лық­тың жасампаз үлгісі сияқты көрінеді. Себебі, пікірлесіп қар­сы алдында отырғаннан кейін ашық әңгіме барысында көкейде жүрген көп сауал өзінен өзі ортаға түседі. Ол мәселелер ықтиярына қарай шешіліп те жатыр. Осы таяуда ғана қасиетті Түр­кістанда Нұрсұл­тан Назар­баев­тың зиялы қау­ым өкіл­дерімен ақжарқын әң­гімесі болды. Біз өзіміз көнекөз қария жасына жеткеннен кейін зия­лы­ларымыздың сөзін зейін қойып тың­дау қашанғы әде­ті­мізге ай­налған. Ондағы ойы­мыз «Хал­қы­мыздың тұтас­ты­ғы мен ел мүддесіне тиесілі тағы қандай өзекті мәселелер қозғалады екен? Мемлекеті­міз­дің меселін та­сытып, берекесін арттыратын уәж айтыла түссе» деген ниет. Ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, он­да­ғы жерленген ұлтымыздың ұлы тұлғаларына зиярат етуі, «Елба­сы­мыз келіпті» деп үдере қота­рылған қарапайым жұрт­пен кездесуі бір бөлек әңгіме. Осыдан кейін барып қаладағы мәдени-та­рихи этнографиялық орталық­та зиялы қауым өкіл­дерімен кездесті. Зиялы қауым өкілдерімен кездесуді Президенттің өзі ашып, әңгіме тізгінін қолына алды. Алдымен өзінің Оңтүс­тік Қазақстанға келген жұмыс сапарының мақсатын айтып берді. Қарапайым жұрт эконо­ми­ка­лық әңгімені ұғына бермейді, Елбасының тілінің жа­тық­тығы­нан ба, әлде қолмен қой­ғандай айтатындығынан ба, күрделі өндіріс саласы са­на­ңа құйып бер­гендей көкі­ре­гіңде сайрап тұ­рады. Сапары­ның басты мақсаты – үдемелі түрде ілгерілейтін индустрия­лық-инновациялық бағдарлама бойынша берілген тапсырма­лар­дың орындалу ба­ры­сы­мен танысу екен. Бұған қалай ішің жылымасын, өзі берген тап­сыр­масын өзі тиянақтап, көз­бен көріп жүр. Аткөпір қа­ғаз­бен жіберген мәліметпен кабинетте отырып танысса да болар еді, бірақ салғырттық сан соқ­тыратыны және бар. Бұл бағытта Оңтүстік өңір жақсы жетістіктерге жетіп отыр екен. Әлгі бағдарлама бойынша 14 жоба іске асырылыпты. Қазақстанның 20 жылда шыққан биіктеріне кейбір мемлекеттер ғасырлар бойы қол жеткізе алмағанын, осы ара­лықта 500-дей мектеп, 3000-дей аурухана салынғанын, шекара­мыз­дың шегенделгенін естіп марқайып, көңілді насат кернеді. «Жақсы» дегенге қай қазақ қуанбасын, айдалада отырып жанымыз семірді. Әңгіме рухани салаға ойыс­ты. Әрине, әр халықтың руха­нияты – тілі, ділі, тарихы. «Әзі­­рет-Сұлтан» қорық-мұра­жайына жүргізілген жаңғырту жұмыс­тары және жалпы оң-түстік өңірдегі мавзолейлер мен тарихи орындардың қал­пы­на келтірілуі – тарихы­мыз­дың қалпына келтірілуі деп ұғынамыз. Сонымен бірге, Дамаскідегі Әл-Фараби кесенесі мен Каирдегі Бейбарыс сұлтан мешітінің жөнделу бары­сы ту­расындағы әңгіме ұрпа­ғының баба рухына тағзымы ретінде әсер етті. Қызыл империя тұсында ашық­тан-ашық ежелгі ескерткіштерімізді, мәдени мұра­ла­ры­­мыз­ды бұзған жоқ, бірақ қал­пына да келтірмеді. Жыл­дар өте келе олар өздері-ақ құлады. Ал пайдакүнемдер мен көнекөзді кие тұтатындар оны кірпіштеп тасыды. Бұған дәлел ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін айтсақ жеткілікті. Ал­тын­мен ап­талып жасалған жақ­тауындағы құрани сөз бен әшекейлер тона­лып, кірпіші шашылғанын көп­шілік ұмыта қоймаған шығар. Үлкен халық шаруашылығының жайын шешумен айналысып жүргендей болып, сол кездегі ел тізгінін ұстағандар оны бай­қамағандай кеп танытты. Сөй­тіп, тарихы­мыз күйреді. Тарихы жоқ ха­лық ата-анасы жоқ бала сияқ­ты. Оған қажетті таным-түй­сікті, пайым-парасатты сі­ңі­ру­ге жеңіл. Осындай әдіспен тұ­тастай елді халықтық құнды­лық­тан айыруға астыртын әре­кет істелді. Түркі халықтарын рухани-мәдени тұрғыдан жақындас­ты­руда қазақстандық бастамалар­дың зор маңызы бары рас. Со­ның ішінде Астанада ашылған Түркі академиясының жай-күйі, оның келешек жоспарла­ры тура­лы сөз қозғалды. Оның түркі халықтарын жақындас­ты­рудағы игі қызметтеріне көрермен біз «әп, бәрекелді» деп отырдық. Қазір үйренуші елден үйретуші елге айналып келе жатқанымыз да сыр ретінде ортаға салынды. Айтыскер ақын Әселхан Қа­лыбекованың Елбасыға ар­наған жүрекжарды жыры көңіл тол­қытады. Өнердің өкілі өле­ңі­мен қоса өресін де таныт­қан­дай. Былтырдан бері айтыстың мемлекет қамқорлығына қайта алы­на бастағанына риза­шы­лығын білдірді. Әңгіме тілге ойысқанда құ­ла­ғын түрмейтін қазақ жоқ шығар. Мемлекеттік қызметке қабылдауда тілді білу деңгейін тексеретін заманның келгенін бәрі іштей топшылады. Себебі, ертеңгі кадр резервін жа­сақ­тайтын балалардың 80 пайызы қазақша оқиды екен. Бұл Тәуелсіздік жылдарының ең басты табысы деп ойлаймын. Басқосуды қорытын­дыла­ған Елбасы қазақтың адас­тыр­мас темірқазығы болатын үш ірі мәселені ауызға алды. Біріншісі – тарихыңды толық білу, екіншісі – жан-жаққа тарт­қан діни ағымдардан араша­лайтын Ясауи ілімі мен фило­софиясын оқып-үйрену, үшін­шісі – ұлан-ғайыр Абай өр­кениеті. Данышпанның: «Бі­рің­ді, қазақ, бірің дос – көр­ме­сең істің бәрі бос», деген на­қылымен әңгімесін аяқтаған Президент алдында отырған зиялыларға ғана емес, мұқым қазақ жұртшылығына терең ой тастап кетті. Алдымызда темірқазықтай тапжылмай тұрған үш мұраты­мыз бар екен. Бұның бәрі өне­гемен, тәрбиемен келетін шаруа. Шынтуайтында біз, қария­лар, балаларымызға әкелері­міз­ден қал­ған дүниеден де көп нәрсе беруіміз керек. Ал жеткіншектер бізден қабылдаған­дарын сақтап, сақтап қана қой­май одан әрі дамытып өз кезегінде ұрпаққа ұсынады. Ұрпақ сабақтастығы қайнар күшіміз, табанды да берік тұрақтылы­ғы­мыз, мәңгілік жа­сампаздығы­мыз. Кез келген тосын жайт те­рең де әріден қалыптастырған ұлттық рухымыз бен тарихы­мызды бұза алмауы тиіс. Әбжәлел ХАМИТОВ, зейнеткер.