Өткен 2016 жылдың қорытындысы бойынша, Қытай экономикасы үшін Орталық Азияның табиғи газының маңызы арта түсті. Қытайдың Түрікменстандағы елшісінің өткен аптада айтқан бірқатар сандық деректеріне көз жүгіртсек, Қытай түрікмен газының ең ірі импорттаушысына айналыпты.
Елші Сунь Вэйдунь атап өткендей, соңғы жеті жыл ішінде Қытай Түрікменстаннан 160 миллиард текше метр көгілдір отын тасымалдаған. Ел экономикасының даму жоспарына байланысты Қытайдың Орталық Азияның энергия ресурстарына, бірінші кезекте, мұнай мен газына деген сұранысы үздіксіз өсетін болады. Алып мемлекетке газ экспорттау ісінде Орталық Азияның үш бірдей елі шешуші әріптес атануға тиіс.
Газ импорты Қытай-Түрікменстан арасындағы әріптестіктің басты саласы екені белгілі. Қазіргі таңда «Түрікменстан – Қытай» газ құбырының үш тармағы жұмыс істейді, ал осы құбыр арқылы өткізілетін көгілдір отын көлемі жылына 30 млрд текше метрді құрайды. Құбыр іске қосылғаннан бергі аралықта айтарлықтай мол көлемде табиғи газ тасымалданды. Айталық, 2013 жылғы 31 тамызға дейін Түрікменстан ҚХР-ға 60 млрд текше метр газ жеткізсе, 2016 жылғы 19 мамырда экспортталған газдың жалпы көлемі 138,6 млрд текше метр болды.
Қытай экономикасының өсу қарқыны баяулағанына қарамастан, табиғи газды тұтыну көлемі үздіксіз өсуде. «Natural Gas in China: a Regional Analysis» монографиясының авторы, Оксфорд энергетикалық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Син Ли атап өткендей, таяудағы 5 жылда оның көлемі жылына 315 млрд текше метрді құрайды. Ішкі газ өндірісінің шектеулі екендігін ескере отырып, Қытай билігі импортталатын газ көлемін ұлғайтудың жолдарын іздестіруде.
Таяу онжылдықта Қытайда тұтынылатын газ көлемі арта түсетіні анық. BMI Research зерттеуіне сәйкес, аталған елде газға деген сұраныс 2013 жылғы 171 млрд текше метрден 2020 жылға қарай 283 млрд текше метрге дейін арта түспек. Бір айта кетерлігі, тиісті деректер көрсеткендей, Қытай көмірсутегін құрлықтағы бағыттар арқылы импорттауға басымдық беріп, құбыр жолы арқылы тасымалданатын газды көбірек сатып алуда. Энергия тасымалдаушылардың теңіз жолына қарағанда, құбыр жолымен келетін көгілдір отынға деген тәуелділігі арта түседі.
Табиғи газ импортында Түрікменстанмен бәсекелесе алатын ешкім жоқ. Қазірдің өзінде түрікмен газы Қытайдың жалпы импортының 50%-ын қамтып отыр. Бұл орайда, Бейжің Түрікменстанды негізгі әріптесі деп санайтынын жасырған емес. 2013 жылғы қыркүйекте Қытай мен Түрікменстан басшылары құбыр жолының 4-ші – D тармағын салу туралы келісімге қол жеткізген болатын. Алайда, бағыттың және оған қатысушылардың өзгеруіне байланысты жобаны жүзеге асыру кейінге қалдырылды. Бастапқыда құбырдың 4-ші тармағын 2016 жылдың аяғында немесе 2017 жылдың басында іске қосу жоспарланған-ды. Бірақ газ құбырының құрылысы бірқатар объективті және субъективті себептерге байланысты кейін шегерілді.
Өзбекстанда осы жобаға байланысты соңғы ресми жаңалық 2016 жылдың сәуір айында жарияланған. «Узбекнефтегаз» ұлттық холдингтік компаниясының хабарлауынша, компания 2016 жылдың соңына қарай «Өзбекстан – Қытай» газ құбырының төртінші тармағының құрылыс жобасының алғашқы техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп бітуге тиіс болды. Яғни, әзірге құбырдың өзін тартпақ түгіл, оның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын емес деген сөз. Құбыр жолының 200 шақырымды құрайтын ең қысқа бөлігі (өзбекстандық учаскесі) 800 миллион долларға бағаланғаны белгілі. Бірақ көгілдір отын құбырының құрылысы әлі басталған да жоқ.
Құбыр жолының Қырғызстандағы учаскесін салу да кейінге қалдырылды. Өзбекстандағы сияқты, құбырдың бұл елдегі бөлігі де 2016 жылдың соңына дейін салынуға тиіс болатын. Алайда, мамыр айында Қырғыз Республикасының экономика министрі А.Қожошев «Қырғызстан – Қытай» құбыр жолын салу белгісіз мерзімге шегерілетіні туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру құны тағы да өсуі мүмкін. Соңғы рет ол 1,2 млрд долларға бағаланған еді.
Көршілерімізбен салыстырғанда, Тәжікстанда газ құбырын салу мерзімінде басталды. 2014 жылдың күзінде-ақ CNPC пен «Таджиктрансгаз» ААҚ келісім жасасып, құрылысты бастап кеткен-ді. БАҚ-тардың хабарлауынша, Тәжікстан аумағында құбыр желісі Өзбекстаннан басталып, Тұрсынзада ауданы, Гиссар, Шахринав, Рудаки, Вахдат, Файзабад, Нурабад, Рашт аудандары арқылы, Таджикабат пен Джиргитал арқылы өтіп, Қырғызстанмен шекараға дейін созылады. Ал Қырғызстаннан Қашғар қаласына (ҚХР ШҰАР) тартылады. Алайда, жоба аяқталған жоқ, газ құбырының құрылысы әлі жүріп жатыр.
Байқап отырғанымыздай, 1000 шақырымға жуықтайтын 4-ші тармақ жақын арада салынып бітпейді. Оның объективті және субъективті себептері бар. Қалай болғанда да, жаңа газ құбыры жуық арада іске қосылмайтыны түсінікті болды. Яғни, көгілдір отын тасымалының көлемі де жақын арада артпақ емес. Осы аталған проблемаларды ескере отырып, бірқатар маман құбыр жолының 4-ші тармағын бұрын салынған, тексерілген бағыт бойынша жүргізген абзал деген пікір білдіруде.
Алайда, Қытай тарапы жаңа тармақты салу туралы жоспарынан айнымайтын тәрізді. Бұл екі фактормен байланысты. Бір жағынан, Қытай экономикасы газ көлемін арттыруға мүдделі, Бейжің жаңа тармақты салуды ұзақ уақытқа шегеріп қоя алмайды. Екінші жағынан, осы жобаны жүзеге асыру арқылы Бейжіңнің энергетикалық мақсаттардан бөлек, басқа да көздеген мүдделері бар. Атап айтқанда, жаңа бағыт бойынша құбыр салу арқылы Қытай билігі Орталық Азияның төрт мемлекетін бір-бірімен байланыстыруды, сол арқылы олардың өзара күрделі қарым-қатынастарында модератор болуды көздейді. Қытайлық сарапшылар атап өткендей, мұндай ортақ ірі жоба болған жағдайда Бішкек, Ташкент және Душанбе үшеуі бір-бірімен сындарлы сұхбат құруға мәжбүр болады.
Дегенмен, Қытай тарапын алаңдатып отырған мәселелер де бар. Айталық, бірқатар сарапшының пайымдауынша, Бейжің Өзбекстанның құбыр жолы арқылы өзбек газын тасымалдауды тоқтатқан әрекетіне алаңдаулы. 2016 жылы Өзбекстан тарапы өзінің көгілдір отынын Қытайға экспорттауды тоқтатқан еді. Сондай-ақ, Қытай тарапы Қазақстанның көгілдір отын көлемінің азаюына да алаңдаушылық танытып отыр.
Жалпы алғанда, энергетикалық сектордағы әріптестік Түрікменстан мен Қытайдың басқа салалардағы байланысын нығайта түскенін айта кету керек. Түрікменстандық БАҚ-тардың хабарлауынша, бүгінде қытайлық 30 кәсіпорынның 2 мыңға жуық адамы Түрікменстанда экономикалық мәселелермен айналысады екен. Дипломатиялық қатынастар орнаған 25 жыл ішінде екіжақты тауар айналымы айтарлықтай өскен. 1992 жылы тауар айналымының көлемі 4,5 миллион АҚШ долларын құраса, 2013 жылы ол 10 миллиард АҚШ долларынан асып түскен. Соңғы 5 жылда Қытай Түрікменстанның аса ірі сауда әріптесі болып табылады.
Осылайша, Түрікменстан Қазақстанмен қатар, Орталық Азия елдерінің арасында Қытай инвестициясын алушы басты елдердің біріне айналды. Энергетикалық байланыстарды, атап айтқанда, түрікмен газын ірі көлемде тасымалдау арқылы Қытай бұл елдің басты сауда-экономикалық әріптесі болды.
Бүгінде Қытай капиталының Түрікменстан экономикасындағы орны ұлғая түскені байқалады. Энергетикаға салынған инвестицияның артынша қытайлық компаниялар шикізаттық емес секторлардағы жобаларды қаржыландыруға қатыса бастады. Алайда, екі ел арасындағы қатынастар тереңдеген сайын, Ашғабадта ҚХР-ға мықты тәуелділікке ұшырау туралы объективті қорқыныштар пайда бола бастады. Қытаймен шекараласатын басқа да Орталық Азия елдері сияқты, Түрікменстан да алып елдің қуатты ықпалын сезіне бастады. Осыны ескеріп, Түрікменстан билігі өзінің энергетикалық ресурстарын өткізу жолдарын әртараптандыру мен сатып алушылар тізімін кеңейту шараларын қолға алуда.
Атап айтқанда, түрікмен газын Еуропа мен Оңтүстік Азияға экспорттаудың түрлі нұсқалары қарастырылуда. Алайда, олар әзірге қажетті нәтиже берер емес. Ал Қытайдың Түрікменстан экономикасының стратегиялық саласындағы үлесі уақыт өткен сайын артып барады.
Руслан ІЗІМОВ,
саясаттанушы