• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Сүгір күйлеріндегі көне сарындар

2244 рет
көрсетілді

Қаратау күйшілік мектебінің негізін қалаушы, халық композиторы - Сүгір Әліұлы күйтанымда жаңа дәуірдің өкілі болып саналады. Солай бола тұра Сүгірдің қолынан шыққан күйлердің сарыны байырғы заманға тән көне саздардан құралған, оның себебі өзінің туып-өскен аймағындағы мәдени ахуалға, тарихи-жағрапиялық факторларға, әсіресе, күйші өмір сүрген кезеңдегі қоғамның рухани жағдаяттарына тікелей байланысты. Енді осыларды тарқатып көрейік. Сүгірдің Ықыласқа шәкірт бо­луы, қаратаулық Баубек қо­бызшымен үзеңгілес өмір кешкені оның тек қана дом­бырашылығы емес, қо­быз­­шылық ой-өрісін де ке­ңей­т­­кен. Ұстазы Ықылас бол­са өз кезегінде Қорқыт ба­ба мұрасының жалғасы, ал Қор­­қыт болса көне заманнан Сү­гір­дің заманына дейін бар­ша түр­кі мәдениетінің ұс­ты­ны әрі пірі болғаны белгілі. Бар­ла­сақ, Сүгір күйлері са­ры­нының арғы әуені Қорқыт заманындағы оғыз-қыпшақ мәдениетінен жеткен жұр­нақ секілді, Сүгір күйші өз кезеңіне тән музыкалық өркен­деу мен тың реформалық жа­ңа­лықтарды сіңіріп өсті десек те, арғыбабалық сарыннан ауытқи қоймаған сирек дом­бы­рашылардың бірі болып аты тарихта қалды. Тарихи-жағрапиялық жағ­дай­ларды екшегенде, Арқа, Қаратау, Сыр бойы (Түркістан, Ақмешіт), Шу бойы, Жетісу жерлерімен іргелес орналасқан ұлы бетпақдала үш жүздің жайлауы да, қыстауы да болғанын ескеруіміз керек. Яғни, осынау апайтөс құмдаланы мекендеген қазақтың айтар әні мен тартар күйі аралас болары да табиғи заңдылық. Сү­гір­дің күйлерінің шертпе және шалқымалы (төкпе) бо­луының және қобызбен етене сарындастығының бір се­бе­бі осы. Сүгір күйлерінің му­зы­ка­лық құрылымынан атал­ған қасиеттерден бөлек жыр ма­қамдарын да аңғара аламыз. Мысалы, «Ыңғай төкпе», «Назқоңыр» сияқты күйлерден қа­зақтың ақ өлеңіне құрылған ыр­ғақтар есіп тұрады. Ал енді «Қаратау шертпелерінің» әуені қара өлең мазмұндас, Арқаның әншілік дәстүріне ұқсап отырады. Сүгір күйлерінің тағы бір сарындық ерекшелігі – жан-жануар, хайуанаттардың мі­незіне сай туындылар шы­ғаруы, қазақ қолөнеріндегі «хайуанаттық стиль» сияқ­ты бұл да көне түркілік му­зыкалық жәдігер болып табы­лады. Сүгір заманына дейін осындай байырғы са­рын­дардың сақталуының нендей себептері бар? Әрине, ол қобызшылық өнерге тіке­лей байланысты, көне сарын тек қана қобызшылардың қо­лын­да сақталды. Сүгір өмір сүрген кезеңде қобыз ха­лық өнерпаздарында кең қол­да­ныста болды, күй шалу, қо­быз­бен жыр-терме, ән айту секілді (Шөже, Шашубай, Жанақ, Түктібай бақсы, Молықбай т.б.) ата салты сарқылмаған за­­ман еді. Сүгір батаны Ықыластан ал­ған, яғни өзі де қобыз аспабын домбырамен тел игерген өнер иесі болған. Оның шәкірті – Жаппас Қаламбаев та екі аспапта шебер күй тол­ғағаны белгілі. Дегенмен, Сүгір шығармашылығында қо­быз күйлерінің домбыраға қондырылған нұсқалары мол, қо­быз күйлерінің төл аттары да өзгертілмеген. «Кертолғау», «Жолаушының жолды қоңы­ры», «Жолаушының қоңыр күйі», «Аққу», «Қазан» сияқ­ты күйлері Сүгірдің өз қо­лынан шыққан туындылар болғанымен әуелгі үлгісі Ықыластан ауысқаны анық. Қазақта байырғы заманнан қобызшыларды «бақсы» деп те атайды, оның себебі, әрине, қобыз қонған тұлғаның дертті жанды емдейтін құдіреті болғанына байланысты, десек те қобызшылық өнердің тұрмысқа сіңуі, дара күйшілік жолға ауысуы Ықылас заманында басталып кеткен секілді, себебі, Ықыластың алдындағы Тіней бақсы күйшілікпен аты шықпаған, бірақ жын буатын бақсылығы болған. Ықылас өз баласы Түсіпбек ауырғанда «аруағы артық еді» деп осы Түсіпбекті шақыртқаны туралы деректер де бар. Қорқыт, Домбауыл, Қой­лы­бай сияқты күйшілерден Ықыласқа, одан Сүгірге дей­ін жалғасқан түркілік сары­н­ның біздің заманымызға дейін сақталуы ұлттық му­зыкалық мұрамыздың баға жет­пес жетістігі болып саналады. «Тәңір күйі», «Қасқыр», «Аққу», «Ақсақ құлан», «Сынған бұғы» т.б. сия­қ­ты миф­тік сюжеті бар күй­ле­рі­міз­дің арғы түбірі – Алтай мә­де­ниетінен бастау алады де­ген де ғылыми пікірлер мол. Тарихшылар, археологтар, антропологтар зерттеулерін қазіргі өнертанудағы кезеңдік зерттеулерге салғастыра кірік­ті­ретін болсақ, болашақта ке­шенді зерттеуге қол жеткізе ала­мыз. Қазақ күйлерінің тақы­ры­бы мен аттарын жіктеу күй­тану ғылымында әлі то­лық талданбаған, әрегідік ғалымдар тарапынан талданса да бірауыздан жүйелі түрде мақұлданбаған сала болып тұр, әзірге. Орта Азия халықтарында аспаптық шығармалар белгілі жанрға немесе стильге түзіле талданады. Мысалы, бізге ең жақын ұлт – қырғыз халқы қомыз күйлерін орындалу стиліне қарай «Әуен күй», «Айтым күй», «Залқар күй», «Қамбархан», «Кербез», «Шыңғырама», «Ботой», «Бек­арыстандар – Тайшылар», «Толғау», «Қайрық», «Қара өзгей» деп бөлсе, мазмұнына қарай «Дастан күй», «Арман күй», «Жоқтау күй», «Қос әуез күй», «Арнау күй» деп жүйелеген. Тура осындай сипаттамадан қазақ күйлерін де тар­қатуға болады, себебі, бізде осын­дай күйге тән атаулардың үсті­не «Ақжелең», «Қосбасар», «Толғау», «Сарын», «Бай­жұ­­ма» сияқты үлкен ар­­на­лы үлгілер сақталғаны бел­гілі. Қырғыз халқының Ала­тау­­ды қоныстанған елге тең мұра болған күйшілік үлг­і­сі қаратаулықтарға да, әсі­ресе, қобызшы Ықыласқа да жат болмаған, Ықылас «Кертолғаудың» тарауларын шығарған алғашқы орын­даушылардың бірегейі, де­генмен, «Кертолғау» сөзінің түбірі бір қырғыз туғандардан ауыс­қанын мойындауымыз керек секілді. «Кертолғау» Ықыластан Сүгірге мұра бол­­ған үлгі, кейін Сүгір «Кер­тол­ғауды» жеке жанрға бара­­бар тараулы күйлер топта­ма­сына айналдырды. Қомыздағы «Айтым күй­лер» дегеніміз, күйді тартып отырғанда тақпақтап қосылып отыруды білдіреді. Яғни күй шер­тіп отырып сол күйдің мазмұнына сай тақпақ аспаппен қостай айтылады. Мұндай дәстүр қазақта бағзы замандарда қалыптасқан. Мысалы, Ықыластың «Аққу» күйінде «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің көрген тау!» деген тақпақ айтылады. Ықыластың үлгісін көрген Сүгір шығар­ма­шылығында мұндай «айта шерту» ерекшелік кездеспейді, себебі, жаңаша орындау, жаңа көзқарас «Айта шерту» үрдісін біртіндеп ығыстыра бастаған еді. Сүгір күйлерінің сарыны мен тақырыбы әрқилы. Даланың күйшілік салты бо­йынша бөлетін болсақ – аңыз күйлер, қоңыр күйлер, толғау күйлер, желдірме күйлер, арнау күйлер деп жүйелеуге болар еді (Және осылардан бөлек «Күй басы», «Құлақ күйі» атты топтама да бар, олар «Қаратау шертпесі» деген атпен тараған). Ежелгі қоңыр күйлерден бастап кейі­н­гі ақжелең-желдірме күй­лерге дейін дәстүрлі жолымен жалғасын тапқан. Кейде қазіргі күйтану ғылымының ізімен күйлерді бөле талдау (мысалы, лирикалық күйлер, жан-жануарларға арналған күйлер, мифологиялық күй­лер) қиын­ға соғатыны бар, себебі, олар көбіне туындының стиль­дік сипатын анықтай бер­мейді. Кейбір жеке өзіне тән күйлер деп тұжырымдап жүр­ген топтамалардың аттары Сүгірге дейін де болған, кей­бірі заманның ығына қарай жа­ңаша рең алған, домбыра дәс­түріндегі шертпе жолын Сүгір мейлінше дәл сақ­­тауға ты­рысқаны анық бі­лінеді, тек қобыздан ауысқан күй­лер­­дің аттары сол қалпында өз­гертілмей бізге жетіп отыр. Қорыта айтсақ, Сүгір Әлі­ұлы­­ның шығармашылы­ғы байырғы мәдениеттерді ескере отырып зерттеуді қажет ете­ді. Сүгір шығармалары ар­қылы ұлттық өнеріміздің дәу­ірлік кезеңдерін сезіне аламыз. Жанғали ЖҮЗБАЙ, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері