• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Садақа «мейрам» ба?

386 рет
көрсетілді

Қазақ – тойшыл халық. Ән мен күйді ақтарып, «туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегендей, сәлдей мерекені көл-көсір қуаныш етіп атап өтетіні бар. Әлем елдерін тықсырып, тарының қауызына сыйғыза кеудесін керген дағдарыс дегеніңнің өзі қазекеме келгенде есіктен сығалап «қайдан келдімге?» түсетіндей... Қазақстанға алғашқы болып кел­ген шетелдік компаниялардың бірі «Теңіз­Шев­ройлда» қызмет ететін бір амери­калық «жер бетінен қазақтай бауырмал халық­ты көрмеппін. Бұлар жұрт үшін жұмыс жасайды, бірінің баласын бірі үйлендіріп, бірінің тойын бірі жасап береді. Жалақысын алған бойда ағайын-туыс, дос-жаранның тойына апарады, ал өз үйінде той болса, олар қайта жинап әкеледі» деген екен. Иә, тағдыр қазақты тойдан айырмасын! Қазір кез келген той-мерекені, баланың тұсаукесері мен сүндет тойынан бастап, әртүрлі мерейтойларды, келін түсіріп, қыз ұзатуды, келіннің беташарын шаңырақта, отбасында емес, мейрамханаларда жасау әдетке айналды. «Шаңырақтан ұлы не бар? Келіннің бетін шаңырақта ашқан дұрыс қой» деген пікірлер де айтылып қалып жатыр. Дұрыс та шығар, бірақ... мейрамханаларда жасалатын тек той ғана ма? Қайтқан адамның үші, жетісі, қырқы мен жүзі, жылы, еске алу садақаларын да мей­рамханаларда атап өтеді, құдды кісі­нің қайтыс болуын мейрам еткендей... Ал ертесіне күні кеше Құран оқылып, өлі рухын ризалаймыз деген қасиетті орында арақ-шарап ішіліп, даңғаза әуенге жұлқына билеп, тіпті, небір сорақы қылықтармен жұрт назарын өзіне аударған алқын-жұлқын билер ұйымдастырылып той болып жатады. Осындайда өлілер рухына бағышталар садақалармен өзге де еске алу шараларын ұйымдастыру үшін арнайы хатымханалар немесе басқа бір орындар болса және мұндай орындар мешіт жандарынан ашылса, мешітті қаржыландыруға себі тиер ме еді деген ой келеді. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы