Ливия басшысы Муамар Каддафи әлемдік қоғамдастыққа өз еліндегі әскери операцияны тоқтатуды талап етіп қайырылды. Халықаралық коалицияға қатысушы елдер басшыларына жолдаған хатында ол коалиция әскерлерінің іс-қимылын «тағылық шабуыл» деп атады.
Кеше Лондонда Ливиядағы жағдайға арналған саммит болып өтті. Оған 7 араб мемлекетін қосқанда 35 ел қатысты. Жиналғандарға үндеуінде М.Каддафи НАТО-ның авиасоққыларын екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Адольф Гитлердің іс-әрекеттерімен салыстырды. Бұрнағы күні Каддафи күштері қарулы оппозицияның алға ұмтылысына Сирт қаласының маңайында тосқауыл қойды.
САЯСИ ЖОЛМЕН ШЕШУГЕ ШАҚЫРДЫ
Германия сыртқы істер министрі – вице-канцлер Гидо Вестервелле Ливиядағы жанжалды саяси жолмен шешкен жөн деген пікір білдірді. Вестервелленің сөзіне қарағанда, Ливия мәселесін тек әскери тәсілмен шешу мүмкін емес.
Ол Франция президенті Николя Саркозидің айтқандарын сын тезіне алды. Н.Саркози араб мемлекеттерінің басшыларына ел тұрғындарына қарсы репрессиялық әрекеттер орын алған жағдайда халықаралық қоғамдастық пен Еуропа Ливиядағы сияқты әрекетке көшуі ықтимал деген тұрғыда ескерту-сымақ жасаған болатын. Германия СІМ-і басшысының пікірінше, бұл – өте қауіпті ұстаным.
АМЕРИКА ХАЛҚЫНА ҮНДЕУМЕН ШЫҚТЫ
АҚШ президенті Барак Обама ел халқына телеүндеумен шықты. Онда ол Құрама Штаттардың Ливиядағы әскери операцияға қатысудағы мақсатын түсіндіруге тырысты. Оның сөзіне қарағанда, қалыптасқан жағдайда АҚШ-тың Ливиядағы операцияға қатысудан бас тартуы сатқындық болып шығар еді.
«Кейбір елдер өзге мемлекеттерде болып жатқан зұлымдықтарға көз жұмып қарауы мүмкін. Алайда Америка Құрама Штаттары ондай мемлекеттер санатынан емес, – деп мәлімдеді АҚШ президенті. – Халықаралық коалицияның Ливиядағы іс-қимылы бүкіл өңір тұрақтылығына қауіп төндірген қырқысқа тосқауыл қойды». Сондай-ақ ол М.Каддафидің қаруға жүгінуін қате қадам болды деп есептейтінін көлденең тартты.
СИРИЯ ПРЕЗИДЕНТІ ҮКІМЕТ АУЫСТЫРМАҚ
Сирия президенті Башар Асад таяудағы тәуліктер ішінде елдің іс басындағы үкіметін отставкаға кетіру туралы шешім қабылдады. Ал жаңа кабинет ескісі кетісімен бір тәулік ішінде қайта жасақталмақ. Бұл жаңалық Сирияда оншақты күннен бері жалғасып жатқан тәртіпсіздіктер барысында жария етілді.
Саяси жүйені демократияландыру туралы ұран көтергендердің наразылық акциялары Дараа қаласында бастау алса, бұл үдеріс көп кешікпей ел астанасы – Дамаскіні қоса алғанда басқа қалаларға да тараған болатын. Полициямен қақтығыс кезінде ондаған адам көз жұмса, жүздегені жараланған еді. Осыдан соң-ақ билік жедел түрде саяси және экономикалық реформалар жасайтынын хабарлаған болатын.
ШЕКАРАДАҒЫ СЕЛОНЫ БӨЛІСЕ АЛМАУДА
Абхазия Ресей ұсынған шекараны делимитациялау және демаркациялау нұсқасына қарсы шықты. Сухумиді Ресей жобасындағы Аибга селосының абхаздық бөлігінің Ресей аумағына жатқызылғаны қанағаттандырмай отыр. Бұл жөнінде Абхазия парламентінің вице-спикері Ирина Агрба мәлімдеді.
Абхазия уақыт ағынымен көптен бері тек аумағы жағынан тарылып келеді. Сондықтан жер мәселесі абхаз қоғамы үшін өте үлкен жан ауыртарлық мәселе болып табылады. Біздің сеніміміз бен достық қатынасымызды сынаққа салуға болмайды, деп мәлімдеді аталған проблемаға байланысты вице-спикер. Абхаз халқы шекараның Краснодар өлкесімен шектесетін бұрынғы күйінде қалғанын қалайды.
ШЕТЕЛДІК ТЕЛЕХАБАРЛАРҒА ШЕКТЕУ ҚОЙМАҚ
Қырғызстан парламентінде шетел телеарналарының хабарларын көрсетуге шектеу енгізу туралы ұсыныс айтылды. Бұл шектеу, әсіресе, елдегі сайлау кезеңінде ерекше назарда болуы тиіс, дейді парламенттегі оппозициялық депутат, «Ата-Мекен» партиясының көсемі Өмірбек Текебаев.
Оның айтуынша, Қырғызстандағы сайлау уақытында шетел бағдарламаларын тікелей эфирден көрсету мүлдем тоқтатылуы тиіс. Кей жағдайларда тек жазу арқылы трансляциялауға болады. Егер шетелдік телебағдарламада сайлауға қатысушылардың немесе ел басшылығы өкілдерінің ар-намысына тиетін мәліметтер кездесетін болса, онда бағдарламалар экранға мүлдем жіберілмеуі тиіс.
ЖАСАҚТАР БАЗАСЫНА АВИАСОҚҚЫ БЕРІЛДІ
Ресей әскери-әуе күштері Ингушетиядағы қарулы жасақтар базасына дәлденген авиасоққылар жасады. Авиашабуыл нәтижесінде 17 жасақтың көзі жойылған. Ұлттық антитеррорлық комитет (ҰАК) ақпаратына қарағанда, базада терроршы-жанкештілер дайындықтан өтеді екен.
ҰАК өкілдерінің сөздерінше, базада дайындалғандар Солтүстік Осетия мен Ингушетия автономияларының аумақтарында лаңкестік жасауды жоспарласа керек. Бірақ олардың әрекеттері жүзеге аспай қалған. Ал қарулы жасақтар базасының нақты қай жерде орналасқаны туралы нақты дерек жоқ. Тек операция барысында федералды қауіпсіздік қызметінің екі қызметкері мен бір милиционер де көз жұмған.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
Германия канцлері Ангела Меркельдің партиясы Баден-Вюртемберге және Рейнланд-Пфальце жерлерінде болған сайлауларда жеңіліс тапты. Сөйтіп, ГФР Христиан-демократиялық одағы үкімет жасақтау мүмкіндігінен айырылды. Билік басында 58 жыл болған ХДО енді оппозицияға кетуге мәжбүр болып отыр.
ГФР-дің бұрынғы канцлері Гельмут Коль Германиядағы атом энергетикасын қорғап пікір білдірді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда АЭС-терге балама табу мүмкін емес. Тек олардың қауіпсіздігіне баса мән берілуі керек.
Йеменнің Джаар қаласы маңындағы қару-жарақ зауытында болған жарылыс пен өрт салдарынан қаза тапқандар саны 150 адамға жетті. 80 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алды. Кейбір дерек көздері аталған қаланы «Әл-Каида» жасақтары басып алды деген хабар таратып отыр.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.