Қазақ тіл білімінің қазіргі айтулы өкілдерінің бірі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, кешегі алыптардың ізін басып, өнегесін жалғап, үлгісін үкілеп келе жатқан академик Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫМЕН сыр-сұхбат құрсақ деген ниет көптен көкейде жүретін еді. Соның сәті түсіп, әңгіме арна тартты.
– Өмірзақ аға, өткен жылдың соңына қарай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдыңыз. Осыдан-ақ Мемлекет басшысының аға ұрпаққа құрметі, ұлт тіліне деген ізеті бірден байқалды емес пе?
– Әрине. Осы арада «Егемен Қазақстан» газетінде басылған Президенттің «Ұлы Дала ұлағаттары» деген кітабы ойыма оралып отыр. Онда Мемлекет басшысы киелі тіліміз туралы, «Қазақ елі барда, қазақ тілі де өмір сүреді. Өседі. Өркендейді. Ұлтымыздың ұлы тілі – мәңгілік», деп бір қанаттандырса, тағы бір тұста «Қарияларымыз – халқымыздың қиядағыны шалатын қырағы жанары, қоғамымыздың қадірлі қазынасы», деген байламын алға тартып, өремізді өсірді. Ал дидарласуға келсек, Нұрсұлтан Әбішұлы қашанда ақжарқын әңгіменің адамы ғой. Тыңдай біледі. Айтқан ойыңның түп-тамырын зердесіне салып, ел мен жер, тіл мен діл жайын қозғап, биыл өткізсек деп отырған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайына да жанашырлық көрсететінін жеткізді.
– Өткен жылы сексеннің сеңгіріне шығып, ел ағасынан ел абызына айналдыңыз. Ағадан ақыл, ініден ілтипат деп, қазақ үшін қасиетті де киелі ұғым не деп ойлайсыз?
– Сөз қадірін ұққан жұрттың ұрпағымыз ғой. Абыз сөзін айтып қалдың. Осы киелі сөз біраздан бері оңды-солды қолданысқа түсе бастағаны рас. Анда-санда мен жайында жазылған мақалалар да көрініп қалады. Өзің де тілге тиек етіп отырсың. Алғаш сұрақ мәтінін оқығанда бетім дуылдап, жүрегім дір ете қалды. Ішімнен Алладан, замандастарымнан кешірім өтіндім. Сөйте тұра, осы сөздің түп-төркіні нені білдіреді деген оймен «Қазақ Совет энциклопедиясын», түсіндірме сөздіктерді, т.б. қайтадан қарап, іздендім. Мәліметтер бойынша «Абыз» сөзі қазақ ұғымында білгір, дана, көреген адам дегенді ұқтырады екен. Қалай дегенде де, терең киелі ұғым арқалап тұрған мұндай текті сөздерді абайлап, саралап қолдану керек деп есептеймін. Өзімді абыздар қатарына қосудан сақтанамын. Қазақ тарихында ел жадында қалып қойған абыз атанған адамдар болған. Мәселен, ел жадында өшпестей із қалдырған жыраулар, билер мен шешендер, ел бастаған көсемдер, дана Абай, тіпті кешегі ұстаз М.Әуезов сынды кемеңгерлердің жөні бөлек қой.
– Тәуелсіздік тұсында рухани салада неге қол жеткіздік, неден ұтылдық?
– Жетістік бар. Ол ұлт құндылығына айналуда. Біз бардан гөрі, жоғымызды түгендесек ұтылмас едік. Мен әңгімені осы тұрғыда қозғасам деймін. Себебі, кеткен есемізді қайтару жолында келеміз. Ең алдымен, осы Тәуелсіздік деген ғажайып сөздің парқын біздің қазақ түгел танып білді ме деген ойға қаламын. Өмір бақи есігіне құлып салып көрмеген ел едік. Барған сайын адамдар өзін өзі қоршап, темір қақпалы қорғандар салып, жекешеленіп бітті. Онымен ұрлық-қарлық, коррупция, алдау-арбаудың тоқтайтын түрі жоқ. Әлденеше ғасырды артқа салып барып әрең қол жеткен тәуелсіздігімізді бірлесе баянды етудің орнына әркім өз қорасының қамын жеумен әлек. Бұл бұл ма, тәуелсіздік таңы атқан алғашқы жылдарда бостандық, еркіндік дегеніміздің мәні осылай екен дегендей ел ортасынан шыққан пысықайлар кеңсе, мекеме, ғимарат, жер атаулының бәрін біртіндеп меншіктене, жекешелендіре бастады. Байлықтың адам естімеген түрлеріне кенелгендер бар. Олар Қазақстанның негізгі байлығының тұтқасын ұстап отыр. Сол мықтылардың бірде-бірінің Қазақстанда мектеп, кітапхана, мәдени орталықтар салып, халық үшін игілікті іс-шара жасағандарын естіген емеспіз. Тіпті, осындайда жүрек сыздай отырып, ширек ғасырдан аса уақыт бойы мемлекеттік тілдің жырын жырлап келе жатқан Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшкіл халін амалсыз тілге тиек етуге тура келеді. Сонау өткен ғасырдың 90-жылдарына таяу «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы құрылтайында Алматыда ел мен тілдің мерейін асқақтататын «Тіл сарайын» саламыз деген уәденің құны бір тиын болды. Мұндай сарай түгілі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бас ұйымы көшпелі қазақтың күйін кешіп, әлі күнге көрінген есікті ашып паналап келеді. Тәуелсіз дәуіріміздің бір жетістігі әзірге осы болып тұр. Осындай болмашы мысалдардан тәуелсіздік тұсында рухани салада неге қол жеткізіп, неден ұтылдық деген сауалдың жауабын қадірменді оқырман өзі-ақ іштей түйіндей түсер.
– Шынында, тіл туралы көп айтамыз. Заң да, қаулы да, қаражат та бар секілді. Сонда не кедергі? Әлде жоғарыда бір кілтипан бар ма? Бұлай деуге себеп, бұрын тілге келгенде тілін тістейтіндер жаңа Үкімет басшысы қазақша сөйлеп еді, әлгіндей азаматтар көсіліп кетпесе де шешіле бастады. Бұған не деуге болады?
– Тіл туралы сөз жетерлік, әрине. Ғафу ақын (Қайырбеков) «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, біз де бұл мәселені тоқтаусыз толғап келеміз. Мұның үстіне өзің еске салғандай, заң да бар, қаулы-қарар да жетеді. Тіпті, Елбасымыздың неше-алуан басқосуларда қадап айтқан сөздерінің өзі қаншама. Президенттің «Ұлы Дала ұлағаттары» атты кітабының тіл туралы тарауында «Іс басында, әсіресе, халықтың көз алдындағы жауапты қызметте отырған қазақтардың өздері мемлекеттік тілді менсінбей, өзге тілде сөйлеуге құмар болса, оған халық та, тіл де кінәлі емес. Кінәлі – ұлттық намыстың аздығы, ерсі әрекетке еліктегіштік, ұлт дәстүріне енжарлық», дей келіп, «Әр азамат әуелі туған тілге деген құрмет пен жауапкершілікті өзінен бастауы керек. Отбасынан бастау керек. Отбасындағы оңды тәрбие ана тілі арқылы жүзеге асса, одан әрі жас ұрпақ өмірдегі өз қажеттілігін өзі табады», деді. Бұған не қоса аласың? Сөз түйінінде «...қандай жағдайда да туған тіліміз – қазақ тілі өз мәртебесін жоғары ұстауы тиіс. Туған тіліміз қашанда биік болуы қажет», деп намысыңды қайрап, жігеріңді жаниды. Иә, Елбасы күйініп айтқан істен нәтиже шығармау өз бауырларымызға сын болып тұр. Сол қабылданған қаулы, қарар, заңдарға сай ауыз толтырып айтар биік нәтижеге әлі жете алмай келеміз. Рас, билік басындағының біразы тіпті, кейбір министрлер де қазақша тәп-тәуір сөйлей бастады. Бұған көңіл жібігенмен жалпы жұртшылықтың заңдарды іске асыруға міндетті басшыларға деген сенімі шамалы. Өйткені, әлі күнге облыстық, қалалық билік ауқымында қазақ тілінен гөрі орыс тілінің беделі жоғары. Содан қарапайым қазақ баласын қазақша оқытқаннан гөрі орысша оқытуға бейім болып барады. Ол үшін оны кінәлауға хақың жоқ. Қазір қалыптасып қалған жағдай жалпы тектес.
Біртіндеп сатылап, кезең-кезеңімен атқарылуға тиісті игі шаралар да әсіресе, әйтеуір реформа жасау ауанымен ондаған, жүздеген жылдар бойы сыннан, тәжірибеден өтіп, қалыптасып қалған жүйені (оқу жүйесін) бұзып «жаңалық ашу» ақылға сия бермейтін іс. Әңгіме «үш тұғырлы тіл жобасы» туралы болып отыр. Бұл негізінде қолдауға татитын жоба. Алайда, оны ұсынбас бұрын, тіпті ұсынғаннан кейін де жалпы жұртшылық алқасына салып, мамандармен кеңесіп алу керек еді. «Кеңесіп кескен тон келте болмас», деп бабаларымыз тегін айтты дейсіз бе? Өткен тарихымыздағы жақсы үлгілерді жадымыздан шығара аламыз ба? Бабалар қалдырған аманатты іске асыра алдық па? Мәселен, ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы ұрпаққа тіл үйретуде қандай бағыт ұстанып еді. Ол жапон халқы іспетті балаларды 12 жасқа дейін өз ана тілінде тәрбиелеп алған жөн деп еді ғой. Өйткені, буыны қатпаған жас ұрпақ, әуелі өз ұлтының бар асыл қасиеттерін өз тілінде бойына сіңіріп алуы қажет. Сонда ғана ол өз ұлтының қамын жейтін азамат болып қалыптаса алады.
Кешегі кеңес дәуірінде қазақ мектептерінде жаратылыс пәндерінің бәрі қазақ тілінде оқылып, талай ұлт баласы ғылым шыңына өрлеген жоқ па еді? Ал енді соның бәрін ағылшынша оқыту деген сөз, ең алдымен, аяғын әлтек-тәлтек басып келе жатқан қазақ тілін құрдымға әкеп тіреу болып шықпай ма? Ағылшын тілін қазақ тілімен тайталастырмай-ақ өз алдына бөлек пән ретінде неге оқытыла бермейді? Оған кім қарсы болмақ. «Үш тұғырлы тіл» атты идеяның көлеңкесінде қазақ тілі осылайша өзінің мәртебелі белесіне жетпей тұншығуы әбден мүмкін. Тіпті, осы тұғыр сөзінің мағынасы бұл жерде дұрыс қолданысқа түсіп тұрған жоқ. Өйткені, ешқандай тіл қазақ тілінің тұғыры бола алмайды. Мемлекеттілігіміздің негізгі тірегі (тұғыры) – қазақ тілі.
– Бір мақалаңызда қазақтың көргенінен көзақы алуға дайын тұратынын, еліктеп, солықтай беретінін, тілге келгенде өз тілінен бұрын өзгенің тіліне тұра шабатынын айтыпсыз. Бәрін қажетіне қарай іздесе, ұтылмас па еді? Ұлттық рух әлсіремес пе еді? Көрсеқызарлықтан қайтсек құтыламыз?
– Иә, көрсеқызарлық, еліктеу, солықтау, жағымпаздану тәрізді қисынсыз мінездің бізде ХІХ-ХХ ғасырлардан-ақ бой көрсете бастағаны тарихтан белгілі. Абай өлеңдерінің көбі қазақтың осындай қылығын сынауға бағытталған ғой. Алаш ардақтылары мен кеңестік дәуірдің талай қыспағында жүріп-ақ қазақты осындай мінезін шенеумен өткен тұлғалар қаншама. Алайда, сол мінез әлі жалғасып келеді. Тәуелсіз ел болғанымызға да ширек ғасыр толды. Сол мінезден әлі арыла алатын түріміз жоқ. Бұл, әсіресе, ел, жер, тіл, дін, діл мәселесіне байланысты айтылатын пікірлер ауанынан байқалып жатады. Ұлттық және мемлекеттік тұрғыдан әділ ой қозғау орнына, жалтақтық, жалпақшешейлік мінез белең алғандай. Мұның бәрі шамасы сол баяғы кеңестік саясаттың біздің қазақтың 62 тамыры мен 12 мүшесіне түбегейлі еніп қалғанының салдарынан ба деймін. Кейде Қазақ елі, Қазақ мемлекеті деп айтудан айбынамыз. Оған ой мен бойдағы үркек сезім жібермейді.
Кезінде басқыншылық саясаттың терең жүргізілгені соншама, қазақ тілі мен ұлттық мәдениеттен гөрі орыс тіліне қарай жағамыз жығылды да тұрады. Мұны өміріміздің барлық салаларынан байқауға болады. Ағылшын, орыс тілін қазақ тілімен қабаттастырып балабақшалар мен бастауыш мектеп бағдарламасына енгізудің қаншалықты ұтымды екені неғайбыл. Тағы да қайталап еске алуға тура келеді. Енді қатарға қосылып келе жатқан мемлекеттік тіліміздің тірсегінен қағу болып шықпай ма бұл қылық.
Өзге елден көргеннің бәрін талғаусыз, өз ұрпағына асығыс түрде тықпалай беру қаншалықты қисынды? Бұл да еліктеу, солықтаудан, тым әсіре реформашылдықтан туындап жататын мінез бе деймін. Мұндай іс-әрекеттің бәрі елді қазақы ұлттық рухтан бездіреді. Қазақ мемлекеті деген түсініктен алшақтатады. Ұрпағын ұлттық рухта тәрбиелей алмаған ел ұтылады. Сондықтан ұлтқа, мемлекетке байланысты бастамалардың бәрі ең алдымен қазаққа, қазақ мемлекетіне қаншалықты тиімді, қаншалықты қажет деген тұрғыда түзілгені мақұл. Сонда ғана жылдар бойы бойға дарытып алған келеңсіздіктерден айығатын боламыз.
– Ешнәрсеге таңданудан таңғалудан, әй бұл қалай, деп тәйт деуден, алақарға болмайын, бәрекелдімен жүрейін, Абай айтпақшы, «Енді жұбанышы: жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ, болды-дағы деген сөзді жұбаныш қылады» болып жатқан жоқ па? Сыпыра мақтау, сыдырта сөйлеуге қалай қарайсыз?
– Рас, бүгінгі қазақты еш нәрсемен таңғалдыра алмаймыз. Радио сөйлеп тұр, телеарна неше алуан оқиғаны күнделікті көрсетіп тұр. Баспасөзде де неше алуан материалдар жарияланады. Қоғам да өзгерді, соған орай адам да өзгере бастады. Ал жақсылы-жаманды іс-әрекеттен тағылым, тәрбие алу жағы солғын. Біреу жығылып жатса, оны демеп тұрғызудың орнына «менің шаруам қанша» дейтін жаман әдет пайда болды. Тіпті, өмірдің неше алуан сәтінде адамның сынға түсер сәті көп қой. Күнделікті тірлікте қоғамдық өмірде адал пікіріңді қосып, ағынан жарылар сәттер аз ба? Осының бәрінде көрінер қазақтың кесек мінезі ұсақтап бара ма деген ойға қаласың. Кейде мақтау мен даттау сөзінің мағынасы жарысқа түсіп жатқандай. Екеуінде де асыра сілтеп артығымен кету басым. Жоғарыдан төмен қарай, төменнен жоғарыға қарай тоқтаусыз айтылып жататын мақтангершіліктің шегі-шеті көрінер емес. Осыған кереғар бәзбіреулерге даттап бер десең, алдына жан салмайтын сөзуарлар тағы да жетерлік. Мұның бәрі біздің адамдық, адамгершілік тәрбиені қолдан шығарып алғандығымыздан емес пе екен деген ойға жетелейді.
– Бұрындары газет-журналдарда шыққан көркем дүниенің тіліне, мақалалардың ішіндегі сөз төркіндеріне өзіңіз секілді ғалымдар талдау жасайтын еді. Оған өткен 50-60-жылдардағы оқымыстылардың, нақтылай түссек, Ғ.Мұсабаев, өзге де ғалымдардың еңбектерін қайта бір қарағанда көзім шалған еді. Бұл жайды неге қозғап отырғаныма келер болсам, қазір әркім білген сөзін қолданып жүр. Ғалымдар сүзгіден өткізген тиісті орындар бекіткен орфографиялық сөзге ден қоя бермейді. Бұл тірлік қазақта да жергілікті диалект бар дегенге ұрындырмай ма? Мұның нышанын бір әріптесіміз теледидардан айтып қалғаны бар. Бұған сіз не дейсіз?
– Бұл – қазақ тіл біліміндегі күн тәртібінен әзірге түсе қоймайтын мәселе. Өз ұрпағын білімді етуге тырыспайтын халық жоқ. Соның бірі біздің ел. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннен кейін қазақта сауаттылық мәселесін ең алғаш қозғаған Ахмет Байтұрсынұлы болатын. Ол бұл мәселені өле-өлгенше қаузап өтті. Сол кісінің үлгісімен барлық Алаш ардақтылары бұл мәселені назарында ұстады. Кейін Қ.Жұбанов, М.Балақаев, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, т.б. ғалымдар қазақ тіл білімінің көкейкесті мәселелерімен шұғылданды. Бұлардың көбі қазақ тілінде сауатты сөйлеу мен сауатты жазу мәселесіне үнемі назар аударып отырды. Сөздіктердің неше алуан түрлері жасалды. Орфоэпиялық, орфографиялық, терминологиялық, фразеологиялық сөздіктердің түр-түрі, сондай-ақ, тіліміздің ен байлығы жинақталған екі томдық, он томдық, он бес томдық түсіндірме сөздіктер және екі тілді, көп тілді сөздіктер жұршылыққа ұсынылды.
Жазу сауаты мен сөйлеу сауатымызды жандандыра, қалыптастыра түсетін лексикографиялық, лексикологиялық еңбектердің қатары қазіргі уақытта да толыға түсуде. Ұстанатын ереже, үлгі, өнеге бар. Орыс тілі және басқа түркі тілдеріндегі емле ережелері мен орфографиялық сөздіктер талабын қатаң ұстану тәртібі бізде әлі күнге қалыптаспай келеді. Қате болса да келесі жөнделген түрі қолға тигенше, қолда барды тұтына тұру деген мәдениетке әлі жете алмай келеміз. Газет, журналдардағы, радио, телевидениедегі қилы-қилы сөз қолданыстар «қолда бар алтынды қадірлемеуден» және «меніңше былай» деген өзімшілдіктен туындап жатқан қателер. Жалпы, кең-байтақ қазақ жерінің табиғаты қандай әсем, қандай көркем болса, соған орай тілі де ғажап көркем әрі бай ғой. Сөзді әркім өз қалауынша әрқалай қолдана берсе, ол оның сауатының жетімсіздігі. Сондықтан жазуымыз емле-ережелеріне сай болғаны мақұл.
– Киелі тілдің ғылымдағы иесі болған санаулы саңлақтардың бірісіз. Алғашқы қадамыңызды журналистикадан бастадыңыз, одан кейін ғылымға табан тіреп, ғылым шыңы саналатын академик атандыңыз. Журналистикада қалсаңыз, қара сөздің қас шебері боларыңызға еш күмән жоқ. Осы салалардан өзге өнердегі жолыңыз да ерен. Өнерде қала бергенде баяғыда-ақ халық әртісі боларыңыз хақ. Біржан салдың «Теміртасы» сіздің даусыңызда әуелеуі неге тұрады? Осынша қабілет сіздің бойыңызға қайдан дарыған?
– «Киелі тілдің иесі» дегеннен гөрі қызметшісі деген дұрысырақ болар. Тілдің иесі халық, ал біз сол халықтың өзіне қызмет жасауға тиісті адал ұлы бола алсақ, ең ұлы мәртебе сол ғой. Алғашқы қадамымды газет бетінен бастағаныма өкінген емеспін. Аға газеттің сақа қаламгерлерінен көп нәрсе үйрендім. Абай Бейсенбаев, Әбілмәжін Жұмабаев, Балғабек Қыдырбекұлы, Ұзақ Бағаев, Бекділдә Абдуллин, Құрманғали Ұябаев, Жекен Жұмаханов тәрізді ағалар тағылымы әлі күнге жадымнан шыққан емес. Солардан тәлім ала жүріп ғылым, ғалым деген сөздер көкейімнен кетпей қойды. Ғылым академиясы өзіне тартты да тұрды. Сөйтіп, «Социалистік Қазақстан» газетінде үш жарым жылдай еңбек етіп, ақыры, 1962 жылдың наурызында Қазақ тіл білімі институтының есігін аштым. Мұнда өзімнің университетте сабақ берген бұрынғы ұстаздарым М.Балақаев, І.Кеңесбаев және бұрыннан еңбектерімен таныс Ә.Қайдар, С.Талжанов, Ә.Сатыбалдиев тәрізді ғалымдар ортасына түстім де кеттім. Сөйтіп, жаным қалаған ғылыми жұмыстарға белшемнен баттым. Еңбек ете білсең қашанда нәтижеге жетесің. Құдайға шүкір, қадірлі ұстаздарым мен қаламдас әріптестермен пікір таластыра жүріп, ойлаған мақсатыма жеткендеймін.
Аталған мәселелермен айналыса жүріп, сәби күнімнен серік болған қоңыр домбыра мен қазақтың әндері және күйлерін көкейімнен ешқашан шығарған емеспін. Ән мен күйді жанымдай жақсы көремін. Мен сияқты өнерді мейлінше қадірлейтін өзімізге тән бір ортамыз болды. Олар, Асқар Сүлейменов, Керімбек Сыздықов, Илья Жақанов, Зейнолла Серікқалиев, Талатбек Әкімов және мен жиі бас қосып, қазақтың әндері мен күйлері жөнінде әңгіме-дүкен құратынбыз. Әңгіме біртіндеп Тәттімбет, Сүгір, Төлеген күйлеріне, «Қосбасарларға» ойысып, Ақан, Біржанның әндеріне ұласатын.
Содан «Теміртастың» кино әлеміне сапары басталды. Қырғыз режиссеры Болот Шәмшиев Асқар арқылы мені тапты. Осы ән үшін Бішкек пен Мәскеу шаһары арасын шаңдатқандай болдық. Ақыры «Ыстық көлдің алқызыл гүлдері» атты кинофильм пайда болды. Онда менен «Теміртасты» ерінбей үйренген Кеңес Одағының халық әртісі Сүйменқұл Чоқморов басты рөлді ойнаса, сол кейіпкердің әні менің айтуымда орындалды. Біз осы ән арқылы Сүйменқұл, Болотпен қадірлес, сыйлас жандарға айналдық. Ал «осынша қабілет сіздің бойыңызға қайдан дарыған» деген сауалға арғы түптен жалғасқан шығар деп ойлаймын. Әкемнің үні таза әрі биік болатын, әсіресе, құран оқығанда оны елдің бәрі ұйып тыңдайтын. Анамның да әнге құмарлығы ерекше еді. Суырыпсалма ақындығы да бар болатын. Бұның арғы жағында нағашы атам атақты күйші болған деседі. Ал атам қазақтың ұлы дүниелері, қадірлі қалыбы қазақ баласына ықпал етпей тұра ма! Шіркін, қазақтың әндері мен күйлеріндей ғажап не бар дейсіз мына жалғанда! Бірнәрсе дарыса осылардан дарыған шығар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»