Өкінішті-ақ... Бүгінгі таңда орта және жас буын өкілдері өздерінің ата-аналары көрмеген проблемалармен бетпе-бет келді. Өзін-өзі танымаған ұрпаққа айналып бара жатқан жаңа буын, бастарын бір бұрыштан екінші бұрышқа соғып, қиындық себебін мемлекетке сылтауратып, туған елінде қабілетін аша алмай, шетелге кетіп жатқандары да қаншалық. Бойда жиналған жас күш пен қайсарлықты мейрамханалар мен түнгі клубтарда қор қылып, ал бұдан алшақпыз дегендер діни теріс ағымдарға қосылып, мемлекет ішіне іріткі салатындай күйге түсті. Себеп неде?
Тек қазақ халқы ғана емес, жалпы әлем мәдениеттерінде «атадан балаға мирас – тәрбие қалдыру» деген үдеріс тек кітап бетінде жазылатындай күйге жетті...
Қазақ дәстүрінде ұл баланы нағыз ер азамат етіп тәрбиелеп, ал жас қыздарымызды үй шаруасы мен өмірдегі ең басты рөлі – мәртебелі ана, мейірімді жар етіп өсірген. Тәлімді тәрбие үрдісі көпті көрген, тәжірибе түйген ақсақалдар мен әжелердің, ел сыйлатын ағалар мен жеңгейлердің еншісінде болған. Ақыл мен тәрбиеге қоса, жас буынды Алла атымен айтылатын өнегелі ақ батамен жарылқап отырған... Ал қазір ше?
Соңғы уақытта той-думандарда салт бойынша мағыналы бата бере алатын абыз ақсақалдар мен ойлы отағасылар сиреп қалды. От болып жанған ұлдарымызға, гүлдей жайқалған кербез қыздарымызға тиесілі тәрбие беретін аға-жеңгелеріміз қайда? Қоғам проблемасы міне, осында тұр. Жастар тәрбиесіндегі жауапкершілік мемлекетте емес, жас буында емес, аға буын өкілдерінің өзінде!
Өкінішке қарай, аға буын мен жас буын арасы алшақтап кетті. Қайда барарын, немен айналысатынын білмей қалған жастар көз алдымызда ұлттық тәрбиеден, халықтық құндылықтардан алшақтап, салғырттық синдромына бой алдырды. Немесе мүлдем Батыс мәнеріне, әнші мен спортшыларға ғана қарап, өз бірегейлігімізді жоғалтып бара жатқан үдерістің куәгері болудамыз.
Қоғамда орын алып жатқан сансыз ажырасулар, жеңіл-желпі жүріс, діннің теріс жолын ұстанған азамат пен азаматшалар қайдан шықты? Жауап, ешкімге жасырын емес, бұл проблема, әсіресе, 1980-1990 жылдары дүниеге келгендер арасынан шығуда. Неге? Бұлар үшін жауапкершілік кімде? «Тәтті өтіріктен ащы шындық дұрыс» деген сөз бар. Біраз саралап көрейік.
1980-1990 жылдары экономикалық жағынан қиын кезең болғаны хақ. Сол жылдары дүниеге келген нәрестелердің әке-шешелері «отбасымызды қалайша асыраймыз?» деген мақсатпен, толығымен жұмыс пен кәсіпке кірісіп кетті. Дәл осы кезеңде туылған балалар ата-анадан алатын тәрбиеден қағыс қалды. Жылдар өтіп, олар өсіп, енді өмірде алдарынан кездескен проблемаларға дайын болмай шықты. Енді олар жауапты ата-аналарынан емес, сырттан іздей бастады. Өйткені, кішкентайларынан психологияларында «ата-анамның маған уақыты жоқ» немесе сұраса да, еститін жауаптары «саған не жетпейді осы, тамағың тоқ, киімің бар, көлігің мен үйің бар» деп қайтарып жібереді деген ой қалыптасқан. Осылайша, өз сұрақтарына жауап таппаған жастар оны сырттан, яғни біреуі Батыс мәдениетінен, біреуі діннен, біреуі емін-еркін өмірден іздей бастады. Балалары проблемаларға бетпе-бет келгенде, ата-ана енді балаларымен тіл қатысқысы келсе де түсіністік табыса алмайды. Өйткені, арадағы байланысты кезінде жоғалтып алған. Сол себептен, қазір көптеген жігіттер отбасын құрған соң, дәрменсіз күйге түседі. Себебі, алдында пайда болар проблемалармен әкелері таныстырмағандықтан, жас отаудың күйбең тіршілігіне бейімделмегендіктен маңдайы тасқа соғылады. Ал қыздарымыз шешелері тарапынан «келін-жар» ұғымын дұрыс түсіндірмегендіктен, әже мен анасынан келіп, жас отау ұйытқысы болудың өнегесін үйренбегендіктен торға түскендей күй кешеді. Оның соңы жас отаудағы келіспеушілікке, ұрыс-керіске ұласып, ажырасуға алып келіп жатқаны жөнінде өкінішті статистика бар.
«Жас отау», «Жас шаңырақ» деген сөздер өз күшін жоғалтып бара жатқан сияқты. Өкінішке қарай, отбасында бақыт таба алмаған жігіттердің бір бөлігі дінге, бір бөлігі қыдырыс пен ішімдікке кетіп, ал қыздарымыз «мен ешкімге тәуелді емеспін, өз-өзімді асырай аламын» деп, көкірек соғып, қолында қалған балаларын «нянька»-ларға тапсырып, «бизнес» іздеп жүрген халге жетті. Жоғарыда аталған жас ата-аналар енді нәрестелерін білімдері таяз «нянька»-лар қолына немесе батыс моделіндегі балабақшаларға тапсырып, қазақ руханиятынан мүлдем алшақ буын тәрбиелеп жатырмыз. Бұл өз кезегінде келешекте қоғамымызға қазіргіден де жаман әсерін тигізбесіне кім кепілдік бере алады?
Тобықтай сөз түйініне келсек, қордаланған келеңсіздік жауапкершілігі қазіргі аға буынның еншісіне тиесілі. Соңғы статистикалық зерттеулерге сәйкес, жастардан «мемлекетімізде кімге еліктегіңіз келеді?» – деген cұраққа жауап ретінде тек спортшылар мен әншілердің аттары ғана аталған. Бұл ненің белгісі? Орта буын өкілдері қатарынан ауыз толтырып айтатын азаматтар мен азаматшалардың жоқтығы... Ендеше, ел алдында, Парламент деңгейінде тоқал алу тақырыбын талқылағанша, жастарға қалай үлгі бола аламыз деген мәселелер күн тәртібіне қойылуы керек. Жасымыз 50-ге келді, тек сол үшін ғана мен «ел ағасымын» деген кісілер, қарындарын ортайтып, арақ-шарапты қалай ішуді, тост айтуды үйретудің орнына, спортпен айналысып, білімдерін заман ағымына сай жетілдіріп, жастар үлгі тұтатын, еліктейтін нағыз заманауи ағаларға айналса дейміз.
Жеңгелеріміз жас қыздарымызға өздері тамсанатындай, заман ағымына сай дұрыс қазақи нақышта тәрбие берсе деген үмітті үкілейміз.
Абзал ИМАНҚҰЛОВ,
«Болашақ» бағдарламасының түлегі