• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2017

Біздің әкелеріміздей әке еш жерде жоқ

527 рет
көрсетілді

Осы біздің әкелеріміз сияқты әке еш жерде жоқ-ау. «Біздің ауылдың бәйтерегіндей бәйтерек еш жерде жоқ» дегендей естілсе де осы сөзімнен қайтқым келмей отыр. Ілияс Есенберлиннің кейіпкерін «қазан тастай шомбал» деп суреттейтіні сияқты тығыз да нығыз тұрпаттары-ақ оларды елден ерекшелеп тұратын. Өзімнің әкем де екі ордені бар, Мәскеуге бүкілодақтық көрмеге барып келген еңбек адамы еді. Көлеңкеде ұйықтап жатқанда башпайларының арасына қағаз қыстырып, от тұтатып жіберіп тұра қашқаным, артыма бұрылып қарағанда арбайған жап-жалпақ аяқтарын ғана көріп үлгергенім есімде. Есік алдындағы желмен сықырлай теңселген зәулім терек не, соңымнан екі аттап жетіп, төбемнен төне түскен теректей әкем не, айырмасы жоқтай көрінген. Сол заманның қарағайдай-қарағайдай адамдары есіме түскенде, қазіргі кезде адам бойы бірер сантиметрге ұзарды деген сөзге сеніңкіремей қалам. Екі Ленин ордені бар колхоз бастығы Ыбрайымжан Қожахметов те бойы мен сойы келіскен кеуделі кісі еді. КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты және Бүкілодақтық колхозшылар кеңесінің мүшесі болған. Шәкір Әбенов Елбасыға бата берген сәт бейнеленген әйгілі суреттегі алқалы топтың шетіне таман байсалды кейіп танытып тұрған сол Ыбрайымжан ағамыз. Кеңес заманындағы еңбегі бір бөлек те, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жеке қожалық құрған еңбегі бір бөлек. Үлкен колхозды басқарған адам «бұл не болды» деп күрт түсіп кетпей, бірден қожалық құрып елге үлгі көрсетті. Қандай жиынға шақырылса да қатардан қалмай, елді аузына қаратып, еңбекке үндеп, бірлікке шақырып жүрді. Ана жылы сайлауға түскенімде шешуші сөз айтатындай белсеніп, алдыңғы қатардың қақ ортасында қаздиып отырды. Өмір жасы сол кезде сексенге таяған ақсақалдың еңсесін тік ұстап, мінбеге тура қарап отырған қалпы назарымды еріксіз аударған. Маған өткен таршылық заманда талқан жеп өскен ұрпақтың денсаулығы мықты, өмірлері ұзақ болатын сияқты көрінеді де тұрады. Жастайынан еңбекке піскен адамдар өмір бойы сыптай болып жүреді. Мына кісі де қырық жыл колхоз басқарды дегенге келіңкіремейтін, өз қанағаты өзіндегі адам көрінді. 1927 жылы дүниеге келіп, сегіз жасында анасынан, тоғыз жасында әкесінен айырылыпты. 5-сыныпқа дейін ғана оқуға мүмкіндігі болыпты. Соғысқа кеткен ағаларының аманатын мойнына алып, бірден қара жұмысқа жегілген екен. Кейін Бердібек Соқпақбаев пен Кеңшілік Мырзабеков жазатын ФЗО-да оқып, Қарағандыда көмір қазып, өмір көрген, ел көрген, жер көрген. Содан соң туған ауылға қайтып келіп, есепші, қой фермасының меңгерушісі, колхоз төрағасының орынбасары болған. 1966 жылдан бастап орденді шаруашылықты табан аудармастан жиырма алты жыл басқарған. Онда да бұрынғы бірнеше колхоздың басын қосып, біріктірілген шаруашылықты өгіздей алға сүйрепті. Өгіздей алға сүйрепті дейтінім, оның бәрі соған дейін тұралап қалған шаруашылықтар болған екен. Осы Панфилов ауданындағы атақты суретші Әбілхан Қастеевтің ауылы жер бетінен жоқ болып кете жаздағанда, қалай таратпай аман алып қалғаны әлі күнге дейін айтылады. 2004 жылы Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық мерейтойына сол Шежін деген ауылға бардық. Есенғали Раушанов, Тұрсынжан Шапай бәріміз ауылдың бас жағына шығып, тасқа сүйеніп суретке түстік. Ол тойға Әбіш Кекілбаев пен Қуаныш Сұлтанов та барыпты. Менің жүргізушімнің аты Адай болатын. Есенғали: «Ана баланы атын анықтап айтып айқайлап шақыршы», – деп қоймады. Әзіліміздің астарын түсінген Әбіш ағамыз «бәрекелді» деп алып, Қастеевтің ауылының табиғатына керемет баға беріп көсіле сөйледі. Шынында да өргі жағы ақ шаңқан таумен ұштасқан, қасындағы терең сайда буырқанып өзен ағып жатқан, ал айналасындағы жазығы кілем жапқандай көкжасыл елдімекен көз тоймастай көркем болатын. Айтайын дегенім, егер Ыбрайымжан Қожахметов болмағанда біз Әбіш ағаларымыз бастап бұл жерге келер ме едік, келмес пе едік, бір Құдайым білсін. Алпысыншы жылдары колхоз бастығы А.Удалов келіп: «Бұл жерде енді сендерге істейтін жұмыс қалмады, бәрің түгел орталыққа қарай көшіңдер», – деп дігір салыпты. Тіпті, көшкісі келмегендермен егескендей болып, аулаларын түргізіп тастауға дейін барыпты. Ал жастайынан жер қадірін біліп, шаруабасты болып өскен Ыбрайымжан онымен келіспей, алдына кіріпті. Кеуделеген колхоз бастығы көнбей, бұл ауыл сонда оншақты жыл бар мен жоқтың арасында ілдалдалап тұрған екен. Үйлері жартылай құлатылған, есік-терезелері әңкиген-сәңкиген, көшелерінің бас-аяғы түріліп тасталған ауыл ешкімге керексіз болып қала берген. Бірақ, онда түгін тартсаң май шығатын құнарлы жер, басын бұрып арна тартсаң ағылып-төгіліп келетін ен-тегін су, төрт түлік мал өсіруге қолайлы кең мол өріс бар еді. «Әттең, қолыма бір тисе», – деген ой пенделіктен емес, елі мен жерін сүйген перзенттік көңілден туған. Мен ол кісілердің атағы шыға бастаған кезде төмендеу сыныптың оқушысымын. Ауылымыз да басқа, бір ауданның екі басындамыз. Ыбырайымжан аға туралы газеттен оқимыз, аудандық радиотораптан естиміз. «1960-1980 жылдары аралығында Жаркент жерінде «Дала академиктері» атанған төрт ағамыз болды. Олардың бірі Еңбек Қызыл Ту орденді, атақты «Октябрьдің 40 жылдығы» ұжымшарының төрағасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н.Головацкий болса, екіншісі Одақ кезінде екі рет Ұлттар палатасының депутаты болған, Калинин атындағы ұжымшардың төрағасы И.Біләлов, үшіншісі “Үшарал” ұжымшарының төрағасы, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, “Октябрь революциясы” ордендерінің иегері, “Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері” Н.Сауранбаев еді. Ал төртіншісі бүгін тілге тиек етіп отырған Еңбек Қызыл Ту орденді Киров атындағы ұжымшардың төрағасы осы Ыбрайымжан Қожахметов ағамыз болатын», – деп жазды кейін аудан әкімі Ермек Келемсейіт. Бір күні: «Осы кісілер менің әкемді неге көтермелемейді?», – деген ой келді. Күнде жуатын жейдесінің арқасы ағарып тұз боп жүретін әкеме жаным ашыды. Оның үстіне үйге: «Нұрақын, айтқанымды тыңда, партияға өт, сонда болашақта еңбек ері атағына ұсынып қалуымыз мүмкін», – деп аудан басшысы өзі келіп кеткен. Қабырғада әкеміздің есепшілік оқу оқығанын айғақтайтын жалғыз құжат құсап тастары жас баланың жұдырығындай үлкен шот ілулі тұратын. Аудан басшысының сол шотқа таңырқап қарап, бір нәрсе сұрайын деп сұрамай қалғанын байқадым. Үлкен шешеміз Ләтипа: «Молда бала екі жыл Сібірде жұмыс істеп, маған бір пар бәтеңке әкеп берген», – деп отыратын. Әкемнің өзі де: «Бір вагоннан жүгіріп шығып, біз терезесінен қарап тұрған екінші вагонға жеткенше суық ауаға қақалып, құлап түсіп өліп қалған адамды көрдім», – деп бірдеңелер айтып қалатын. Ертесіне шот та өзінен өзі жоғалып кетті, әкем де партияға өткен жоқ. Бірақ бірнеше орден-медаль алғаны, Мәскеуге Халық шаруашылығы көрмесіне барғаны рас. Содан отыра қалдым да әкем туралы өлеңдетіп он парақтай мақала жаздым. Әкем звено жетекшісі, қарамағында жетпіс гектардай жер бар. Табысы қомақты, әсіресе қосымша он үшінші айлыққа сол уақыттағы бір «Жигулидің» құнына жетіңкірейтіндей ақша алады. Демек партияға өтсе, партиялық жарнаны да күреп төлеуге тиіс. Үйде сегіз баламыз, бәріміз де кейін Алматыға барып оқимыз деп құлшынып жүрміз. Әкем: «Балаларым аяққа тұрсын, адал еңбек етсем болды емес пе?», – дейді. Қарындасының қайда екенін білмей, бірге туғандардан жалғыз қалу оңай деймісіз. Газеттегі Ыбрайымжан ағаның өмірбаянымен таныссам, ол кісі де жастай жетім қалған, көрмегені жоқ. Басқалармен де салыстырып көрдім, қандай теңеулер айту керек екенін де білдім. Неғылса да әкем туралы жазған алғашқы мақалам өзіме тәуір сияқты көрінді. Екпінімді байқаған аудандық газеттің бас редакторының орынбасары Садық Жұмабай екі-үш тілшіні кабинетіне жинап, маған мақаламды дауыстап оқытқызды. Содан соң: «Жақсы жазыпсың», – деп мақтап алды да: «Бірақ өзіңнің әкең туралы екен, оны басқанымыз ыңғайсыз болады, сен одан да басқа озат еңбеккерлер туралы жаз», – деп шығарып салды. Міне, сол Садық ағамыз Ыбрайымжан Қожахметовтің Қастеев ауылын қалай қалпына келтіргені жайында былай деп жазыпты: «Шежін ауылының маңындағы жүздеген гектар тың жерді игеруге колхоз төрағасы батыл кірісті. Ең алдымен, тұрғын үй, мектеп, клуб салуды алғы жоспарға шығарды. Сонымен қатар аудандық суландыру жүйесімен келісе отырып, екі жүз метр терең сайдағы Шежін өзені суының бip бөлігін темір-бетонды арнаны қиялап салып, таңдайы кеуіп жатқан жерге шығару жұмысын қолға алуды жоспарлады. Бүгінгі тың жер – ертеңгі ағыл-тегіл алтын астық пен ет, сүт, май... 1977 жылдан бастап Шежін ауылында жаңа үлгідегі тұрғын үйлер бipiнен соң бірі сап түзеді. Бұрынғы көшелердің бәрі қоқыстан тазартылды. Ауыл қайта түлей бастады. Ал мұнда көшіп келген әрбір отбасына колхоз басқармасының шешімі бойынша 1500 сом мөлшерінде көмек көрсетілді. Бip кездегі елі кетіп, жері құлазып қалған ауыл танымастай боп қайта түледі». Оқушы кезімізден беліміз қайысып, жүгері отайтынбыз. Бірде Ыбрайымжан ағаның мектептегі Марат деген баласы колхоздың шөбін жинап жатқан жерден өз бетімен кетіп қалыпты. Ертесіне: «Қашқынды ұстап алдым», – деп баласын шабындықтың басына өзі әкеліп тұр дейді. Сондағы айтқаны мынау екен: «Бастықтың баласы колхозшының баласынан артық емес, барлық бригада мүшелері бірдей жұмыс істеуі керек». Ыбрайымжан Қожахметовтің өмірінде ондай эпизодтар аз емес. Соның өзінде үстінен домалақ арыз түсіп, үлкен жерден тексерушілер келген. Бірақ, арыз айғақталмаған, ештеңе дәлелденбеген. Аяғы Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» атты әңгімесіндегідей болып шыққан. Пошта бастығын ары тексереді, бері тексереді. Ақырында бес тиын жетпей тұрады. Тексерушілер оған мән де бермейді. Сонда да пошта бастығы бес тиынның еденнің тесігіне домалап түсіп кеткенін есіне түсіріп барып «уһ» дейді. Ыбрайымжан ағамыз да «кетем» дейді, ел «кетпе» дейді. Сол колхозды жиырма алты жыл басқарып, қаншама атаққа жетті. Біздің әкеміз де өмірден біреуге қылаудай қиянат жасамай өтті. Қазір Ыбрайымжан ағаның ортаншы баласы Тұрсын екеуміз бір қалада тұрамыз. Ол маған: «Әкелерімізді бір еске алып қойсаңшы», – деп қысыла күлімсірейді. Менің есіме алғашқы мақаламды қалай әкеме арнап жазғаным түседі. Бәріміз де әкеміз, бірақ олар қайталанбайтын әкелер. Ондай әке басқа еш жерде жоқ. «Біздің ауылдың бәйтерегіндей бәйтерек басқа еш жерде жоқ» дегендей естілсе де осы сөзімнен еш қайтқым келмейді. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы