• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2017

Павлодарда 900 мектеп оқушысы жүргізуші куәлігін алады

373 рет
көрсетілді

Павлодарда биыл оқу жылы аяқталысымен 32 мектепте 11-сыныптың 899 оқушы аттестатпен бірге жүргізуші куәлігін алып шығады. Олардың 469-ы ұл бала болса, 420-ы – қыздар. Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлады. «№1 оқу-өндірістік комбинатының материалдық-техникалық базасы толық сақталған. Жол қозғалысы ережесі бойынша сегіз кабинет, алғашқы медициналық көмек көрсететін екі кабинет жұмыс істейді. Автомобиль паркінде жеті жеңіл көлік пен төрт жүк көлігі бар. Оқыту үрдісі кезінде оқушыларға көлік құралдарын жүргізуді 12 ұстаз үйретеді. Олардың барлығы арнайы курстан өткен және куәліктері мен жоғары техникалық білімі бар. Оқу «В» санатындағы көлік құралдары жүргізушілерін дайындау бойынша технология пәні есебінен жүргізіледі. Курсты сәтті аяқтап, емтихан тапсырғаннан кейін жүргізуші куәлігі беріледі. Бұдан әрі түлектер мемлекеттік автоинспекциясында емтихан тапсырады да жүргізуші құқығына ие болады», – дейді қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Галина Шиндлярская. Статистикаға сүйенсек, соңғы бес жылдың ішінде 3000-нан астам оқушыға жүргізуші куәлігі табысталған. Мәселен, 2013 жылы 905, 2014 жылы 800, 2015 жылы 655, 2016 жылы 689 түлек көлік жүргізуді меңгерген. Бұл оларға 18 жасқа толғаннан кейін көлік құралын басқару құқығын береді. Айта кетейік, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2017 жылдан бастап елімізде оқушылар алғашқы әскери дайындық сабағында көлік жүргізіп үйренетіні туралы айтқан болатын. Мұндай жаңашылдық көшелерде баланың жарақаттану оқиғаларын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ұсынысты Қорғаныс министрлігі де мақұлдаған.