• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2017

Даудың басы дюкер болмасын...

421 рет
көрсетілді

Семей қаласын ауыз сумен қам­тып отырған су тазалау қондырғысы­ның тозғандығы жайлы проблема­ның көтерілгеніне 15 жыл болды. Су тазалау қондырғысы Ертістің түпкі жағымен өтеді. Бұл проблема осыдан  15 жыл бұрын айтылса да, өкінішке қарай, әлі сол күйі тұр. Егер тазалау қондыр­ғысы істен шығып қалса, ондағы лас дүние Ертіске құйылмақ. Ал Ертіс бір емес, бірнеше мемлекетті сумен қамтып отырған өзен. – Дюкер немесе су тазалау қондыр­ғысы гидротехникалық құрылыс, су жүргізетін құрылыстар саласына жата­тындықтан су құбыры өзен арнасын, сай­д­ы, каналды, темір жолды кесіп өткенде жер асты немесе су астымен өткізіледі. Дюкер қимасы сегіз қырлы немесе дөңгелек болады. Қазіргі уақытта су тазалау қон­дыр­ғысы Ертіс бассейніне нақты қауіп төндіріп тұр, – дейді қаладағы тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық комис­сиясы бойынша қоғамдық кеңестің жетек­шісі Николай Исаев. – Егер су таза­лау қондырғысы жарылып кетсе, Қазақ­стан мен Ресей арасында ауыз суға байланысты проблема туындайды. Бұрындары  осы дюкерді жөндеу үшін миллиондаған қаражат қажет болса, енді міне, мән бермегендіктің салдарынан жағ­дай ушығып, миллиардтаған ақша керек болып отыр. Егер қажетті қара­жатты уақтылы бөлмесек, онда сол мил­лиар­д­таған қаражатты Ертісті бүлдір­геніміз үшін айыппұл ретінде төлеуге тура келеді. Бұрындары дюкерді, яғни су тазалау қондырғысын жөндеуге қаражат жоқ деген әңгіме айтылатын. Енді оны жөндеп қажеті жоқ екендігі белгілі болды. Өйткені, мүлде тозып кеткен, жөндеуге келмейді. Шығыс Қазақ­стан облысы республикалық бюджет­ке ұсыныс жасауды ұмытып кеткен дейді Николай Исаев бұл мәселеге орай.  Күн сайын дюкерден Семей­дің оң жағалауынан сол жағалауын­дағы тазартқыш құрылғыға 17 мың текше метр су жіберіледі. 2002 жылы «ПодводСтройСервис» ЖШС-нің сүңгуірлері су тазартқыш қондырғы, құрылғылардың барлығын су астына сүңгіп тексеріп шыққан. Олардың айтуын­ша, жағдай қауіпті. Тот басып кеткен, шіріген құбырлар кез кел­ген сәтте жарылып кетуі мүмкін. Сол кезде оның ішіндегі зиянды қал­дық­тар Ертіс­ке жайылады. Сөйтіп, Ресей қала­ларымен бірге, Павлодар, Қараған­ды тұрғындарының да ішер суы лас­танады. Ал көрші елдер  айып­пұл­дарын салуы мүмкін. – Сүңгуірлердің 2002 жылғы анық­тамасынан кейін, жергілікті билік тазалау қондырғысын жөндеуге қара­жат бөлмек болды, – деді Николай Исаев. – Бірақ ақша жоқ. 2011 жылы дюкерді қайтадан зерттеуден өткізді. Су астын­дағы бейнесюжетте су құбырының сыртындағы қаптамасы бұзылып бара жатқандығы көрініп тұр. Оның үсті­не дюкерді көтеріп тұрған 300 метр­лік топырақты су қозғап, шайып кеткен. Содан ешбір тірегі жоқ дюкердің кез келген сәтте опырылып кетуі ғажап емес деген қорытынды жасалды. 2013 жылы республикалық бюджеттен бұны жөндеуге 1 млрд 292 млн теңге бөлінуі қажет екені де айтылды. Өйткені, Семейге келген басшы, министр атаулы, табиғат қорғау ұйымдары барлығы жағдайды көзбен көріп кетті. Бірақ, ақша түспеді. Ал биылғы жылы дюкерге мән беріп отырған ешкім жоқ. Айта кету керек, Семейде бір емес, екі дюкер бар. Жоғарғы дюкер аспалы көпір маңында, ал төменгі дюкер қаланың Затон аумағы бөлігінде орналасқан. Ол жерде ағын суды жіберумен қатар, тазарту қондырғыларының жұмысы да қамтылады. Жоғарғы дюкердің жағдайы қалыпты. Бірақ біз сөз етіп отырған төменгі дюкер 27 жыл бұрын салынғандықтан, қауіпті болып отыр. 1996 жылдан бері қарай сүңгуірлер оның техникалық мүмкіндігі нашарлап, тозып бара жатқандығын айтып, дабыл қағуда. Проблеманы әбден зерттеп, анықтаған соң қала басшылығы су астындағы инженерлік құрылымдар­ды жөндеу үшін бюджетке тапсырыс берген болатын. – Қала әкімдігі бұл проблеманы үнемі назарда ұстап отыр, – деді қалалық әкімдіктің ТҮКШ бөлімінің бастығы Асан Дүйсембаев. – 2015 жылы «Семейстройпроект» жобалау институтымен бірлесіп, құбырлық дюкердің жобасына түзетулер енгізіл­ді. 2016 жылы тамыз айында осы жоба мақұлданды. Сөйтіп, 2016 жылы қалалық әкімдік облыстық әкімдік­ке екі бюджеттік тапсырыс беруді сұрап жазды. Жоба 1 миллиард 292 миллион теңге тұрады. 2002 жылы дюкер­ді зерттеп қараған кезімізде, 30 метрге созылатын құрылғының астын­дағы топырақты су шайып кеткендік­тен, құбырдың салбырап кеткені байқалды.  2011 жылы тағы да сүңгуірлер сүңгіп, апатты  жағдайдың күшейіп бара жатқандығы анықталды. Инженерлік құрылымы тозған. Сүңгуірлер тіпті жыл сайын сүңгіп, анықтап тұрады десек те артық емес. – Біз қала экологтары осы проблемаға алаңдатушылық танытып отырмыз, – деді мемлекеттік экологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Оразғайша Мақанова. – Апат орын алса, Ертіс лайланады. Ертістің төменгі жағында отырған ауыл-аймақтар, қалалар, шаруа қожалықтары зардап шегуі мүмкін. Су ішуге жарамсыз болып қалғандықтан, Ертістегі балық пен су жануарларына, жәндіктеріне түгелдей қырылып қалу қаупі төніп тұр. Және Ертістен су тар­тып, пайдаланып отырған суармалы алқаптарға зияны тиеді. Тіпті, қара­пайым тілмен айтқанда, адаммен бірге мал да сусыз қалады. Ал Ұлттық экономика министрлігі­нің құрылыс және тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық жұмыс­тары коми­тетінің төрағасы Бейбіт Шаханов­тың айтуынша, 2017-2019 жылдардағы республикалық бюджетке бұл мәсе­ле жөнінде ешқандай да ұсыныс түс­пеген. Егер әкімдік осы жобаны бюд­жет­ке енгізу үшін тапсырыс берсе, бюд­жет заңнамасына сәйкес, бұл мәселе қаралмақ. Бірақ, 2017 жылдың бюд­жетіне тапсырыстар алу мерзімі аяқталып та қалса керек. Сондықтан да енді дюкер шыдасын деп күтесіздер, басқа амал жоқ, деп ренжіді қоғамдық кеңестің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комиссиясы бойынша жетекшісі Николай Исаев. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА  СЕМЕЙ