Қазақстан-Жапония ынтымақтастығына – 25 жыл
Жапония үкіметінің атынан Жапония мен Қазақстанның арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толуына орай шын жүректен құттықтаймын. Жапония мен Қазақстан 1992 жылдың 26 қаңтарында, Қазақстан Тәуелсіздік алған сәттен бір ай өткеннен кейін дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Сол уақыттан бері екі ел арасындағы достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастық көптеген тұлғалардың күш-жігерінің арқасында сәтті дамып келеді.
1991 жылдың 29 тамызында Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылып, ядролық қарудан бас тарту жөнінде шешім қабылданды. Жапония бұл әрекетті жоғары бағалады және ядролық сынақтардан зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсету, радиациялық сәулеленумен жұмыс істейтін мамандарды даярлау, медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету сынды бағдарламаларға қолдау көрсетті. Ынтымақтастық Астана құрылысының инфрақұрылымын дамыту бағытында да жалғасты. Жапония құрылыс компаниясы салған Семейдегі Ертіс өзенінің үстінен өтетін аспалы көпір екі ел арасындағы достық көпірі ретінде жергілікті халықтың мақтанышына айналды.
Мен Президент Н.Назарбаевтың Жапония мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың негізін қалағандығын баса айтқым келеді. Сол уақыттан бері екі ел арасындағы достық қатынас барынша нығая түсті және түрлі салада дамып келеді.
2011 жылдың 11 мамырында Жапонияның шығыс жағалауында алапат жер сілкінісі болған кезде Қазақстаннан Жапонияға ірі көлемде қаржы және азық-түлік түрінде жәрдем жіберілді. Жапон халқы қазақстандықтардың жылы қолдауын ешқашан ұмытпайды және шын жүректен алғысын білдіреді.
Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар белсенді түрде дамып келе жатқанын байқауға болады. 2015 жылдың қазан айында Жапония Премьер-министрі С.Абэның Орталық Азияның бес мемлекетіне жасаған сапарының қорытынды нүктесі Қазақстан болды. «Назарбаев Университетте» Премьер-министр сөз сөйлеп, алдағы уақытта Жапонияның Орталық Азияға қатысты саясатының негізгі бағыты осы өңірдің баршаға ашық, тұрақты да дербес аймақ ретінде дамуына қолдау көрсету тұрғысынан өрбитінін, Орталық Азияның әр мемлекетімен, соның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынастарды түбегейлі нығайтуға ниетті екенін жария етті. Сонымен бірге, Премьер-министр С.Абэ өнеркәсіпті әртараптандыру мақсатында жоғары білікті мамандарды даярлауға қолдау көрсету, аймақтық ынтымақтастықтың өркендеуіне бағытталған «Орталық Азия + Жапония» үнқатысу аясында аймақтық мәселелерге белсенді түрде атсалысу, әлемдік сахна төріндегі ынтымақтастықты тереңдету және т.б. бағыттар туралы сөз қозғады.
2016 жылдың 6-9 қарашасы аралығында Президент Н.Назарбаев Жапонияға төртінші рет ресми сапар жасады. Сапар барысында Президенттің Жапония Императорымен кездесуі, Премьер-министр С.Абэмен келіссөздер жүргізуі, Жапония Парламентінде ТМД аумағы елдері қатарынан алғашқы мемлекет басшысы ретінде сөз сөйлеуі, іскер топтар басшыларымен кездесуі, Токай университетіне баруы сынды мағынасы зор іс-шаралар ұйымдастырылды. Екі ел басшыларының арасында «Азияның өсіп-өркендеу ғасырындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы» бірлескен мәлімдемеге, сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер мен компаниялар арасында көптеген құжаттарға қол қойылып, құжат алмасу рәсімдері өткізілді. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Хиросима қаласына сапар шегіп, ядролық қарусыз әлем құру жолындағы берік ұстанымын бүкіл әлемге паш етті.
Жалпы алғанда, Президент Н.Назарбаевтың Жапонияға жасаған сапары мемлекеттеріміздің екіжақты қарым-қатынастарының өркендеуіне үлкен серпіліс берді. Қос мемлекет басшыларының бір жыл ішінде жасаған ресми сапарларының осылай сәтті жүзеге асуы Жапония мен Қазақстанның екіжақты дипломатиялық байланыстары тарихындағы маңызды оқиға болып саналады.
Осы орайда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Орталық Азия аймағынан алғаш рет сайланған Қазақстан үшін және өткен жылдан бері тұрақты емес мүше болып жұмыс істеп келген Жапония үшін 2017 жыл БҰҰ алаңында өзара әрекеттестікті тереңдетуге мүмкіндік беретін мәнді жылға айналмақ. Жапония мен Қазақстанның сыртқы саясатының көптеген тармақтары бір-біріне сәйкес келеді және бұдан былай да екі ел БҰҰ аясында әлемдік мәселелердің шешімін табуға атсалысып, халықаралық қоғамдастықтың тыныштығы мен өркендеуі бағытында бірігіп қызмет атқарады.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбына Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді. Көрме кезіндегі Жапония павильонының тақырыбы – «Smart Mix with Technology: Болашақ қуаты үшін Жапонияның тәжірибесі мен тегеуріні». Павильон Жапонияның қауіпсіз және қоршаған ортаға қамқор болатын түрлі энергия көздерінің қолданысын жүзеге асыруға бағытталған талпыныстары мен ең заманауи технологияларын таныстырады. ЭКСПО көрмесі Жапония мен Қазақстан арасында жаңа бизнес-мүмкіндіктерге жол ашып, Жапония азаматтарының көрмеге келуі арқылы өзара қарым-қатынастарды да одан әрі тереңдете түседі деп үміттенемін.
Жапония мен Қазақстанның экономикалық қарым-қатынастары бірін-бірі өзара толықтырып отыр. Қазақстан табиғи қазба байлықтары мен адам ресурстарына бай, ал Жапонияның заманауи технологиялар мен өндірістік ноу-хау арқылы Қазақстанның өнеркәсіпті әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту сынды мұқтаждықтарына жауап беруге мүмкіншілігі бар. Екі елдің қуатты тұстарын бірлестіру арқылы қоршаған ортаны қорғау, энергияны үнемдеу, көлік-логистиканы дамыту, пайдалы қазбаларды барлау секілді салаларда экономикалық ынтымақтастық мүмкіндіктері мол. Президент Н.Назарбаевтың Жапонияға жасаған ресми сапары барысында экономикадағы әртүрлі мәселелерге қатысты пікір алмасулар өткен болатын. Соларды нәтижелі ілгерілету арқылы екі мемлекеттің әлеуетіне сәйкес қарым-қатынас құруға күш-жігерімізді салу маңызды болып табылады.
Мәдени алмасулар да жылдан-жылға нығайып келеді. Өткен жылы икебана шеберлік-сыныптары, дзюдо және кэндо спорт түрлері бойынша демонстрациялар, Жапонияның мәдениеті күні сынды іс-шараларда көптеген қонақтарды қабылдадық. «Астана Балет» театрының Жапонияға жасаған алғашқы гастрольдік сапары, жапон тұтқыны Ахико Тецуроның тағдырын негізге алған тарихи драманың қойылымы Қазақстан мен Жапонияның мәдениет пен өнер саласындағы байланысын бір сатыға жоғарылатты. Тарих, археология, медицина, атом энергетикасы, ғарыш сынды кең ауқымды салаларда ғылыми алмасулар өркендеп жатыр. Жапония елшілігі еліміздің таңғажайып тұстарын белсенді түрде таныстыру арқылы Қазақстан халқының Жапония туралы тереңірек білуіне мақсатты түрде жағдай жасап отыр.
Премьер-министр С.Абэ Президент Н.Назарбаевтың Жапонияға ресми сапары барысындағы бірлескен баспасөз мәслихатында: «Біздің ұқсастықтарымыз сыртқы келбетте ғана емес, елдің тарихы мен дәстүрлеріне деген сүйіспеншілік, үлкендерге құрмет көрсету, қонақжайлық, бейбітшілік пен үйлесімділікті қадірлеу сынды көптеген ортақ қасиеттеріміз бар», – деп атап өткен еді. Мен де елші ретінде екі елдің халықтарына ортақ қасиеттердің мол екендігін сезіндім. Ортақ құндылықтарымызға сүйене отырып, өзгешеліктерді еңсеру арқылы өзара түсіністікті тереңдеткен жағдайда екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас тиімді бағытта дами береді деп кәміл сенемін.
Қазақта «Бір көрген – біліс, екі көрген – таныс, үш көрген – туыс» деген нақыл сөз бар. Келесі ширек ғасырда достық қарым-қатынасымызды тереңдетіп, туыстық дәрежеге дейін жетіп, қос елдің байланыстарын кеңінен өркендетуге үлесімізді қосайық!
Ичиро КАВАБАТА,
Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі