• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2017

Өзін өзі басқарудың тиімді жолдары қандай?

460 рет
көрсетілді

Кеше Мәжілісте палата Төрағасының орынбасарлары Владимир Божко мен Гүлмира Исімбаеваның қатысуымен жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту және азаматтардың оған қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел болып өтті. Шараны Экономикалық реформа және  өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов ашып, жүргізіп отырды. Бұдан бұрын, Мәжілістің жалпы отырысында, Мемлекет басшысының Ұлт жоспарындағы 97 және 98-қадамдарды іске асы­ру мақсатымен  ауылдық әкімдік­терге бюджет енгізу мәселесі туралы заң жобасы бірінші оқы­лымда мақұлданғанын айтқан болатынбыз. Еске сала кетсек, оған сәйкес 2500-дей ауылдық, кенттік әкімдіктерде бюджет ашылып, оларға кейбір салықтар мен айыппұлдардан және коммуналдық меншіктерді сатудан түсетін 110 млрд теңгедей қаражат құйылмақ. Заң жобасын талқылау барысында ауылдық әкімдіктердің қаражатты дұрыс игеру, заңға сәйкес мақсатты жұм­сау істеріне көптеген күмән­дар келтіріліп, олардың сыбайлас жемқорлыққа жол беруі мүм­кін делінген күдіктер де айтыл­ған. Мәжіліс Төрағасы Н.Нығ­ма­тулин Ұлттық эконо­мика министріне арнаған қоры­тын­ды сөзінде әкімдерді қаражат иге­ру жұмысына үйрету тек семи­нар-кеңестермен ғана шектелмей, ар­наулы курстарда оқыту керек­тігін де айтқан болатын. Кешегі дөңгелек үстелде негі­зінен осы бағыттағы жұмыстар сөз етілді. Баяндама жасаған Ұлт­тық экономика вице-министрі Ай­батыр Жұмағұлов ауыл әкім­дерінің бюджетті игеруге дайындығы туралы сөйледі. Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылы «Зерде» оқыту орталығының базасында 1381 ауыл әкімі арнаулы курстан өтіпті. Бұл – барлық әкімдердің 56 пайызы. Сонымен қатар, Мемлекеттік басқару академиясы аймақтық оқыту орталықтарымен бірлесе отырып, ауыл әкімдері мен оның аппаратының қызметкерлері үшін өзін-өзі басқарудың құқықтық негіздері, бюджетті жоспарлау мен әзірлеу, қорғау мен орындау тәртібі, бухгалтерлік есепті жүргізудің ерекшеліктері туралы семинарлар ұйымдастырған.  «Әкімдер мен аппарат басшыларын оқыту үшін жаңа мақсатты бағдарлама іске қосылды. Ұлттық экономика министрлігі әкімдерді 4-ші деңгейлі бюджетпен жұмыс істеуге дайындау үшін жалпы үйлестіру жұмыстарын жүргізбек», – деді А.Жұмағұлов. Сонымен бірге, арнаулы дайындықтан өткен 36 оқытушы 14 аймақтық оқыту базаларында әкімдер мен аппарат қызметкерлеріне ұстаздық  жасайды екен. Оқу мерзімі аяқ­талған соң әкімдер мен қыз­мет­керлер тест тапсыратын көрінеді. Баяндама аяқталған соң А.Жұ­ма­ғұловқа көптеген сұрақ­тар қойылды және қосымша ұсы­ныстар жасалды. Депутаттар­дың бұл іске белсенді түрде аралас­қан­дығы мемлекеттік мүддеге жа­нашырлық екендігі көрініп тұрды. Дөңгелек үстелге еліміздің аймақтарынан келген ауылдық округтердің әкімдері де қатысып, өздерінің ойларын ортаға салды. Олар өздерінің сөздерінде бюд­жеттің енгізілгенін негізі­н­ен құптады. Ал оны игеру мен мақсатты жұмсауда сонша­лықты тығырыққа тіреле­тіндей мәселенің жоқтығы көл­де­нең тартылды. Өйткені, көп­тен істеген әкімдер қаржы бөлін­­ген жағдайда бюджетті қалай жұм­сауды баяғыда-ақ жоспарлап қой­ғандарын айтты. Дөңгелек үстелге Қаржы, Ақпарат және ком­му­никациялар, Әділет, Ден­саулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктері мен Мем­лекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Ұлттық компания­лардың өкілдері қатысты. Дөң­гелек үстел қорытындысы бойын­ша Үкіметке ұсыныстар әзір­ленетін болды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»