• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2017

Сенатор Д.НАЗАРБАЕВА: «Сирия мәселесінде сең қозғалды»

288 рет
көрсетілді

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған осы комитеттің мүшелері Қазақстанның 2014-2020 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасын іске асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Д.Назарбаева геосаясат және әлемдік дипломатия­да Астана процесі ретінде тарих­қа енген Сириядағы жағдай­ды реттеу жөніндегі келіссөз­дердің аяқталуымен Сыртқы істер министрлігінің ұжымын құттықтады. «Бұл Елбасы­мыздың саяси күш-жігері мен біздің еліміз дипломаттарының қажырлы қызметінің арқасында мүмкін болды. Осынау аса маңызды әрі нәтижелі жұмыс үшін комитеттің атынан алғыс айтамын. Жедел нәтижені ешкім күтіп отырған жоқ, дегенмен, ең бастысы, Сирия мәселесіндегі сең қозғалды, енді оның оң бағытта ғана дамитынына сенім артамыз», – деді сенатор. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов сыртқы саяси қызметтің қағидаттары мен қадамдары, мақсаттары мен міндеттері және басымдықтары жөніндегі негізгі мәселелер көрініс тапқан Сыртқы саясат тұжырымдамасымен сенаторларды егжей-тегжейлі таныс­тырды. 2017-2018 жылдарға Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі лауазымындағы Қазақ­станның жұмысындағы басым­дық­тарға ерекше назар аударылды. Д.Назарбаева БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесіндегі қазақстандық дипломаттардың жұмысын республикалық электронды бұқаралық ақпарат құралдары мен басылымдарда жария етуді ұлғайту қажеттігіне назар аударып, алға қойылған мін­дет­терге қол жеткізуде елшілер қауы­мына тілектестігін жеткізді. Кездесу барысында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мү­шелігі барысында Сыртқы істер министрлігі мен Парла­менттің өзара байланысы; Қазақ­станның шет елдегі диплома­тиялық өкілдіктерінің іс-қимылы; елімізге инвестициялар мен жаңа технологияларды тар­тудағы Қазақстанның сыртқы сая­сатын ілгерілету; Сырт­қы істер министрлігі қыз­мет­кер­лерінің әлеуметтік сала­дағы өзекті мәселелері талқы­ланды. Сенаторлар Нұртай Әбіқаев, Икрам Адырбеков, Мұхтар Алтынбаев, Серік Жақсыбеков және Георгий Ким еліміздің сыртқы саясат мекемесінің жұмысын жетілдіру жөніндегі өз ұсыныстарын ортаға салды.