• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2017

Халық мүддесін көздеген тарихи қадам

317 рет
көрсетілді

Елбасының мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу бойынша жасаған Үндеуіне орай, кеше елордада «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысы өтті. Елбасы жариялаған Үндеуді елі­міздегі барша қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, мемлекеттік емес ұйымдар, азаматтық қоғам мүшелері үлкен тарихи оқиға ретінде қабылдап, өз көзқарастарын білдіріп жатқаны белгілі. Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысына еліміздегі жетекші саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің басшылары қатысты. Кездесуді жүргізген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған саяси жүйенің мемлекеттілікті нығайтуға, билік тармақтары қызметінің тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруға ба­ғыт­талғанын атап өтті. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары: – Жалпыұлттық коалиция аса ірі сая­си оқиғаға орай бас қосып, өз пікірін білдіретін дәстүр бойынша бүгін де жиналып отыр. Елбасы ұсынған жа­ңа бағыт мемлекетімізді одан әрі ны­ғай­туға және биліктің барлық тармақтарын одан әрі күшейтуге арналған. Күшті президенттік билікті сақтай отырып жүргізілетін мұндай реформа еліміздегі саяси тұрақтылық пен одан әрі өсіп-өркендеуіміздің берік кепілі болады деп нық сенемін, – деді. М.Құл-Мұхаммед еліміздегі саяси реформалар Елбасының көрегендігінің арқасында осыдан бірнеше жыл бұрын басталғанына да тоқталды. – Мәселен, Мемлекет басшысы 2005 жылы халыққа «Қазақстан эко­номикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауын арнады. Атының өзі айтып тұрғандай, еліміздегі алдымен экономикалық, кейін әлеуметтік жаңғыру жұмыстары осыдан 12 жыл бұрын басталды. Енді кезек нақты саяси реформаларға да келді, – деді спикер. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың айтуынша, партия төралқасының арнайы отырысы өтіп, Елбасы Үндеуінде айтылған бағыттар бойынша орталық органы мен филиалдарында талқылаулар өткізу жөн деп шешіліпті. – Демократияландыруды жал­ғас­тыру, Парламенттің өкілеттігін кеңейту, мемлекеттік органдардың халық пен қоғам алдындағы есептілігін қамтамасыз ету – біздің партияның жарғысында көрініс тапқан басты қағидаттардың бірі. Сол себепті, біз бұл Үндеуді үлкен үмітпен және сеніммен қабылдадық. Елбасы қоғам алдына уақыт талаптарына сай жаңа міндеттер қойып отыр. Үндеуде айтылғандай, біз үшін саяси партиялардың рөлін күшейту мәселесі өте маңызды. Егер Үкімет құрылымы мен құрамы сайлау­да жеңген партияның артықшылығы бойынша жасақталатын болса, бұл – барлық партиялар үшін биліктің өкілетті органдарында ғана емес, басқа органдарында да болуға деген үлкен мүмкіндік, – деп атап өтті А.Перуашев. «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаевтың пікірінше, Үкіметке қатысты атқарушы органдар елімізді дамытудағы, экономикалық әлеуетін арттырудағы басты жауапты орган болуы тиіс. Парламенттің де жауапкершілігі артуға тиіс. – Мұның барлығы халық мүддесі үшін, еліміздің болашақ дамуы үшін қолға алынып отыр. Ол Бес институттық реформаға сәйкес келеді. Сол себепті, «Ауыл» партиясы басқа әріптестері сияқты жергілікті филиалдарында, бастауыш партия ұйымдарында оны терең талқылайтын болады. Халық тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер жинақталады. Біз соған ұйытқы болуымыз керек, баршаңызды соған шақырамын, – деді Ә.Бектаев. Жалпы, осы жиынға қатысқан «Ақ жол», «Ауыл» партияларының, Қазақ­стан Коммунистік халық партиясының жетекшілері Үндеуде көзделген сая­си реформалардың  көңілдерінен шы­ға­тынын, оны қолдайтындарын айтты. Олар, сондай-ақ,  Президенттің конс­титуциялық реформасын халық арасында жан-жақты түсіндіруге, талқылауға да­йын екендіктерін жеткізді. Партия жетекшілерінің айтуынша, Парламент сайлауында оларды қолдаған дауыс берушілер Елбасы Үндеуін талқылауға атсалысып, өздерінің түрлі өтініштерін жолдауға тиіс. Партиялардың әрқай­сысы өздеріне келіп түскен өтініштердің барлығын жүйелеп, Мемлекет басшысы жанындағы Жұмыс тобына ұсы­натын болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Мемлекет басшысының өзекті әрі дер уақытында жарияланған Үндеуін қолдайды. Ассамблея атынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Юрий Тимощенко осылай деді. – Қазақстандық этностарға Пар­ламент Мәжілісінде депутат ретінде өкілеттіліктерін ұсынуға кепілді мүм­кіндік жасалды. Бұл орайда, Мемлекет басшысының Парламенттің өкілеттігін күшейту, Үкіметтің жауапкершілігін арттыру туралы бастамасы Қазақстанда тұрақтылық пен бейбітшілікті қам­та­масыз етуге қосымша күш береді. Өзімнің және Қазақстан халқы Ассам­блеясына мүше әріптестерімнің атынан, еліміздегі барлық этномәдени бір­лес­тіктердің атынан Мемлекет басшы­сының Үндеуінде айтылған консти­туциялық рефоманы халық арасында түсіндіруге әзір екенімізді айтқым келеді, – деді Мәжіліс депутаты. Алқалы жиынға Коалиция құра­мын­дағы саяси партиялар жетекшілерімен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жалпыұлттық қозғалыстың президенті Оралбай Әбді­кәрімов, Қазақстан Азаматтық альян­сының президенті Нұрлан Ерімбетов, Халық Қаһарманы, Қарулы Күштер ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төр­ағасы Бақытжан Ертаев, Ұлттық инженерия академиясының президенті Бақыт­жан Жұмағұлов, Ұлттық акаде­мияның президенті Мұрат Жұрынов, «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасының тө­р­ағасы Абылай Мырзахметов қатыс­ты. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммед айтып өткендей, Елбасы Үндеуін бір ай көлемінде талқылау көзделген. Әр­бір қоғамдық ұйым, саяси партиялар, үкі­меттік емес ұйымдар түрлі шара­лар өткі­зіп, сонда жинақталған ұсы­ныс­тар­ды тиісті Жұмыс тобына тапсыра алады. Жиын соңында Коалиция Елбасы ұсынған мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жөніндегі жоспарға қолдау білдіріп, барлық қазақстандықтарды оны талқылауға шақырды. Ол «Қа­зақстан-2050» демократиялық күш­тердің жалпыұлттық коалициясының ел халқына жасаған қорытынды үн­деуінде көрініс тапты. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»