• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2017

Бір ғасыр сақталған шелек

657 рет
көрсетілді

Өскемендік Елқанат Тұрым­тайұлы үйдің сүт кенжесі. Қара­шаңырақты ұстап отырған бұл әулетте атадан балаға жалға­сып келе жатқан көне жәдігерлер бар. Мәселен, бие сауатын ағаш шелекті алайық. Бұл бұйым ақ теректен шабылып жасалған екен. Бір ғасырдан асса да қаншама құдайы қонақты қымызға қан­дырған шелектің әлі кетеуі кетпеген. Әлі де пайдалануға болатындай бүтін, тіпті беріктігі арта түскендей берекелі ыдыс. – Бұл шелек біздің ұлы әжеміздің жасауымен бірге келген екен. Моңғолияның Баян-Өлгей айма­ғындағы Қызылқайың деген жерде тұрған Бауша есімді әжеміз ауылдасы Нориұлы Мүсірбайға тұрмысқа шығады. Мүсірбай кедей болса, Бауша анамыз дәулетті кісінің қызы екен. Әкесі Сіргетай ұста адам болса керек, қызының жасауын өзі жасап, киіз үйімен бірге, яғни отауымен ұзатыпты. 13 құрсақ көтерген әжеміздің сегізінші баласы болып біздің әкеміз дүниеге келген. ХХ ғасырдың басында ұзатылған Бауша әжеміз ұзақ жасап, жет­пісінші жылдары дүниеден өтті. Бүгінде немере-шөберелері ұлы әжеміздің дүние-мүлкін қастерлеп, көздің қарашығындай сақтап келеді, –  деді Елқанат. Айтуынша, бабадан қалған көне мұраның арасында бие сауатын шелектен басқа ет табақ, келі-келісап, қазан-ошақ, күмістелген жүген және тұскиіз сияқты 15-ке жуық тұрмыстық дүниелер бар. Біршамасы басқа ағайындардың үйінде сақтаулы. 1997 жылы атамекенге көшіп келген Елқанат қарашаңырақта сондай-ақ, атақты Ер Жәнібектің қымыз ішкен кесесі мен қылышының қыны болғанын, әкесі бұл заттарды батырдың 300 жылдық мерейтойы кезінде Астанадағы музейге сыйлағанын айтты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН