Облыс орталығынан шалғайда, Ресеймен шекарада жатқан Қарабалық ауданының жұртшылығы, «Балалық шақ» фильмінің тезірек экранға шығуын күтіп жүр. Онда басты кейіпкер Самалдың бейнесін Қарабалық кентіндегі №3 қазақ орта мектебінің 4-сынып оқушысы, 9 жасар Карина Жолдыбек сомдады.
Өткен жылы Каринаның ата-анасы интернеттен балалар фильміне кастинг болатыны жөнінде хабарлама оқып, режиссер Дәулет Есжановқа хабарласады. Өйткені, Каринаның анасы Индира қызының өнерге өте қабілетті екенін кішкентай кезінен байқайтын.
– Карина 1-2 сыныптарды оқыған Қостанай қаласындағы №5 «А» гимназиясында музыка мен театр ісінен сабақ берген ұстазы Бағдат Оспанов шәкіртінің бойынан өнер ұшқынын байқайды. Байқайды да, ұштайды. Карина мәнерлеп оқудан байқауда 16 мектептен қатысқан оқушылар арасында бас жүлдені жеңіп алған еді. Одан кейін театр өнерінің «әліппесін» де сол кісі танытты, – дейді Индира Арбабаева.
Астанада өткен мамандардың фильмге іріктеуіне кіп- кішкентай қара қыз имене кірген. Оған «Әкең ауырып қалса қалай көмек берер едің?» және «Сыныптастарыңмен орманда саяхаттап жүріп, адасып кетсең не істер едің?» деген екі тапсырма беріледі. Каринаны іріктеу комиссиясына әкесі ертіп әкелген болатын.
Алғашқы тапсырма берілгенде қысылыңқырап әрі «ауырған» әкесіне көзі боталап, балалық мейірімімен қараған қыздың бейнесі шынайылығымен тартымды болып еді. Комиссия мүшелері бала қысылмасын деп оның әкесінің шығып кетуін өтінеді. Екінші тапсырманы орындағанда Карина «орманда адасқан кез келген бала қорқады, сосын жылайды» деп ойлады. Достарын шақырып, «қорыққанынан» айқайлап жылаған Карина комиссия мүшелерін образға соншалықты сендіре білді.
Осы фильмге түсу үшін 600 бала бағын сынаған екен. Солардың арасынан Карина театр өнерінен хабары барлығын, кейіпкер бейнесіне кіре білетіндігін, сахна тілімен сөйлеп, қажет кезінде жылай алатындығын да көрсетеді. Екі күннен кейін іріктеу қорытындысы шығып, комиссия мүшелері Каринаны таңдайды. Сол жазда ол «Балалық шақ» фильміне түсіп те үлгереді. Фильм режиссері Дәулет Есжанов көрермендерге «Тастанды», «Өмiр жолы», «Жүрегіңді бір тыңдашы», басқа да фильмдерімен танымал.
– Балалар фильмінің түсірілімі оңай болмайтынын шамалаймыз. Түсіру тобына әр дубльді 6-7 рет қайталауға тура келеді. Олар ыстық күнде түсіру алаңында 10 сағаттан жұмыс істеді. Жанында біз де болған жоқпыз. Бауырымыздан шықпаған балаға жеңіл болған жоқ, бірақ режиссердің, түсіру тобының ойынан шығып келді, – дейді анасы Индира.
«Балалық шақ» фильмі таяуда отандық телеарналардан көрсетіледі. – Менен сыныптастарым Самал туралы сұрайды. Мен оларға «әзірше құпия, фильмнің өзін көріңдер, сонда қызық болады» деп айтамын, – дейді Карина. Кішкентай актрисаның осындай шығармашылық ұстанымы да бар.
Ал фильмнің режиссері Дәулет Есжанов Каринаны алдағы уақытта түсірілетін фильмдеріндегі лайықты рөлдерге шақыратынын да айтып отыр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Қарабалық ауданы