• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2017

Алаш арыстары ұлықталды

980 рет
көрсетілді

Биыл ұлтымыздың біртуар тұлғалары негізін салған, милләтінің мүддесі үшін «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай», сол жолда әзиз жандарын құрбан етсе де, «Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол күнді көретін ұрпақ сендерді еске алатын болады. Бізді ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады!» деп болашаққа үмітпен көз тіккен «Алаш» қозғалысы мен Алаш Орда автономиялы үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Еліміз үшін маңызы айрықша датаны лайықты деңгейде атап өту мақсатында Шығыс Қазақстанда бірқатар рухахи-мәдени іс-шаралар легі басталып та кетті. Осындай тағылымы мол шараның бірі ретінде Өскемендегі Пушкин атындағы облыстық кітапханада ашылған «Алаш» қозғалысына – 100 жыл» атты көрмені айтуға болады. – Бұл көрмеге екі ай бойы әзірлендік. Кітапханадағы Алаш тарихына қатысты дүниелердің барлығын сүзгіден өткіздік. Арнайы тапсырыс беріп, Алаш арыстарының портреттерін жасаттық. Мұның бәрі жұрт алаш қайраткерлері туралы біліп жүрсе, ең болмаса, суреттерін көріп, көкейлеріне түйсе деген игі ойдан туындаған еді, –дейді кітапхананың өлкетану секторының жетекшісі Зиза Мұхтарханова. Арнайы стендтерге топтастырылған мұрағаттық құжаттарды Өскемендегі облыс­­тық мұрағат ұсыныпты. Кітапхана қыз­меткерлері бұл көрменің жыл соңына дейін жалғасатынын айтады. Әсем Өмірбекқызы, студент: – Көрмеден ерекше әсер алдым. Алаш арыстары туралы біздің білмейтініміз көп екен. Қазақтан шыққан тұңғыш магистр Жақып Ақпаев жайында алғаш рет естіп отырмын. Ол кісінің Семейді Алаш Орданың астанасы ретінде ұсынғанын жұрттың көбі біле бермейді деп ойлаймын. «Алаш» бағдарламасын әзірлеуге атсалысқан Барлыбек Сыртанов туралы, ол кісіге Әлихан Бөкейхановтың 1911 жылы қазақтардың Конституциясын жазуды тапсырғаны секілді тың деректер көрмеде мол екен. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН Суреттерді түсірген автор