Кеше Сенат басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда аса маңызды заң жобалары қаралды.
Күн тәртібіне сәйкес Сот-сараптама қызметі туралы және оған ілеспе заң жобасы алдымен қаралды. Заң жобалары бойынша баяндаманы Әділет министрі Марат Бекетаев жасады. Заң жобаларында мынадай тұжырымдамалық ережелер қарастырылған екен: 1. Сот-медициналық, сот-наркологиялық және сот-психиатриялық сараптамаларды жүргізу функцияларын бір мемлекеттік органға заң аясында орталықтандыру. Осы саладағы мемлекеттік бақылауды Әділет министрлігі жүзеге асырады. 2. Заң жобаларымен жеке сот сарапшылары институтын дамыту арқылы бәсекелес ортаны кеңейту ұсынылады. Осы мақсатпен заң жобасы сот сарапшылары палатасын құру және оның құзыретін белгілейді. 3. Сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік материалдарды әзірлеу көзделген. 4. Сот-сараптама қызметімен айналысуға лицензияның қолданысын тоқтату және айыру туралы ұсыныстар Әділет министрлігіне енгізіледі. 5. Сот сарапшысының өз міндетіне адалдығы бақыланады. 6. Сот-сараптама қызметін кадрлық және материалдық базалармен нығайту, сондай-ақ сарапшылардың ғылыми әлеуетін нығайту үшін құқықтық жағдайларды жасау көзделген және т.б.
Баяндама аяқталған соң бірнеше сенатор өздеріне түсініксіз жайларды анықтау мақсатымен сұрақтар қойды. Соның ішінде сенатор Асқар Бейсенбаев сот-сараптама органдарының біліктілігі мен кәсіби дайындығы сараптаманың сапалы болуына тікелей әсер етеді дей келіп, сарапшылардың біліктілігін арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізіледі және кәсіби біліктіліктерін арттыру үшін заң жобасында қандай нормалар көзделген деп сұрады. Оған министр сот-сараптама органдарын кадрлық нығайтуды қамтамасыз ету бағытында Әділет министрлігі біршама шаралар жасап отырғанын айтты. Мысалы, деді ол, былтыр бір жылда 26 сарапшы шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтті. Олар өз тәжірибелері мен білімдерін басқаларға да үйретуде. Сенатор Серік Бектұрғанов сараптаманың шынайылығына күдік туса, құрылған комиссияның қатысуымен кешенді түрде жүргізетін жаңа сараптамаға салынады, дей келіп, судья сол сараптардың қайсысын негізге алу керектігін сұрады. Оған министр соңынан жасалған кешенді сараптың басымды болатынын жеткізді.
Осындай талқылаулардан кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын жүргізген сенатор Людмила Полторабатько оны екінші оқылымда да қарауды ұсынып, шағын үзілістен кейін заң жобасы екінші оқылымда да қаралып, заң қабылданды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Жайылымдар туралы» заң жобасы болды. Депутаттардың бастамашылдығымен әзірленген бұл заң жобасы Сенатта желтоқсан айының соңында бірінші оқылымда мақұлданып, көптеген дүдамал жайттар ашылып, оны екінші оқылымға мұқият әзірлеу керектігі жөнінде ұсыныстар айтылған еді. Енді, міне, сенаторлар аймақтарға барып, жергілікті халықпен оны талқылағаннан кейін, екінші оқылымға шығарылып отыр.
Заң жобасы туралы баяндаманы сенатор Серік Біләлов жасады. Ол сенаторлардың ұзақ талқысынан кейін оған мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айтты: республикалық маңызы бар қалалар және Астана мен Алматы қалаларының шегіндегі жерлерден жайылымдарды пайдалану жөніндегі нормаларды алып тастау; заң жобасын «аридтік жайылымдар», «жайылымдарды суландыру», «жайылымдардың жем-шөп мөлшері» ұғымдарына қатысты нормалармен толықтыру; жайылымдардағы су көздерінің тізбесін нақтылау; бір облыстың аумағындағы жайылымдарды басқа облыстардың пайдалануына беру бойынша нормаларды Жер кодексінің нормаларына сәйкестендіру және жайылымдарды алып қою нормаларын нақтылау.
Баяндама аяқталған соң сенатор Рашит Ахметов қазір Қазақстандағы малдың 80 пайызы жекеменшік қосалқы шаруашылықтарда екенін айта келіп, отырысқа қатысып отырған Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Г.Исаевадан осы саланы реттейтін заңның қашан дайындалатынын сұрады. Егер бұл заң болмаса «Жайылымдар туралы» Заңның да тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік болмайды, деді сенатор. Вице-министр 2007 жылы мұндай заң әзірленгенімен оны Мәжіліс кейін қайтарғанын айта келіп, енді ол заңнама әзірлеу жоспарына 2018 жылы ғана енгізілетінін айтты.
Заң жобасын енгізілген түзетулерімен Мәжіліске жіберу туралы шешім қабылданар алдында оны әзірлеуге қатысқандар арасынан сенатор Дулат Құсдәулетов мұндай шешімге өзінің қарсы екенін білдірген пікірлерін ортаға салды. Оның ойынша «аридтік жайылымдар» деген түсінікті заң жобасына енгізудің жөні жоқ. Өйткені, ол ешқандай нормативтік-құқықтық негізге сүйенбеген. Барлық құқылық құжаттарда «аридтік аймақтар», «шөл және шөлейт жерлер» деген ұғымдар ғана қолданылады. Сондықтан «аридтік жайылымдар» деп заңды нақтылаудың қажеттілігі жоқ. Сенатор осы және басқа да түзетулер мен толықтыруларды енгізу негізсіз екенін атады.
Оған қарсы пікірді сенатор Қуаныш Айтаханов айтып, ұсынылған түзетулер мен толықтырулардың негізді екенін дәлелдеуге тырысты. Ол заң жобасының салалық ғылыми институттардың ғалымдарымен де талқыланғанын ортаға салды. Республиканың 14 облысының 11-індегі жайылымдар аридтік, яғни қуаң, шөл және шөлейт жерлердегі жайылымдар екен. Сондай өте ұланғайыр алқаптың, маңызды жайылымдардың мәселесін заңға енгізбей, көзге ілмеу қисынсыз екенін айтты шешен. Сонымен қатар, ол заң жобасына суландыру мәселесін енгізудің де маңызды екенін жеткізді. Жер кодексінде ондай ұғым жоқ, онда тек «суландырылған» деген ұғым бар. Ал біз «суландыру» деген ұғым енгізіп отырмыз, бұл келешекте суландыратын деген ұғым, деді сенатор.
Осындай қызу талқылаулардан кейін, салыстырмалы кесте қаралған соң, «Жайылымдар туралы» және оған ілеспе заң жобаларын енгізілген түзетулерімен Мәжіліске қайтару туралы көпшілік дауыспен шешім қабылданды. Сенаторлар енгізілген түзетулерді бірауыздан емес, тек көпшілік дауыстармен ғана қабылдап отырды. Осының өзі Сенат жұмысына деген қызығушылықты тудырды.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң, бірнеше сенатор орталық билік органдарына өздерінің депутаттық сауалдарын жариялады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»